• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Қытай нарығына қадам

366 рет
көрсетілді

Бүгінде Қытай Халық Республикасына экспортталатын тауарлардың жалпы сомасы 115 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Көршіміз 7 миллион тонна сиыр етін, 3 миллион тонна астықты және тағы басқа ауылшаруашылық өнімдерін сырттан сатып алатын көрінеді. Ал мұның ішінде қазақстандық өнімдердің үлесі 0,1 пайыздан аспайды. Аспанасты елімен сауда қатынасын арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қытайға экспорт» қозғалысын құрды. Отандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік тауарларын өндірушілерге өнімдерін Қытай нарығына ұсынуға мүмкіндік беретін бастама аясындағы алғашқы шаралар қолға алынып үлгерген. Палата өкілдері бас­па­сөз мәслихатын өткізіп, бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарына қоз­ға­лыс­тың мақсат-міндеттері ту­ралы ай­тып берді. Басқарма тө­рағасының орынбасары Нұр­жан Әлтаевтың мә­ліметінше, «Атамекен» ұлт­тық кәсіп­керлер пала­тасы ел кә­сіп­­керлерінің өнімдерін әлем­дік нарыққа шығаруды көз­дей­ді. «Қазақстандағы ауыл ша­руа­­шы­­лығы саласын, ауылдағы тұр­­ғын­дар­дың жағдайын қалай кө­те­реміз?» деген мәселе үнемі алды­мыз­­дан шығып жатады. «Отан­дық өнімдердің саудасын қыз­ды­руда қандай шаралар қолға алы­нуда?» деген сыңайдағы сауал­дар да аз емес. Бәрімізге мәлім, біз­дің мем­лекетіміздің екі жағында Қы­тай және Ресей елдерінің үлкен на­рығы бар. Одан әрі­дегі араб мем­ле­кеттерінің нарығы да оңай емес. Біз осын­дай үлкен алыс-берістің орта­­сында отырғанымызды тиім­ді пайдалануға тиіспіз. Ал ауыл ша­руашылығы – біздің эко­но­микамыздың драйвері. Сон­дықтан ел аумағында өндірілетін өнімдерді тек өзімізде қалдырмай, жаңағы мем­ле­кет­тер­дің нарығына да жал­ғау­ға тиіспіз», де­ді палата өкілі. Көпшілігіміз білетіндей, Мем­­­­ле­­кет басшысы Нұрсұлтан На­зар­ба­ев осы­ған дейін Қытай Ха­лық Рес­пуб­ли­касына бірнеше рет са­пар­лап, екі ел арасындағы сауда-сат­тық­ты дамы­ту мәселелерін қау­за­ған. Өзге де про­блемаларды талқылаған. Соның нә­тижесінде Қытай тарапынан шектеу қойылған тауарларымыздың бір­ша­ма­сын экспорттауға мүмкіндік туды. Ал бұл қазақстандық ауыл­шаруа­шы­лық өнімдеріне сұранысты, тіпті артты­ра түскен сыңайлы. «Рас, Қытай – дүние жүзінде Еуропалық одақ пен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұрған ауыл­ша­руашылық тауарларын өндіретін ірі мемлекет. Олар тек өткен жылы ғана 115 миллиард доллардың өнімін өзге ел­дерден импорттаған. Айталық, 3 миллиард долларға 7 миллион тонна сиыр етін алса, 38 миллион долларға 200 мың тон­на бау-бақша өнімдерін сатып алған. Бұған қоса, 3 миллион тонна бидай, 11 миллион тонна арпа, тағы 75 миллион долларға 7 миллион тон­на бал өнімдерін пұл­даған. Ал осы жердегі Қазақстанның үлесі бар-жоғы 0,1 пайыз ғана». Бұл – Н.Әлтаевтың сөзі. Мамандардың айтуынша, «Қы­тайға экспорт» қозғалысынан кейін елі­міздің Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі үлкен шаруаны қолға ал­ған екен. Жақын арада азық-тү­лік тауарларын өндіретін коопера­тив­тер мен фермерлерге же­ңіл­детілген пай­ызбен несие, өзге де тиімді қа­ражат көздері ұсы­ны­ла­тын болады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­­ла­та­сы Қытайға өз өнімдерін экс­­порт­та­ғысы келетін отандық кә­сіпкерлерге жан-жақты қолдау көр­сетуге даяр. Бү­­гін­де палатаның рес­ми сайтында «Қытайға экспорт» айдары ашылып, онда тауар­лар­ға қойылатын негізгі та­лап­тар ғана емес, көрші елдің на­ры­ғына шығудың сызба-нұсқасы да орна­ластырылған. Бұдан бөлек, арнайы байланыс орталығына қоңырау шалып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алуға да болады. Сондай-ақ, «export@palata.kz» электронды поштасына сауал жолдауға мүмкіндік бар. «Біз әрбір кәсіпкердің қолынан же­тек­теп, Қытай нарығына шы­ғуына кө­мек­тесеміз. Алайда, бәрі же­ңіл болады деп ойлауға бол­май­ды. Өйткені, эко­но­микасы қа­рыштап дамып кеткен алып мем­­лекеттің құзырлы органдары сырт­тан келетін өнімдерді қатты тек­середі. Қытай нарығына шығу үшін арнайы куәлікті алу жолдары да күрделі. Сондықтан тиісті талап­тар­ға дайын болғанымыз жөн», деді Нұржан Әлтаев. Мамандар ел кәсіпкерлеріне бірігіп, кооператив құру арқылы көрші елдің на­рығына шығуға ке­ңес берді. Олардың айтуынша, қазіргі кезде қазақстандық омарташылар бір кооператив құрып Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр. «Біз бұрындары еліміздегі бал өнім­­дерін Қытайға тасымалдай алмайтын едік. Мемлекеттік мекемелердің ір­гелі жұмысының арқасында келісімге кел­дік. 1500 отандық бал өндіретін кә­сіпкердің басын құрап, кооператив құрдық. Қытайлық арнайы инспекция осы кооператив өнімдерін тексеріп, оң бағасын берді. Енді қазақстандық омар­ташылардың балы өзге елде де пұл­данатын болады», деді палата өкілдері. Бүгінде «Атамекен» ҰКП Қа­зақ­­стан өнімдерін Қытай нары­ғына шы­ғаруға қатысты жұмыс­тар­ды жүр­гізіп жатыр. Ауыл ша­руа­шы­лығы министрлігімен бірігіп, шектеу­лер қойылған өнім түрлеріне бай­ланысты кедергілерді жоюға да белсенді атсалысуда. Олар, негізі­нен, отандық өнімдерді көрші ел­дің нарығына кеңінен таныту мақсатында бірыңғай брендті қа­лыптастыруды көздейді. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»