Шараның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, Чехия Республикасының Сыртқы істер министрі Лубомира Заоралек және Аймақтық даму министрі Карла Шлехтова қатысты.
Жүз елудей шетелдік, отандық компания өкілдері атсалысқан шара қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жалғастыру және нығайтуға бағытталған. Олар B2B форматында энергетика, көлік құрастыру, құрылыс, фармацевтика және басқа да салаларда бизнес жүргізу жөнінде келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, чехиялық «Prevalent» инвестициялық қоры мен қазақстандық «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жиын барысында Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Ерлан Хаиров еліміздегі жекешелендіру үрдісінің сәтті жүзеге асып жатқанын әңгімеледі. «Біздің ауқымды жобалар Чехия Республикасының өкілдерін қызықтырады деген сенімдеміз. Алдағы уақытта мемлекет-жекеменшік әріптестігі жүйесін қолданбақшымыз. Қазіргі таңда мемлекеттік ірі компанияларды жекешелендіру үрдісі сәтті жүзеге асуда. Осы орайда Чехия бизнесмендерін бізбен бірлесіп жұмыс жүргізуге шақырамыз», деді ол. «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Борисбий Жанғозаров өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 270 миллион доллардан асқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда Чехиямен бірлескен 100 компания жұмыс істеуде. Әсіресе, автокөлік құрастыру саласы қарқынды дамып келеді, ел аумағында 20 мыңнан астам автомобиль шығарылған.
Айта кеткен жөн, 2005 жылдан бастап Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 183 миллион АҚШ долларына жуықтады. Ал Еуропа елінен түскен тікелей инвестициялар көлемі шамамен 560 миллион долларды құрайды. Жыл басындағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда Чехия капиталының үлесімен 181 кәсіпорын тіркелген, олардың ішінде 106 кәсіпорын – қызмет көрсету бағытында. Ал 2008-2015 жылдар аралығында елімізден Чехияға бағытталған экспорт 559,6 млн АҚШ долларын құраған.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»