Кеше Астанада Қазақстан Республикасының президенттігінен үміткер Мэлс Елеусізов өзінің саяси тұғырнамасын ұсынып, таныстырды.
Кездесуде ол тұғырнаманың мәні мен маңызына тоқталмас бұрын, өзінің 20 жылдан астам уақыттан бері саясатпен айналысып келе жатқанын, осымен екінші рет президенттіктен үміткер болып отырғанын, осы жолғы сайлауда өткен сайлаудағыдай 3 пайыздан астам дауыс емес, халықтың 5 пайыз дауысына ие болудан үміттенетінін айтты. Осы жерде ол саяси тұғырнамасында келтірілген мәліметтерге қарап, өзінің сайлауға мынадай мақсатпен түсіп отырғанын баяндап берді. Онда М.Елеусізов сайлауға қарапайым азаматтардың мүддесін қорғап, еліміздің байлығын жекелеген адамдар мен топтар ғана емес, барлық азаматтардың көруі үшін түсетінін жеткізді.
Одан әрі ол саяси тұғырнамасына тоқталып, оның демократиялық институттарды қорғауға, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, жергілікті биліктің өзін-өзін басқаруына, сот билігінің тәуелсіздігіне, сөз бостандығы мен баспасөздің еркіндігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ауыл шаруашылығын дамыту, экономиканы әртараптандыру, ана мен бала мәселесіне, шағын және орта бизнесті қолдау мен басқа да елімізде қордаланған проблемаларға арналғанын айтты.
Кездесуде кандидат тұғырнамасында айтылған осы мәселелерге түсініктеме беріп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Мұнда ол алдымен қазіргі өкіметтің шексіз билігіне назар аударып, сот пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өзіне сай қызметтермен айналыса алмай отырғанын жеткізді.
Одан әрі үміткер қазір сайлауға халықтың 20 пайызы ғана қатысатынын, ал басқалардың тек үйде билік пен оппозицияға ренжіп отырудан басқа ешнәрсе істемейтінін айтты.
Кездесуде осы мәселеге байланысты кандидаттан оның себебін түсіндіруді өтінгенімізде, ол жергілікті билік пен мәслихаттың жұмысының бәрі жоғарыда шешілетінін, олар тек орындаушы органдар ғана екенін, оған еті үйренген халық өздерінің аман-саулығын ғана ойлаумен шектелетінін жеткізді. Осы жерде М.Елеусізов жергілікті атқарушы органда халықтың билігі жоқтығын, билік тек жоғарыда ғана емес, қарапайым азаматтардың өтініш-тілектерінен де тұруы тиіс екенін тілге тиек етті. «Сондықтан, – деді ол, – әкімдердің бәрі сайлануы керек. Бізде әкімдерді сайлау болмаса халықтың билігі болмайды». Осылай дей келіп, ол сот билігін де сайлайтын кез келгенін атап көрсетті.
Одан әрі ол саяси тұғырнамасындағы сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік мәселесі туралы әңгімеледі. Қазақстан билігінің Ресей, Қытай және басқа елдермен ұстанған саясатын қолдайтынын, бірақ біздің еліміз үшін негізгі әріптес Ресей Федерациясы болуы керектігін жеткізді. Оның айтуынша, біз орыс халқымен ежелден бері достық және ынтымақтастықта өмір сүріп келеміз. Ресей халқындай бізді ешкім және еш жерде қарсы алмайды, керек кезінде қолұшын созбайды. Сонымен бірге, ол егер Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараға әрбір отандасымыздың қолына мылтық ұстатып қойса да екі ел арасындағы шекараны күзетуге адам саны жетпейтінін, сондықтан көрші елмен арадағы қауіпсіздікті нығайту үшін бізге Ресеймен әріптестік байланысты нығайту керектігін атап өтті.
М.Елеусізов экономика, соның ішінде ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамыту, ауылдық жерлерді, ана мен баланы қорғау, мәдениет пен өнер, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамыту мәселелеріне тоқталды. Кандидат қазір жаһандану және азық-түлік тапшылығы жыл сайын қауіп төндіріп отырған кезде әрбір азаматтың ысырапшыл емес, қанағатшыл болуы керектігін, қанағатшылдықты мәдениетті әрбір адам өзінің бойына сіңіріп, ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен, жер игерумен айналысса деген тілек білдірді. Осылай деген үміткер бүгінде Қазақстан аумағында Менделеев кестесінде көрсетілген минералды ресурстардың бәрі бар екенін, бірақ оларды тиімді игере алмай жатқанымызды айтып, болашақта табиғи байлықтың кейінгі ұрпақтарымызға жетуі үшін оларды қазірден бастап ұқыпты пайдалануды ұсынды.
Кездесуде М.Елеусізов жоғарыда аталған мәселелерді шешу жолдары саяси тұғырнамасында көрсетілгенін жеткізді. Осы жерде кандидат Қазақ елінің ерте заманнан бері ауыл шаруашылығына икемді және қолайлы ел болғанын, Кеңес Одағы кезінде де аграрлық секторға басым бағыт берілгенін, ал бүгінде сол КСРО кезіндегі совхоз, колхоздардың ыдырауының кесірінен халықтың тек 20 пайызы ғана өзімізден шыққан өнімдерді тұтынып отырғанын атап өтті. Ал басқалары өзге елдерден келіп жатқан өнімдер. Олардың арасында адамның денсаулығына зиянды өнімдер қаншама. Осыған байланысты М.Елеусізов елде отандық тамақ өнімдеріне деген сұранысты арттыру саясатын жүргізіп, халықты ұшса құстың қанаты талатын кең даланы игеруге шақырды.
Кездесу соңында кандидат сайлауға барлық азаматтар қатыспайтындықтан, болашақта «Сайлау туралы» Заңға өзгеріс енгізіп, сол құжат бойынша азаматтарды сайлауға қатыстыру жолдарын жасау керек деген ұсыныс білдірді. Осы жерде ол соғыс жылдары, адамдардың екі оттың арасында жүрген кездері де сайлауға қатысқандарын еске алып, әрбір өзін патриот санайтын азаматты сайлауға қатысуға шақырды.
Дастан КЕНЖАЛИН.