Ақтөбе инвестиция салуға қолайлы да тартымды облыс болып отыр. Соңғы бес жылда өңірге салынған инвестициялар 12,6 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның 36 пайызы немесе 4,7 млрд доллары шетелдік инвестициялардың үлесіне тиесілі. Бес жылдың қорытындысына сәйкес шетелдік инвестициялар тарту бойынша Ақтөбе елімізде Атыраудан кейін екінші орынды иеленді. Яғни, бұл Астана және Алматы қалаларын басып озды деген сөз. Өңірдің негізгі инвесторлары Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия және басқалар болып табылады.
– Бүгінде облыста шетелдік капиталдың қатысуымен 700-ден астам кәсіпорынның жұмысы қарқынды жүргізілуде. Олардың қатарында CNPS мұнай және газ корпорациясы, Еуразиялық топ (ERG), Ресей мыс компаниясы, сондай-ақ, Оңтүстік Корея, Түркия және басқа да елдерден инвесторлар бар. Бұл біздің өңірде инвесторлар үшін барлық жағдайдың жасалып жатқандығының дәлелі мен олардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі, – дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Ермағамбетов.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «AKTOBE INVEST-2016» IV халықаралық инвестициялық форумы өтті. Форум аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында 152,4 млн АҚШ доллары болатын 14 меморандумға және 2 келісім-шартқа қол қойылған болатын.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы