Дәуірмен тең 25 жыл
15 қараша – Ұлттық валюта күні және еліміздегі қаржыгерлер қауымының кәсіби мерекесі екені белгілі. Биыл осы атаулы мерекелер егемендіктің ширек ғасырлық тойының аясында атап өтілді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордадағы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» деген тақырыппен өткен конференцияға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент депутаттары, танымал экономист ғалымдар, қаржыгерлер қатысқан болатын. Жиын басында сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ұлттық валютамыздың ел тағдырында алатын маңызды орны туралы баяндап, оның Тәуелсіздіктің басты символдарының бірі екеніне тоқталды. – Мемлекеттік туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – Мемлекеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валютасы теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті қарапайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең еді. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ал төл теңгеміз Тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дәлелдеді, – деді Мемлекеттік хатшы. Гүлшара Әбдіқалықова биылғы жылы Ұлттық валюта күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында аталып өтіліп жатқанына, осы аз ғана уақыт ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен еліміз тұтас дәуірмен тең жолды бағындырғанына назар аударды. Ширек ғасыр ішінде елімізде жаһандық нарықтың маңызды бөлігіне айналған заманауи экономика қалыптасты. Қазақстан әлемдік қауымдастықтағы маңызды әріптеске айналып, соның арқасында елімізге аса зор көлемде шетелдік инвестициялар тартылды. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, экономиканы әртараптандыру, ғылыми-техникалық әлеуеттің артуы жаһандық тұрақсыздық кезеңінде мызғымайтын берік қор қалыптастыруға жол ашты. Гүлшара Әбдіқалықова атап көрсеткендей, бүгінгі таңда еліміз әлемнің 30 озық елінің қатарына қосылуға сенімді қадам басып, «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында бұрын-соңды болмаған ауқымды институттық реформалар жүзеге асырылуда, ал Мемлекет басшысының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы идеясы әлеуметтік дамудың негізіне айналды. Мемлекеттік хатшы ширек ғасыр ішінде елімізде қолға алынған реформалар мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын қамтығанын тілге тиек етті. – Осы уақыт ішінде ел халқының әлеуметтік тұрмыс стандарты айтарлықтай өсті. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан халықаралық қатынастардың беделді қатысушысына айналды. Еліміздің бастамалары әлемдік қауымдастық тарапынан кеңінен қолдау тауып келеді. Мемлекет басшысының «Бейбітшілік. XI ғасыр» манифесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ядролық қарусыздану мен соғысқа қарсы қозғалыстағы көшбасшылық тұлғасын айқындайды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануы еліміздің жоғары беделінің және елімізге көрсетіліп отырған зор сенімнің белгісі болып табылады, – деп атап өтті ол. Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Н.Назарбаевтың жалпыұлттық бірлік пен келісім үлгісі Қазақстанның жарқын жетістіктерінің шешуші факторы болғанын, оған Қазақстан халқы Ассамблеясы да айрықша ықпал еткенін жеткізді. Мемлекеттік хатшы айтып өткендей, бүгінде ұлттық валюта экономикамыздың тірегіне, берекелі де мерекелі тіршілігіміздің күретамырына айналған. Сөз соңында баршаны Ұлттық валюта күнімен және келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаған Мемлекеттік хатшы алдағы уақытта да Қазақстанның толағай табыстары тұғырлы болатынына сенім білдіріп, сөзін түйіндеді.Баға жетпес жәдігер
Сөз басында айтып өткеніміздей, осы алқалы жиында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысының бейнесі бедерленген жаңа банкнот пен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған естелік монетаны баршаның назарына ұсынды. – Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының мызғымас негіздерінің бірі – ұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім. Бүгін таныстырылатын естелік монетаға осы идея негіз болды. Баршамыздың отанымыз бір, тағдырымыз бір. Тәуелсіздік тарихы – Мемлекет басшысының тарихымен тығыз байланысты. Сол себепті, Ұлттық банк Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған, еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотты назарларыңызға ұсынады, – деді ол. Данияр Ақышев Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жеткен жетістіктері, бағындырған биіктері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен ажырамас байланыста екеніне тоқталды. Тұңғыш Президенттің еліміздің тарихындағы рөлі мен маңызын қарапайым өмір құндылықтарымен өлшеу мүмкін емес. Ол өз сөзінде атап өткендей, еліміздің тарихи жетістіктерінің алтын парағы болашағымыз әлі айқындала қоймаған қиын кезеңде жазылды. Сол уақытта қабылданған шешімдер тарихи ауқымы жағынан да, ел халқының тағдырына ықпалы бойынша да бұрын-соңды болмаған баға жетпес құндылыққа ие екендігін уақыт дәлелдеді. – Теңге – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы. Төл валютамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық экономиканың құрылымдарын қалыптастыруды қамтамасыз ете алды. Төл валютамыз ғана тәуелсіз экономикалық және қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыруымызға, нақты экономикалық егемендікке қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызды, – деді еліміздің бас банкирі. Д.Ақышев айтып өткендей, теңгені жасау, айналымға енгізу өте күрделі жағдайда жүргізілді. Мұндай ауқымды істі жүзеге асыруға қажетті тәжірибе жоқ, ресурс мардымсыз, біліктілік төмен болатын. Ондаған жылдар бойы жұмыс істеп тұрған экономикалық қатынастар күйреген кезең еді. Маңызды шаралар кешенін жүзеге асыру қажет болды. Ескі ақшаны айырбастап қана қоймай, өндіріс жаппай құлдыраған, инфляция белең алған кезеңде жаңа валютаның тұрақтылығы мен айырбастылығын қамтамасыз ету қажеттігі туындады. Бұл жұмыс оңай болған жоқ, дегенмен экономикалық өсіммен бірге теңге де нығая түсті. Осы жұмыстардың барлығын Қазақстан Республикасының Президенті өзі қадағалап, тікелей атсалысты. – Банкноттарға портреттерді салу – жаңалық емес. Ел өміріне ең маңызды үлес қосқан тұлғалардың бейнесін ұлттық валютаға бейнелеу – мемлекеттілік идеясын көрсетудің барынша жарқын, қалыпты және түсінікті формасы. Нельсон Мандела, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчиль және басқа да әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың бейнесі өз елдерінің заманауи купюраларында бейнеленген, – деді Ұлттық банк төрағасы. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған естелік монеталар мен банкнот өте шектеулі тиражбен шығарылмақ. Ұлттық банк төрағасы олардың халық үшін баға жетпес құнды дүниеге айналатынына сенім білдірді.Тарих пен мәдени мұралар тоғысы
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов атап көрсеткендей, Ұлттық валютаның арқасында Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қаржылық саясаттың іргетасы қаланды. Теңге Қазақстан халқын өзара ұйыстыру жұмыстарына тікелей ұйытқы болды. – Ұлттық валюта дизайнында халқымыздың мәдени және тарихи мұралары, біздің Тәуелсіздігіміздің барлық кезеңдері, қоғамдағы әлеуметтік және мәдени процестердің негізі көрініс тапты. Алғашқы сериялы банкноттардың арқасында бүкіл әлем Абайды, Шоқанды, Абылай ханды, Әбілхайыр ханды, Құрманғазыны және әл-Фарабиды таныды. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Оқжетпес тауы, Іле Алатауы сынды ең керемет жерлерімізді білді. 2006 жылғы банкноттар еліміздің жаңа тарихының символдары – «Бәйтеректі», Тәуелсіздік монументін, «Ақорда» резиденциясын және басқаларын көрсетті. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарының символы, жас мемлекеттің табыстарының айқын нышаны, халқымыздың әлемдік деңгейдегі жетістіктерге деген талпынысының бейнесі, – деді ол. Ералы Тоғжановтың пікірінше, егемендіктің толағай табысы ретінде төл теңгеміз үлкен идеологиялық рөл атқарды. Теңге қазақтың ұлы тұлғалары мен тарихын, табиғаты мен Тәуелсіздіктің тегеурінді табыстарын таныстырды. Қазақстан халқын қазақтардың айналасына ұйыстыру жұмыстарына ұйытқы болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері осындай банкнотты шығару туралы бір рет емес, бірнеше рет ұсыныс жасаған екен. Ал Ассамблея дегеніміз – бұл барлық 17 миллион халық. Демек, халықтың ойы мен ниеті іс жүзіне асты деп санауға негіз бар. Банкнотта Елбасы бейнесінің көрініс табуы – заңды құбылыс. Себебі, Тәуелсіздіктің дамуы мен қалыптасуы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты. Ұлттық валютамыз теңге – Президентіміздің ерен еңбегі мен көреген саясатының нәтижесі. Осылайша, ұлттық валюта экономикалық дербестікке, мемлекет пен халықтың ұйысуына негіз болды. – Бүгін біз тарихи сәтке куә болып отырмыз. Тәуелсіздікті тұғырлы етуге табанды еңбек еткен Ұлы Даланың ұлағатты тұлғасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бейнеленген мерейтойлық банкнот шыққалы жатыр. Бұл – ұлттық валютамыздың тарихындағы жаңа кезең, ел тарихындағы есте қалар сәт. Жаңа купюра Елбасымыздың Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесін айқын көрсетіп отыр, – деді Ералы Тоғжанов. Ассамблея Төрағасының орынбасары айтып кеткендей, Астананың 10 жылдық мерейтойының қарсаңында ұлттық валютамызда халқымыздың тарихы мен бірлігінің тұтастығын көрсететін «Қазақ Елі» монументі теңгенің дизайнында бедерленген болатын. Ал Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Мемлекет басшысы бейнеленген мерейтойлық банкноттың шығарылуы тұрақты, мықты және барша әлемге сыйлы мемлекетті қалыптастырудағы Елбасының ерен еңбегіне деген халықтың айрықша сый-құрметін, сүйіспеншілігін көрсетеді. Ералы Тоғжанов өз сөзінде Ұлттық валюта күнінде жаңа банкноттардың таныстырылуы Қазақстан халқының жалпыұлттық құндылықтар мен топтасқандық негізіндегі өзара бірлігінің, татулығының артуына жаңаша серпін беретіндігіне сенім білдірді. Сондай-ақ, осы оқиға қазақстандықтардың өз көшбасшысының төңірегіне топтасуға, Отанымыздың одан әрі дамуы мен гүлденуіне үлес қосуға деген талпынысын арттыруға тиіс деп санайтынын жеткізді.Күрделі кезеңдегі көреген шешім
Тәуелсіздіктің 25 жылдық тарихы туралы сөз қозғағанда ұлттық валюта туралы айтпай кете алмаймыз. Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров осылай деп санайды. – Бүгін – еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің туған күні – Ұлттық валюта күні. Маған дейін сөйлеген әріптестерім оның ел өміріндегі алатын орны, атқарған рөлі туралы жан-жақты тоқталып өтті. Иә, өткен жүзжылдықтың 1990 жылдарының басында Қазақстан қайта құруды, тұрақсыз қаржылық жүйені бастан өткеріп жатқан уақыт шын мәнісінде ең қиын кезең болды. Қазіргі жас буын оның бәрін кітаптан оқып білсе, біздер өз көзімізбен көріп, басымыздан кешірдік. 1993 жылдың қараша айында төл теңгеміздің айналымға енгізілуі біздің жас, тәуелсіз еліміздің тарихи жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Ол кезде менің жұбайым банкте жұмыс атқаратын. Сол күндері, ақша айырбастауға әзірлік бойынша жұмыстар жүріп жатқанда біз оны тәуліктер бойы көрмейтінбіз. Түнге қарай жұмыстан келген жұбайым қағазға айналған ескі рубльдерді миллиардтап санағанын айтатын, – деген Бектас Бекназаров алғаш қолға тиген теңгенің әр банкнотына соншалықты ұқыппен қарағанын, оны ұстағанда төл валютамыз үшін кеудесін мақтаныш кернегенін жеткізді. Одақ құлағаннан кейін көп ұзамай төл ақшамызды айналымға енгізу Президентіміздің стратегиялық тұрғыдағы көреген шешімі деп санайтынын айтты. – Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз 25 жылдың ішінде мақсаты асқақ, дамыған мемлекетке айналды. Халықтың бірлігі мен келісімінің, тұрақтылықтың арқасында біз экономикалық және әлеуметтік гүлденуге қол жеткіздік, – деді Б.Бекназаров. – Бұл оңай болған жоқ. Тәуелсіздік жарияланған кезең барша халық үшін сынағы көп қиын кезең болды. Осы күрделі уақытта біз Президентке сенім арттық. Вольтердің «Бір мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адам жеткілікті» деген қанатты сөзі бар. Қазақстан үшін дәл сондай адам оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің теңгені жасаудағы ерен еңбегін барша жұрт жақсы біледі, – деді Сенат төрағасының орынбасары. Бектас Бекназаров Мемлекет басшысы бейнесінің мерейтойлық банкнотта бейнеленуі – оның ерен еңбегінің мойындалуы және халықтың шексіз сый-құрметінің белгісі деп санайтынын жеткізді.Тарихи сабақтастық
Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім Ұлттық банк жаңадан таныстырған купюраны сонау 1993 жылы жарық көрген алғашқы банкнотпен сабақтастырып, өзіндік пайымын ортаға салды. Ғалымның пікірінше, ұлттық валютамызда әл-Фараби бабамыздан бастап, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі аралықтағы еліміздің тарихы көрініс тапты деуге негіз бар. – Мемлекет басшысы ұлттық валютамызды енгізу туралы шешім шығарды. Біз оны жылы қабылдап, теңгені жақсы көріп кеттік. Бір теңгелік банкнотқа әл-Фараби бейнеленген еді. Міне, сол оқиғаға да 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгін біздің назарымызға Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген банкнот ұсынылды. Демек, теңге арқылы әл-Фарабиден бастап, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі тарих көрініс тауып отыр. Төл теңгеміздің төрге озған күні құтты болсын! Теңгеміз тұғырлы болсын! – деді ғалым. Ғ.Есім айтып өткендей, теңге Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің экономикалық, қаржылық және несиелік жүйесі жетілуіне өлшеусіз зор ықпалын тигізіп келеді. – Ақшаға құлдық қатынаспен қарау сыбайлас жемқорлыққа апарып соқтыратынын біз жақсы білеміз. Сол себепті, өз игілігімізді адал еңбегіміз арқылы қалыптастырып, жас мемлекетіміздің өркендеуіне үлесімізді қосып келе жатырмыз. Біз еңбекақымызды теңгемен аламыз. Егер теңге тұрақты болса, мығым болса, біздің өміріміз де мығым әрі тұрақты, – деп сөз қорытты ол. Таныстыру салтанатында айтылғандай, он мыңдық купюрада сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарих шоғырланған. Қазақстанның картасы еліміздің көп ұлтты халқының ортақ шаңырағы ретінде көрсетілген. «Қазақ Елі» монументіндегі Самұрық құс өткен күн мен бүгіннің сабақтастығын бейнелейді. Мерейтойлық купюра Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетіміздің дамуына сіңірген ерен еңбегінің көрінісін бейнелеуге бағытталған. 5 мыңдық номиналды монетаға тоқталар болсақ, ол 925 сынамды күмістен жасалыпты. Беткі жағында «Қазақ Елі» монументі, ұлттық киімдегі әр ұлт өкілдері бейнеленген. Күн шапағының көрінісімен көмкерілген монетаның салмағы 777,5 грамға тең. Бұл банкнот пен монета Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсанда шектеулі тиражбен айналымға шығады. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» *** Зағипа БАЛИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – біздің еліміз үшін өте үлкен мереке. Әлемде өзінің елі, өзінің жері, туы, әнұраны, валютасы жоқ халықтар аз емес. Міне, бізге жаңа банкнот таныстырылып отыр, бұл өте елеулі оқиға, өйткені, Мемлекет басшысының еңбегін, тарихтағы біздің Елбасының рөлін сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Бұл халықтың өз Көшбасшысына деген құрметі. Ол лайықты құрмет. Бүгін біз жұрттың бәрімен достық қарым-қатынас орнатқан, 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өзара келісімде өмір сүріп жатқан, барлық конфессиялар мен тілдер құрметтелетін, 5,5 миллионнан астам бала бақытты жағдайда өсіп келе жатқан және олардың саны жыл санап ұлғайып отырған тәуелсіз өркендеген Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Экономикалық жетістіктер ешқандай талас тудырмайды, инновациялық революция жүріп жатыр. Мемлекет қарышты қадаммен алға басуда. Міне, осының бәрінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған қызметі орасан зор. Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – 1 желтоқсан күні қолданысқа енгізілетін жаңа банкнотты мен жақсылық деп қабылдаймын. Өйткені, жаңа банкнот еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы тарихын, тағдырын, қандай табыстарға жеткенін көрсетеді. Сонымен қатар, жаңа банкнотта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі көрініс тауып отыр. Яғни, біз ел үшін, еліміздің дамуы үшін, жарқын болашағы үшін ерен еңбек сіңірген адамға халқының тарапынан лайықты баға беріп отырмыз. Бұл – Тұңғыш Президентке халық тарапынан көрсетілген сый-құрмет, шынайы сүйіспеншілік деп түсіну керек. Осы күн Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы үлкен оқиғалардың біріне айналады. Егор КАППЕЛЬ, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық корпусы алқасының төрағасы: – Ұлттық банк тұсауын кескен сувенирлік банкнот – бұл дәуірлік оқиға. Ол біздің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің егемен республикамыздың дамуына қосқан орасан зор үлесінің символдық көрінісі. Ұлттық валюта – ол кез келген ел үшін мемлекеттіліктің өте маңызды элементі. Президент оның алғашқы пайда болуының бастауында тұрған адам. Мемлекет басшысының Жарлығымен теңге айналымға енгізілді – ол тек біздің буын ғана емес, сонымен бірге бүкіл болашақ қазақстандықтар үшін де баға жетпес үлес. Біз 1993 жылы ескі рубльді жаңа теңгеге, өз теңгемізге қалай айырбастағанымызды ұмытқан жоқпыз. Біздің ұлттық валютамыз біртіндеп нығая отырып, өз орнына ие болды, экономиканың дамуында маңызды рөл атқарды. Теңгенің дизайны біз үшін өте қымбат, өйткені онда елдің тарихы мен өзіне тән мәдениеті, сондай-ақ, біздің жарқын және өркендеген болашаққа деген жігерлі ұмтылысымыз көрініс тапқан. Сондықтан да Ұлттық валюта күнінде, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында бізге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа банкнотты таныстыруы есте қаларлық елеулі оқиға. Бұл купюра көп ұзамай айналысқа түседі, егер ол менің қолыма тиер болса, мен міндетті түрде оны өз немерелеріме көрсетемін және оның мәні мен маңызын түсіндіріп беретін боламын. Шерзод ПУЛАТОВ, Астана қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Енді бір айға жуық уақыттан кейін еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын кең көлемде атап өткелі отыр. Осынау ұлық мереке қарсаңында Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын, жаңашыл бастамаларын жарқырата көрсете білуіміз керек. Осы орайда бірінші кезекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі, өрелі қызметін ерекше ілтипатпен айтқанымыз абзал. Сондай-ақ, елімізді жарқын болашаққа бастап келе жатқан Президентімізге деген халқымыздың құрметіне ізгі ниетпен қарағанымыз жөн. Өздеріңіз білесіздер, 10 000 теңгелік банкнотқа Елбасының суреті басылып шықты. Бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары мен түрлі деңгейдегі отырыстарында бірнеше рет Президенттің суретін банкноттарға басу тұрғысында ұсыныстар айтылған еді. Міне, сол ізгі ниетіміз жүзеге асқандай болып отыр. Бұл – халықтың Елбасына көрсеткен құрметі. Ел тұтқаларының суреті бедерленген банкноттар басқа мемлекеттерде де бар. Мұндай үрдіс әлемдік тәжірибеде көп кездеседі. Сондықтан, өз басым Елбасының суреті біздің банкноттарда болғанын дұрыс санаймын. Себебі, Президенттің салиқалы саясаты арқасында еліміз тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізіп келеді.