• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2011

Автокөлік құрастыру ісіндегі ілгерілеушілік

1735 рет
көрсетілді

Мәшине жасау саласы, соның ішінде автокөлік өндірісі экономикалық салалардың ішіндегі ең күрделісі саналатыны белгілі. Сондықтан бұл салалар әлемнің АҚШ, Жапония, Ресей, Италия, Франция, Германия секілді аздаған елдерінде ғана дұрыс дамыған. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін міне, осындай күрделі саланы игеру жөнінде талпыныс танытқан елдердің қатарына қо­сылды. Алғашқы нәтижелер жаман емес секілді. Жуықта Өскемен қаласында орналас­қан «Азия авто» автокөлік құрастыру зауы­тында үлкен оқиға болды. Мұнда зауыттың қысқа тарихындағы 25 мыңыншы автокөлік конвейерден шығарылды. Ол – әлемге танымал маркалардың бірі «Chevrolet Cruze» автокөлігі еді. «Азия авто» зауыты алғаш рет 2002 жылы құрылған болатын. Бүгінгі күні бұл кәсіп­орын Қазақстан автокөлік өндірісінің ту ұстаушысына, отандық автокөлік тұтыну рыногының негізгі қамтамасыз етушілерінің біріне айналып отыр. – Біз ең алғаш өз жұмысымызды «Нива» маркалы автокөліктерді құрастыру ісінен бастаған болатынбыз. Қазіргі күнге дейін бұл модель зауыттың негізгі өнімдерінің бірі болып отыр. 2005 жылдан бастап «Skoda» маркалы автокөлікті құрастыруға кірістік. Мұнан кейінгі екі жылда «Chevrolet» құ­расты­руды игердік. Кейінгі жылдары оларға тағы да жаңа маркалар келіп қосылды. Сөйтіп жыл өткен сайын қанатымызды кеңірек жазу үстіндеміз, – дейді аталған компанияның басшысы Ержан Мандиев. Өткен жылы автокөлік құрастыру зауыты тағы бір жаңа әріптеспен іскерлік қарым-қатынас  жөніндегі келісім-шартқа қол қой­ды.  Бұл – оңтүстіккореялық КІА компания­сы. Осының негізінде зауытта өткен жылдың мамыр айынан бастап Cerato Mohave Sorento секілді осы ел өндірісіндегі жоғары сұра­нысқа ие автокөліктерді құрастыру ісі бас­талып та кеткен болатын. Оны сату ісі қар­қынды түрде жүру үстінде. Қазірдің өзінде Қазақстан ры­но­гындағы барлық сатылатын шетелдік автокөліктердің ішінде бұл марка үшінші орынға ие болып отыр. Өйткені, тұтыну­шылар зауыт құрас­тырған КІА автокөлік­терінің жасалу сапасы мен әрленуіне, баға­сының арзандығына қызығушылық таныту­да. Автокөліктің жеңіл басқарылатындығын атап көрсетуде. Бүгінгі күні «Азия авто» зауытының өн­дірістік желісінде 14 түрлі автокөлік құрастырылады. Таяудағы уақытта олардың санын 20-ға жеткізу жоспарлануда. Өткен жылдың желтоқсан айында мұнда Skoda-ның тағы да жаңа екі моделі игерілді. Ал үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында КІА-ның жаңа 4 түрін шығару қолға алынбақ. Жалпы «Азия авто» автокөлік құрастыру зауыты дүниеге келген Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі ең өнеркәсіпті өңірлердің бірі. Мұнда мәшине жасау, олардың түрлі бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар көп­теп саналады. Мәселен, Өскеменмен көр­шілес Семей қаласында бұрын кеме құрас­тыру, тягач шығару зауыттары бар еді. Оның үстіне бұл қалада соңғы кездері түрлі кабельдер өндірісі жақсы дамыған. Осыны пай­даланып, семейліктер автобус құрастыру ісін қолға алған болатын. Оңтүстік Кореяның Daewoo концернімен бірлесіп құрылған Семей автокөлік құрастыру зауытында аталған елдің автобустарын шығару ісі қолға алынды. Алғашқы жоспар бойынша жыл сайын мыңға тарта Daewoo автобустарын шығару жоспар­ланған еді. Өкінішке орай, мұндай өршіл жоспардың жүзеге асуына әлемді шарпы­ған экономикалық дағдарыс бөгет жаса­ды. Дегенмен, алғашқы автобустар конвейерден шығарылып, олардың бірқа­тары Астана қаласының 10 жылдық тойына тарту етілді. Қалғаны ішкі ры­нокта сатылды. Сонымен қатар, бұл зауыт­та соңғы кездері «Беларусь» трак­тор­ларын шығару жөнінен талпыныстар жасалуда. Автокөлік өндірісімен айналысудың сәтті талпыныстары тағы бір өнеркәсіпті өңір Қостанай облысында да байқалып отыр. Жуықта мұнда «Агромашхолдинг Қазақстан» акционерлік қоғамына қарасты Қостанай дизель зауытының негізінде жолсыз жерлермен жүруге лайықталған УАЗ, Ssang Yong авто­көліктерін құрастыратын жаңа өндіріс орны дүниеге келді. Қолдағы мәліметтерге қараған­да, мұндағы өндірісшілер қазірдің өзінде бірнеше Ssang Yong автокөлігін құрас­тырып сы­нақтан өткізіп үлгерген. Ал УАЗ автокө­ліктерін шығару үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығына жоспарлануда. Бұл жобаны жүзеге асыру ісі Қостанай облысы әкімінің қадағалауымен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Тобыл» әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген. Ал инфрақұрылым мен логистика үшін «Агромашхолдинг» жауап береді. Сонымен қатар, бұл зауытта қазіргі күні оңтүстіккореялық автокөлікті құрастыру ісі де қолға алынбақ. Қостанайдағы автокөлік өнер­кә­сібін да­мы­ту ісіне шетелдік бір­қатар компаниялар ықылас таны­туда. Қазіргі жүргізіліп жатқан келіссөздерге қарағанда мұнда бірте-бірте «Мицубиши», «Исудзу», «Сузуки», «Тойота» автокөліктерін шығару ісі қолға алынатын бо­лады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 10,5 мың автокөлік шы­ғаруға дейін жоспарланып салынуда. Бұл іске Ресейдің «Соллерс» компаниясы мен «Allur Auto», «Caspian Group» секілді компаниялар қатысуда. Сөйтіп, Қазақстанда бірте-бірте автокөлік өнеркәсібі дамып келеді. Қазақ­стандық тұтыну рыногының даму қарқыны, сонымен қатар Ресеймен және Беларусьпен бірігіп Кеден одағының құрылуы аталған істің жемісті болатындығынан мол үміт күттіреді. Мәселен, дағдарыс кезеңі деп саналған 2010 жылдың өзінде елдің ішкі рыногында жеңіл автокөліктер сату ісі 2009 жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсе түсті. 2010 жылы елімізде 22 800 автокөлік сатылды. Ал биылғы жылы рынок көлемі тағы да 30 пайызға өсе түседі деген болжамдар жасалуда. Бұл болжам негізсіз емес секілді. Өйткені 2011 жылдың қаңтар айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстыр­ғанда елімізде автокөлік сату ісі 32 пайызға өскендігі мәлім болды. Ресми тіркелген дилерлердің өзі ғана 1677 автокөлік сатып үлгерген. Ал ақпан, наурыз айларында бұл қарқын одан әрі күшейе түсетіндігі байқалуда. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.