«Алтын күз-2016» ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі мерекесі өтті
Халықта «Көктемнің әр күні жылға азық» деген тәмсіл бар. Оңтүстікте көктем ерте шығады, күздік өнім қарашаның соңына дейін жиналады. Кәрі құда қысының ашуы екі-үш айға ғана жететін өңірде жыл он екі ай өнім алатын шаруалар қатары көбейіп келеді. Жақында қаздар жылы жаққа қайтқан қарашаның ортасында облыстың шаруалары мен диқандарының ерте көктемнен қоңыр күзге дейінгі еткен еңбегінің жемісі таразыланды.
Облыстың табиғаты мақта, көкөніс, бау-бақша дақылдары мен жеміс-жидектер өсіруге қолайлы. Арқадағыдай арқырап, алты ай бойы ақ түтек боран, сүйектен өтетін аязымен аяғын созып жатып алатын қыс жоқ, төрт түлікті өсіруге және қолайлы аймаққа биыл да алтын күз берекелі болды.
Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков журналистермен өткізілген брифингте өңірде ауыз толтырып айтатындай жетістіктердің бар екендігін айтқан.
Мәселен, ағымдағы жылды ауыл шаруашылығы еңбеккерлерi үлкен көрсеткiштермен қорытындылап отыр. Егiн шаруашылығына келсек, биыл 788,6 мың гектарға дақылдар егiлдi. Өткен жылмен салыстырғанда егiстiк көлемi 12,8 мың гектарға артты. Оның iшiнде жемiс-жидек пен жүзiм 30 мың гектарға егiлдi. Қарқынды бау көлемi 2,1 мың гектарға жеттi. Ағымдағы жылы дәндi дақылдардың орташа түсiмдiлiгі гектарына 26 центнердi құрап, рекордты өнiм алынды. Нәтижесiнде қамбаға 676 мың тонна астық құйылды. Сонымен қатар, көкөнiстен – 963 мың тонна, бақшадан – 1 млн 413 мың тонна, картоптан – 277 мың тонна, жемiс-жидектен – 126 мың тонна, жүзiмнен 63 мың тонна өнiм жиналды. Бiр қуанарлығы, түскен өнiм көлемi жылдан-жылға ұлғайып келедi. Осыған қарай сапасы да жоғарылай түсуде. Өйткенi, нарықтық экономикада табыстың көзi сұраныста екенiн түсiнген шаруалар оны ұдайы арттырып отыру өнiмнiң сапасына байланысты екенiн бiледi.
Республикада өндiрiлетiн мақтаның – 100 пайызы, жүзiмнiң – 65 пайызы, бақшаның – 66 пайызы, мақсарының – 40 пайызы, жемiс-жидектiң – 31 пайызы, көкөнiстiң 24 пайызы облыс еншiсiнде. Сондықтан Оңтүстiктiң бүкiл республика тұрғындарын отандық ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен қамтамасыз етуге толық мүмкiндiгi бар.
Соңғы үш жылда жердi жаңа әдiспен игеру жұмыстары жүргiзiлуде. Ағымдағы жылы терең қопсыту технологиясы 86 мың гектарға енгiзiлдi. Мақтадан гектарына орта есеппен 26-27 центнер өнiм алынса, терең қопсыту технологиясын енгiзген шаруашылықтар гектар берекелiлiгiн 40-45 центнерге бiр-ақ арттырды. Аталған технологияның топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиiмдiлiгiн ескере келе, оны басқа да дақылдар мен тәлiмi жерлерге қолдану ұсынылды.
Облыста 463 мың гектар суармалы жер бар. Суармалы жердiң көлемiн ұлғайту iс-шарасы нәтижесiнде 2012-2016 жылдары 86,4 мың гектар жер жаңадан айналымға қосылды. Биыл суармалы егiстiк көлемi 5,2 мың гектарға артып отыр.
Ағымдағы жылы 533 шақырымды құрайтын 47 су нысанын қалпына келтiру үшiн облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлiнiп, осыған орай тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде. Алдағы уақытта каналдар жөнделiп бiтсе, 30 мың гектар жердiң ирригациялық жүйесi жақсарып, қосымша 1,5 мың гектар суармалы жер айналымға қосылмақ.
Суармалы егiстiктердi ұлғайту мақсатында екi iрi инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Қызылқұм алқабын игеру арқылы Отырар ауданы мен Арыс қаласына қарасты 60,5 мың гектар жердi суармалы егiстiкке айналдыруға мүмкiндiк тумақ. Жаушықұм алқабына канал тартылса, суармалы егiстiк көлемi 15,2 мың гектарға арта түседi. Аталған жобаларды iске асыру үшiн 72,6 млрд теңге қажет. Осыған байланысты 2017-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк су ресурстарын басқару бағдарламасы шеңберiнде Үкiметке арнайы ұсыныс жолданды. Жеңiлдетiлген несиелер мен лизингтiк бағдарламалардың арқасында ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлері жаңа техникалар мен құрал-жабдықтарға қол жеткiзуде. Соңғы үш жылда шаруалар тарапынан 2,6 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның iшiнде әйгiлi «Джон дир», «Челенджер», «Сампо Лев», «Вектор» комбайндары бар. Айта кетерлiгi, 2010 жылы мақтаның 7 пайызы комбайнмен терiлсе, бүгiнде бұл көрсеткiш 65 пайызға жетiп отыр.
Тамшылатып суару әдiсi 50,4 мың гектарға енгiзiлген. Республика бойынша Оңтүстiктiң мұндағы үлесi 73 пайызды құрайды. Осы технологияның арқасында су шығыны 3-4 есеге үнемделiп, көкөнiстер өнiмдiлiгi 3 есе, жемiс-жүзiм 1,5 есеге, мақта 2,5 есеге ұлғая түстi. Жылыжайлар көлемi облыста 1 116 гектарға жеттi. Бұл – республикадағы жылыжайлардың 87 пайызы Оңтүстікте орналасқан деген сөз. Осы кешендердiң есебiнен бүгiнде 140 мың тонна көкөнiс өндiрiлдi. Орташа түсiмдiлiк гектарына 1800 центнер құрайды.
Өңiрде мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Мал басы көбейiп, ет, сүт және құс өнiмдерiнiң көлемi артты. Бүгiнде 897,5 мың iрi қара, 4 млн 210 мың қой-ешкi, 244 мың жылқы, 24 мың түйе және 2 млн 638 мың үй құсы бар.
Биыл 218 мың тонна ет, 739 мың тонна сүт, 304 млн дана жұмыртқа өндiрiлдi. Төрт түлiк мал өнiмдерiнiң артуы – «Мал шаруашылығын дамытудың 2014–2016 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесi. Аталған бағдарлама шеңберiнде соңғы екi жылда 7 483 жоба қолға алынып, жаңадан 9 109 жұмыс орны ашылды. Қосымша 34,5 мың тонна ет, 40,2 мың тонна сүт алынды.
Ағымдағы жылдың 9 айында 2 801 шағын мал бордақылау алаңы, 612 шағын отбасылық сүт фермасы ашылды. Мал шаруашылығын дамыту өзге де республикалық бағдарламалар бойынша жүзеге асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 22 мың аналық iрi қара сатып алынды. Тұқымдық түрлендiруге 72,3 мың аналық iрi қара алынды. Ол жалпы ұрғашы малдың 19,1 пайызына тең. Сол секiлдi «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 31,4 мың қой сатып алынып, тұқымдық түрлендiруге 146,1 мың аналық қой қатыстырылуда. Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында сатып алынған жылқы саны 3,4 мыңға жетiп, жоспар 1,3 есеге артық орындалды.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығында бүгінгі жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп отырған жоқ. Аймақтың ауа райы, жер жағдайы жақсы, шаруалар мен диқандардың еңбекқорлығын үнемі айтып отыратын облыс басшысы ауыл шаруашылығының көп түрімен елімізді қамтуға мүмкіндік мол екендігін назарға ұстап келеді. Ол үшін нақты іс-шаралар жоспарын бекіткен.
«Алтын күз-2016» салтанатты жиынында: «Егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, бақша, көкөніс, мақта, картоп және жеміс-жидек дақылдарынан мол өнім жиналды. Өнім көлемін, гектар түсімділігін арттыруға негізінен шаруашылықтардың агротехнологиялық іс-шараларды дұрыс жүргізудің нәтижесінде қол жеткізіп отырғандығымызды мақтана айтуымызға болады. Оның ішінде, терең қопсыту технологиясы, тамшылатып суғару әдісі мен жылыжайлардың көлемі бойынша республикада көш бастап келеміз», – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, облыста соңғы үш жылдың өзінде 2 мың гектар өндірістік қарқынды баулар отырғызылғанын, оның тиімділігі гектарынан мақтамен салыстырғанда 30 есеге, бақшамен салыстырғанда 10 есеге артық өнім алуға болатынын айтты. Қарқынды баулардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндіктердің барлығы бар екеніне тоқталған әкім мал шаруашылығында да қабылданған іс-шаралар мен «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жоғары деңгейде орындалып жатқанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысының тапсырмасымен өнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту жағдайында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2020 жылдар аралығында орындалатын стратегиялық алты бағыты айқындалған. Осы стратегиялық бағыттар толық іске асқан жағдайда Оңтүстіктің берекесі бүгінгісінен де мол болмақ.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ