• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Оқытып жүріп, өзі де үйренеді

355 рет
көрсетілді

Гүлбану Сармурзина мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан шақ – еліміз тәуелсіздік алғанына небары үш-ақ жыл болған елең-алаң кез еді. Дағдарыстың демі үскірік, бет қаратпай соққан кезде мұғалім, мәдениет қызметкері сынды әлеуметтік сала өкілдері кен орындары мен сауда саласына жаппай бет бұрды. Мектептерде мұғалімдер жетіспей, тіпті аталмыш мамандыққа баруды қолай көрмейтін түсінік пайда болды. Ал Шетпе кентіндегі мектепті үздік аттестатпен бітірген Гүлбану Оңал­байқызы болса, өзге құрбылары се­­кіл­ді мамандық таңдап, оның бо­ла­­шағын ойлап бас қатырған жоқ, бір­­ден «Мұғалім болғым келеді, ол – менің бала кезден бергі арманым» деп құ­жаттарын Ақтаудағы мұғалім­дер даяр­лайтын оқу орнына тапсыр­ды. Ке­лешегіне зор сеніммен қарау­ға бола­тын, жалақысы жоғары жұ­мыс орындарына дайындайтын оқу меке­­мелеріне түсуге кеңес бер­ген­­дер де болды және мұндай ірге­лі оқу орын­дарына оқытуға отба­сы­­лық жағ­дайы да сәйкес келетін. Бі­рақ, қар­ш­адай Г.Сармурзина өзінің жан қа­­лауын ұстанды, өзінің ішкі үнін бас­­шы­­лыққа алды. Алдымен Маң­ғыс­­тау педагогикалық колледжінде, ке­­йін­­нен Ш.Есенов атындағы Ақтау мем­­л­е­кеттік университетінде білім алды. Бүгінге дейінгі 20 жылдық еңбек өтілінің 11 жылын Ақтау қаласын­дағы №13 гимназия коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бастауыш сынып пәнінің мұғалімі болып келеді. Ізденімпаз, оқушылармен қоян-қолтық жұмыс жасайтын және өз ісіне берілген маман әріптестеріне сыйлы. Бірнеше жыл қатарынан мектеп директорының жалпы білім беру ісі жөніндегі орынбасары қыз­метін атқарған ол қазір бастауыш сынып оқушыларына терең білім беру үшін беріле еңбек етуде. – Ыбырай Алтынсариннің тәмсі­ліне сүйенсек, «ағаштың түзу өсуі – шыбықтың дұрыс бап­талуы­нан» ғой. Мен – бастауыш сыныптың, әрі тарих пәнінің мұғалімімін. Бірақ, шы­­бық­тай болған балаларымызды басы­нан бастап тәрбиелеу үшін бас­­тауыш сыныпты таңдадым, – дейді ол. Негізі ұстаз еңбегін түрлі анық­та­­ма­лармен бағалап, түрлі өл­шем­­дермен өлшеудің қажеті жоқ. Бүгінгі тілмен айтсақ, ұстаз рейтин­гі шәкірттері арқылы көрі­не­ді, яғни шәкірттер – ұстаз еңбе­гі­нің айнасы. Үнемі ізденіп, білім беру саласындағы соңғы технологиялар мен әдістерді меңгеріп, түрлі семи­нар, курстарға қатысып, өз бетін­ше білімін жетілдіріп жүретін шы­ғар­машыл ұстаз Г.Сар­мурзинаның шәкірттері де қатысқан сайыстардан жүлдесіз оралмайтыны таңғаларлық. Қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде бірнеше Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталып, білім саласына, бастауыш оқушыларына сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытындағы өзі көрген-білгендері мен түйгендерін, іс-тәжірбиесін облыстық, республикалық басылым беттерінде бөлісіп отыратын жоғары санатты мұғалім Г.Сармурзина «Оқытып жүріп өзіміз де үйренеміз» қағидасын өмірлік ұстаным еткен. Отбасында ұл мен қыз тәрбие­леп отырған ана, асыл жар, үлкен­дерге ізетті келін бола алған ол екінші отбасы саналатын жұмыс орнында да үлкен-кішімен тіл табысып, қызметін адал да аянбай орындауымен ерекшеленеді. Мұғалім мәртебесі төмендеп, бұл ма­ман­дыққа менсінбей қарау бе­лең ал­ған тұста ұлы маман­дық­тың уығын берік ұстап қалған және ша­ңы­­ра­ғын шайқалтпай маман­дығы­на шын берілген Гүлбану Оңалбай­қызы­­ның еңбегіне, табан­дылығына сүйсіне­сің. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемене Қазақстан» Маңғыстау облысы