Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың Конгресс-Холл сарайында қаланың тұрғын үй басқармасында кезекте тұрған бір топ астаналықтарға мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Бұл Наурыз мейрамы қарсаңында тұрғындарға мемлекет тарапынан жасалып отырған игі істердің бірегейі деуге тұрарлық шара болды. Тұрғындар өздеріне мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа шексіз риза екендіктерін кең сарайдың ішінде шаттық сезіммен сездіріп жүр. Олардың қуанышы сарайдың барлық түкпірін шарпып, осында болған жандардың бәрі де қуанышты күйді бастарынан кешті.
Мінберге көтерілген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды алдымен Наурыз мерекесімен құттықтады. Бас қаламызда мұндай үлкен мерекені қоныс тойы қуанышына ұластыру игі дәстүрге айналып келеді. Биылғы Наурызда барлығы 400 отбасы жаңа қонысқа қол жеткізіп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын, деді Президент. Одан әрі Елбасы үш жылға созылған дағдарыс жылдарының тұрғын үй құрылысына да зардабын тигізгенін айтты. Бірақ соған қарамай Қазақстан өзінің азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін бір сәт те есінен шығармай, күн тәртібінен түсірген емес. Көптеген азаматтарымызды алдап кеткен сенімсіз фирмалардың да міндетін билік өз мойнына алып, зардап шеккендердің тұрғын үйлері құрылыстарының аяқталуына мүмкіндік тудырды. Одан арғы өзінің сөзінде Президент әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан Қазақстандағы тұрғын үй қоры 45 млн. шаршы метрге ұлғайғанын атап өтті. Соның арқасында бүгінгі күнге дейін 1,5 млн.-ға жуық қазақстандықтар жаңа баспанамен қамтамасыз етілді.
Бас қаладан баспана алып, «астаналық» атану Қазақстанның барлық азаматына үлкен мәртебе, зор қуаныш. Біздің тәуелсіздік алған жылдардан бергі саясатымыздың басым бағыттарының бірі де сол – әрбір қазақстандық отбасының өз баспанасы болуына қол жеткізу. Мемлекет осы мақсатқа қол жеткізу үшін қолдан келген барлық мүмкіндіктерді жасауда. Одан әрі Президент баспана алудың қуанышы айрықша екенін, соның ішінде, өзінің де шағын пәтерге қол жеткізгендегі қуанышын еске алып өтті. Президент биылғы Жолдауына да тоқталып, онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңалау туралы арнайы тапсырма берілгендігін айтты. Мұның өзі тұрғындардың ауыз сумен, жылумен, электр жарығы және газбен қамтамасыз етілуіндегі кемістіктерді жоятыны сөзсіз. Ескірген коммуналдық шаруашылық жүйелерін пәтер иелері кооперативтерінің өз күшімен жаңаландыра алмасын білгендіктен мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қамқорлық та тұрғындардың ризашылықтарын туғызуда. Оның үстіне осы жұмыстардың арқасында 10 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмек.
Сөзін аяқтаған соң Елбасы Н.Назарбаев жүректері қуаныштан лүпілдеп отырған бірқатар тұрғындарға өз қолымен пәтер кілттерін тапсырды. Мұндай бақытқа ие болғандардың арасында қаладағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейтін, отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған Дорж Бейімбет, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі Екатерина Надырова, әскери қызметкер Тимофей Рользинг, Астана қаласы гуманитарлық колледжінің студенті, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған Эльмира Болғанбаева, Ә.Марғұлан атындағы 40-шы мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Болат Байқасов және т.б. болды.
Осы күндері жалпы саны 400 отбасы пәтер алуға қол жеткізді. Олардың бәрі де әлеуметтік жағынан қорғалуға тиісті топтардың өкілдері. Атап айтқанда, 19-ы ҰОС-на қатысушы мен мүгедектер, 33-і осыларға теңестірілгендер, 10-ы жетім балалар, 46-сы зейнеткерлер, 62-сі 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, 7-і мүгедек балалар асырап отырған, 8-і көп балалы, 47-сі толық емес отбасылар. Бұлардан басқа әлеуметтік пәтерлер алушылар қатарында 3 адам ауыр дертке шалдыққандар, 8-і экологиялық апат салдарынан баспанасынан айырылғандар, 5-і мемлекеттік немесе қоғамдық міндетті атқару кезінде қаза тапқандар отбасылары болды. Осылармен қатар 153 бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлер отбасылары да қоныс тойын тойлайтын болады. Бұл пәтерлер қазір құрылысы толық аяқталып, қаланың коммуналдық меншігіне берілген «Жағалау», «Зерде», «Тамыз» тұрғын үй кешендерінен беріледі.
Конгресс-Холлдағы Елбасының қолынан пәтердің кілтін алу салтанаты К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры мен «Серпер» домбыра оркестрі және басқалардың қатысуымен болған мерекелік концертке ұласты.
Жақсыбай САМРАТ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.