• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы арайлы Ақтөбеде болды

606 рет
көрсетілді

Бұл – бақ қонып, құт дарыған, бірегей пайдалы қазбаларға бай өңір. Мұнда Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездеседі. Соңғы бес жылдың қорытындысында шетел инвесторларын тарту бойынша елімізде Атырауды ғана алға оздырып, екінші орынға табан тіреуінің өзі өңірдің экономикалық әлеуетін айқындай түсері сөзсіз. Ішкі жалпы өнім өндіруде де ізденістер бар. Соңғы уақытта мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі негізінде салынып жатқан әлеуметтік нысандар қатары көбейді. Жаңадан бой көтерген шағын аудандар да қаланың қанатын кеңге жая түсті. Ал ақтөбелік диқандар биыл әр гектардан 13 центнер астық бастырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына толымды тарту жасады. Бұл өңірдегі жарқын жаңалықтармен лайықты жалғасын табуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық акциясының аясында ұйымдастырылған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының Ақтөбеге атбасын тіреуі де осындай қуанышты оқиға ретінде ел есінде қалды. Пойызды қарсы алушылар қарашаның қақаған қара суығын да елеген жоқ, темір жол вокзалы алаңына халық көп жинал­ды. Олардың арасында облыс орта­лығындағы этномәдени бірлестіктер өкілдері, облыстық департаменттер мен басқармалар, қалалық мекемелер басшылары, жастар және қала жұрт­шылығы бар. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбек Сағиев, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалы хатшылығының меңгерушісі Бұлбұл Елеусінова бастаған қала­лық­тар қонақтарды думандатып қарсы алды, гүл шоқтарын ұсынды. Биші­лердің мың бұралған әдемі биі де, ақтөбелік өнерпаздар шырқаған Қазақ елі туралы патриоттық ән де салтанатты сәттің ажарын аша түсті. Үрмелі аспаптар ансамблі орындаған әуен арайлы Ақтөбенің аспанын тербетті. Салтанатты жиын барысында сөз алған Б.Елеусінова егемендік алған жыл­дардағы қол жеткен жетістік­терімізді тұғырлы тәуелсіздігімізбен сабақтас­тырды. Ал «Тәуелсіз Қазақ­стан» пойызы шта­бының жетекшісі Әміржан Әлпейі­сов бастаған топтың осындай игі қадам­дарына ризашылық білдірілді. Ол өз ке­зе­гінде пойыздың басты мақсаты ха­лық­қа әлеуметтік көмек көрсету екенін айтты. Айта кету керек, топ құрамында жеті министрліктің және үш ұлттық компанияның өкілдері, барлығы 270-тен астам маман бар. Оның 72-сі – дәрігер. Олар келісілген кесте бойынша тұрғындарды қабылдады. Біз «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдауға келушілер қатары көп болғанын көрдік. «Мен қоғамдық қабылдауға екі мәселемен келіп едім. Бірі келінім Өзбекстаннан еді, азаматтық ала алмай, сәбилеріне тиесілі қаржысына қол жеткізе алмай жүрген-ді. Өзім жұмыссыз болатынмын. Екеуі де оң шешілетін болды, риза болып тұрмын», деді ақтөбелік Игілік Оралов. Жалпы, қоғамдық қабылдауға келген 40 адамның 15-інің мәселелері сол жерде оң шешілгенін білдік. Қалғандары тиісті орындарға жолданып, нәтижесі бақылауда ұсталатын болды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ғимаратында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «ҚазАгро»компаниясының және Әділет министрлігінің өкілдері бір топ кәсіпкермен кездесті. Алдымен Әділет минис-трлігінің сарапшысы Сапарбек Ақжанбаев сөз алып, аталған пойыздың мақсатымен, жүріп өткен жолымен қысқаша таныстырды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Арнұр Дарбаев кәсіпкерлерді толғандыратын мәсе­лелер бойынша шолу жасады. Оларға кәсіпкерлердің құқықтары мен мүд­десін қорғау, несиелеу және басқа мәселелер бойынша кеңес берілді. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын, шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламаларының кейбір қай­шы тұстарын көтерді. Жиынға қаты­сушы еңбек ардагері Есет Сартаев ісін жаңадан бастағысы келетін кәсіпкерлерге сауаттылық жетіспей­тінін атап айтты. Ал дәрігерлер №2 қалалық емханада қабылдау жүргізді. Невролог, уролог, гематолог, офтальмолог, эндокринолог, гастроэнтеролог сынды білікті 18 маман дәрігерлер сырқаттарды қабылдады. Пойыз дәрігерлерінің басшысы Серікжан Сабырәлиевтің айтуынша, түске дейін 182 адам дәрі­герлердің қабылдауында болып, кеңес алған, басқа өңірлердегідей Ақтөбеде де жүрек-қан тамырлары, көз ауруларына шалдығушылар қатары көп екен. Сондай-ақ, балалар мен жас­өс­пірімдер үйлерінде қайырым­ды­лық акциялары ұйымдастырылды. «Тәу­елсіздік тарихы – ұлт рухының өлшемі», «Мәңгілік Ел» секілді бірнеше тақырып аясында кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізілді. Ал «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» тәуелсіздік мерекесіне дейінгі атаулы күндер шарасы салтанатты жағдайда ашылды. Облыстық әкімдік ғимаратында өткен брифингте Ә.Әлпейісов пойыз мамандары өткізген шаралар мен атқарылған жұмыстарды қоры­тын­дылады, БАҚ өкілдерінің сұрақ­тарына жауап берді. Оның айтуынша, осы кезеңде 32 мыңнан астам адам қамтылған, 7 мыңға жуығына меди­ци­налық кеңес берілсе, 4,5 мыңының жеке мәселелерін шешуге көмек көрсетілген. 20 мыңнан астам адамға әртүрлі кеңес берілген. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы келесі кезекте Атырау облысының Мақат стансасына жол тартты, 27 қарашада қайта оралып, Шалқарға барады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы