2016 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жастар саясатының қызметі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне берілді. Жастар саясаты департаменті қазір осы министрлікте жұмысын жалғастыруда.
Ал бүгінде еліміздегі жастар қатары айтарлықтай қалың. Мәселен, 2015 жылдың басында республика бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 4 206, 3 мыңды құраса, оның ішінде 2 375 882 қала, 1 830 418 ауыл жастары болып табылды.
Бүгінгі таңда жұмыссыздық мәселесі біздің елімізде ғана емес, әлемнің дамыған алпауыт елдерінде де күрмеуі шешімін таппай тұрғаны жасырын емес. Еліміздегі жұмыспен қамтылған жастар саны – 2,1 млн адамды құраса, жұмыссыз жастар 95,6 мың адам болып отыр. Жұмыссыз жастардың саны 2015 жылы 4,5%-ды құраса, 2016 жылдың екінші жартыжылдығында 4,2% болды. Яғни, жұмыссыздық көрсеткіші жылдан-жылға төмендеп келеді. Жастар қашанда жүйелі түрде білім алып, қоғамдық жұмыстармен белсенді түрде айналысуы керек. Ал мемлекет тарапынан жастарды қолдайтын бағдарламалар мен жобалар жеткілікті.
2012 жылдан бастап, республикамыздың барлық өңірлерінде Жастар саясаты жөніндегі басқармалар құрылды. Сонымен қатар, 2015 жылы 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының бірінші кезеңін сәтті аяқтадық. Нәтижесінде, жастар ресурстық орталықтарының жұмысы кеңейді. Қазіргі уақытта республика бойынша жастар ресурстық орталықтарының саны 198-ге жетіп, штаттық саны аймақтар бойынша 1 716 адамды құрайды.
Жастар ісі жөніндегі кеңестер жұмысы да қарқын ала бастады. Әкімдер аталған кеңесті жеке өздері басқаруына алды. Міне, бұл да атқарушы биліктің жастарға деген оң көзқарасын білдірсе керек. Кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарында және колледждерде жастар ісі жөніндегі комитеттер жұмыс істеуде. Оның ішінде барлығы 984 болса, ЖОО-ларда – 118, колледждерде – 697, кәсіпорындарда – 169. Жастар саясатын іске асыру барысында үкіметтік емес секторлармен, жастар ұйымдарымен және жастардың өздерімен тікелей қарым-қатынас жасау өркениетті қоғамға аяқ басқан елдердің тәжірибесіне айналуда.
Бүгінде жастардың біліктілігін арттыратын «Жастар кадрлық резерві», отансүйгіштікке тәрбиелейтін «Жастар – Отанға», өнерлі жастарды қолдайтын «Ұлттық Дельфий ойындары» жобалары жүзеге асырылып келеді. Осы жерде айта кететін жәйт, биылдан бастап Ұлттық Дельфий ойындарына мүмкіндігі шектеулі өнерлі жастар да қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, жастардың сан қырлы көшбасшылық қасиеттерін ашатын «Жайдарман КТК» және тағы осы сынды жобалар жүзеге асырылу үстінде. Мәселен, «Жасыл ел» жобасы бойынша үстіміздегі жылы қосымша ақыны екі есеге арттыру мәселесі қарастырылып, ол 35 394 теңгені құрады. Одан басқа, 2015 жылдан бастап еңбекпен қамтылған сарбаздар саны екі есеге, яғни 12 000-нан 24 000-ға артты. Жұмыс кезеңі 2 айға ұзартылды.
Бұл шаралардың барлығы демалыс уақыты кезінде жастарды жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік береді. «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру кезінде 200 мың адам жұмыспен қамтылып, 100 гектардан аса жер өңделді. Жасақтар еліміздің басты құрылыстары – «Нұрлы жол» индустриялық объектілерінде жұмыс істеп, ЭКСПО қалашығын тұрғызуға атсалысуда.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жұмысы пысықталуда. Біздің тарапымыздан Кеңестің құрамына орталық мемлекеттік атқарушы органдардың бірінші басшыларын қосу туралы ұсыныс қолдау тапты. Бүкіләлемдік банкпен келісімді іске асыру бойынша жастар корпусын дамыту жобасын жүзеге асыру туралы жұмыстар жүргізілуде. 8,5 мыңнан аса жасты қамтитын, оның ішінде әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалғандары да бар, 100-ге жуық жастар ұйымы жобаны жүзеге асыруға атсалысатын болады. Осы жобаны Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бастауды жөн деп санап отырмыз. Осыған байланысты жобаны басқаратын топ құрылып, Бүкіләлемдік банкпен құжаттары қаралуда. Бұл да болса еліміздегі жастардың әлеуетін арттырып, жұмыссыздықпен күресуге өз септігін тигізбек.
ЮНЕСКО-ның ұстанымы бойынша, ХХІ ғасыр білім ғасыры болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, бірінші кезекте әрбір адам оқу-білім сапасына баса назар аударуы керек. Жаһандық жастар дамуы көрсеткішінің қорытындысы бойынша 2016 жылы Қазақстан 170 елдің ішінен 61-орынға ие болды. Яғни, Қазақстан еңбекпен қамтылу, саяси және азаматтық белсенділігі жағынан Түркиядан, (62-орын), Ресейден (110-орын), Қытайдан (118-орын) алға шықты. Осы көрсеткішпен тоқтап қалмай, алға баса беруіміз керек. Ол үшін біздің жастар тарапынан белсенділік танытылуы тиіс.
Жалпы, біз жастарға қатысты өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастыруымыз қажет. Осындай әдістердің бірі белсенді, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін форумдар өткізу болып табылады. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының 20-бабына сәйкес Республикалық жастар форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Форумның 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткізілуі жастар үшін елеулі маңызы бар шара болмақ. Ал негізгі түпкі ойымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде жастар мен жастар саясатының жеткен жетістіктерін көрсету, жастарды «Қазақстан-2050» Стратегиясының міндеттеріне жету жолында жұмылдыру, жастарды «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясында біріктіру.
Ғабидолла ОСПАНҚҰЛОВ,
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры