• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Азаматтықтың өлшемі төлқұжатпен ғана анықталмайды

329 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тең серіктесі ретінде қарайды. Өйткені, соңғы жылдары мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие болып үлгерді. Міне, елдегі азаматтық қоғамның рөлін нығайту, заңнаманы жетілдіру, азаматтық секторды дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеу аясында Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың «Тәуелсіздікке 25 жыл: даму, жетістік, келешек» атты форумы нағыз үнқатысу алаңына айналды. Жалпы алғанда, бүгінде Жамбыл облысында 700-ден астам коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар өз қызметтерін жүзеге асыруда, олардың 200-ден астамы белсенді қызмет етуде. Үкіметтік емес ұйымдар мен биліктің өзара іс-қимылының маңызды бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру болып табылады. Биыл әлеуметтік жобаларды қаржыландыру 465,0 млн теңгені құрады. Яғни, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 132,0 млн теңгеге көп. – Халқымызда «азамат» деген қастерлі ұғым бар, – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов. – Азаматтықтың өлшемі төлқұжатпен ғана анық­талмайды. Жүрегіңмен, ісіңмен осы ұғымға лайық болуың керек. Ал кез келген азаматтық қоғам азаматтық ұстанымы берік, демо­­кратиялық қоғам құруда жауапкершілігі мен белсенділігі жоғары азаматтардың бастамаларынан құралады. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың іскерлік және сапалық деңгейі жаңа белестерге көтерілді. Қоғамдық ұйымдардың үлкен әлеуметтік және саяси қозғаушы күшке айналғаны ақиқат. Иә, шынында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың бас­шылығымен елімізде жаңа идеялар жүзеге асырылып, демократиялық реформаларға кең өріс ашылды. Мемлекет басшысы азаматтық қоғам белсенділігін арттыруда үлкен міндеттер жүктеп, зор сенім артып келеді. Елімізде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруда  мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар айрықша маңызға ие болып отыр. Өйткені, мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты аза­маттық қоғам белсенділігін кө­теруге бағытталған. Нәтижесінде үкіметтік емес ұйымдар бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани өмірінің дамуына үлкен үлес қо­суда. Жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара байла­ныс­ты бұдан да нығайтып, қоғам­дық бірлестіктердің әлеуетін ұтымды пайдалану – өзекті мәселе. – 2011 жылы халықты әлеу­меттік қорғау саласында ар­наулы әлеуметтік қызмет көр­сетудің жаңа стандарты қол­данысқа енгізілді, – дейді Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасы бас­шысының орынбасары Ермек Бықыбаев. – Осыған байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтер үкіметтік емес ұйымдар арқылы да ұсынылуда. Егер 2011 жылы бюджеттен бөлінген 9,7 млн теңгеге екі әлеуметтік жоба арқылы 330 адам қамтылса, биылғы жылы 14 әлеуметтік жобаға  облыстық және жергілікті бюджеттерден 138,2 млн теңге бөлініп, 1713 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдем көрсетілді. Жалпы, 2011 жылдан бастап бюджеттерден бөлінген 340,2 млн теңгеге 5334 адам арнаулы әлеуметтік қызметімен қамтылды. Яғни, соңғы төрт жылда мүгедектердің мәселелерін шешуге үкіметтік емес ұйымдар белсенді атсалысып келеді. «АСАР» заңды тұлғалар одағы, «Жандану», «Амазонка», «Дос Тараз», «Нұр Перизат», «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктері» бірлестіктері мен «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер орталығы «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» республикалық фестивалі аясында өткізілген «Қазақстанда іске асырылатын ең үздік әлеуметтік жоба» көрмесіне қатысып, екі жыл қатарынан бас жүлдеге ие болды. Бүгінгі күні Жамбыл облысында 43 807 мүгедек бар болса, оның 5587-сі бала. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында соңғы екі жылдың ішінде  Жамбыл ауданындағы Аса ауылында 30 орындық, Шу ауданындағы Төле би ауылында 25 орындық және Қордай  ауданындағы Қордай ауы­лында орналасқан 25 орындық  мүгедек балаларды оңалту орта­лықтары және Т.Рысқұлов ауда­нының Құлан ауылында 20 орын­дық балаларға арналған шағын үй  ашылды. Форумда «Жамбыл облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы З.Юлдашев, «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н. Рахы­шева, «Жаңару» СЖҚЖҰҚ РҚБ облыстық филиалының төрағасы Қ.Төлендиев, «Жастар авиациялық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Кисиль және басқа да қатысушылар мемлекет пен азаматтық қоғамның ынты­мақ­тастығы жөнінде пікір­лерін біл­діріп, өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында өңірдегі аза­мат-тық қоғамның дамуы мен өркен­деуіне қосқан үлесі үшін бір­қатар азамат облыс әкі­мінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН