• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Қостанайда Марат Тоқсейітовтың көрмесі ашылды

1025 рет
көрсетілді

Қостанайда белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Марат Тоқсейітовтың жеке көрмесі ашылды. Қылқалам шебері көрмені «Туған өлкем» деп атапты. Расында, Марат Төлегенұлы Қостанай облысының Қарабалық ауданында туып өскен. Көрмеге ілінген шығармаларына ол туған ауыл көріністерін арқау етіпті. Полотнодағы ауылдың шынайы көріністері ауылда өскен кез келген кісінің жүрек қылын шертіп тұрғандай. Марат Тоқсейітовты облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев көрменің ашылуымен және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен құттықтады. Алдағы жылдың басында 70-ке толғалы отырған суретші шығармашылығына табыстар тіледі. Көрмеге суретші мақтаныш тұтатын жерлес көрермендері, Марат Төлегенұлының қостанайлық әріптестері де жиналды. Белгілі суретші  Николай Торшин Тоқсейітовты живопись, пейзаж жанрының аса ірі өкілі деп атады. -Марат Төлегенұлының салған шығармалары шынайылығымен баурап алады, алдыңда оның қылқаламынан шыққан сурет емес, тірі  өмір тұрғандай сезімде боласың, - деді Николай Васильевич. -Алдағы қаңтар айында Астанада көрмем ашылады. Мен көрмемнің алдымен туған жерімде өткенін қаладым, міне, қостанайлықтарға соңғы кездегі туындыларымды ұсынып отырмын, - деді суретші. Оның шығармалары көптеген халықаралық көрмелерге қатысты. Суретші 2001 жылдан бастап мемлекеттік рәміздер жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі. Нәзира Жәрімбетова, "Егемен Қазақстан". Қостанай