• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2011

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

339 рет
көрсетілді

Саланы дамытудың кілті – еңбек өнімділігін арттыру

Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек  КҮРІШБАЕВПЕН әңгіме

– Биылғы жаңа Жолдауда ауыл шаруа­шы­лығын дамытудың көрсеткіштері межеленген. Мәселен, еңбек өнімділігі 2014 жыл­ға дейін 2 есе, 2020 жылға дейін 4 есе өсуге тиіс. Осыған қол жеткізудің нақты шара­лары бар ма? Ол қандай шаралар?

– Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімді­лігін арттыру бойынша Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін саланы техника­лық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақ­тандыру қажет. Осы ретте қазіргі заманғы технологиялар бойынша жұмыс істейтін жаңа ірі өндірістерді салу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске қосудың маңызы ерекше болып отырғандығын айтпақпын. Себебі, біз осы ар­қылы ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы көлеміндегі заман талабына сай жаңаша жұмыс істей алатын ауылшаруашылық құрылымда­рының үлес салмағын бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда ұлғайта түсетін боламыз. Міне, осы бағытта қазіргі күні бірқатар шаралар кешені әзірленіп, іске асырыла бастады.

Осы істің ерекше маңыздылығына байла­ныс­ты біздің мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық бағдарламаларымыз, соның ішінде, техника мен жабдықтарды лизингке беру, жеңіл­дікті несие беру, аграрлық ғылымды дамыту, өндіріске жаңа технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді енгізу, инновациялық қызметті дамыту секілді шаралардың барлығы аталған мақсатқа қарай бағытталып отыр.

Сонымен, егін шаруашылығында саланы индустрияландыру бойынша жалғыз жол – ол егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыра отырып, ауыспалы себуге көшу, яғни дара да­қыл егісінен кету болып отыр. Осыған байла­ныс­ты салаға ауқымды химияландыруды және қазіргі заманға сай ылғал сақтау технология­ларын мейлінше молынан енгізуге мән беріледі. Осындай шаралардың есебінен егістік айна­лымына жаңа жерлерді және ертеректе айна­лымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайта тарту жұмыстары жүргізіледі.

Мал шаруашылығы саласында сапалы да мол өнім беретін асыл тұқымды шетелдік малдарды импорттау және біздің жағдайларға бейімделген жоғары генетикалық сипаттамасы бар тұқымдардың әлеуетін пайдалану арқылы жергілікті тұқымдардың тектік қорын жақсарту ісіне ерекше мән берілуде. Осы арқылы біз еліміздің мал шаруашылығы өнімдерінің экс­порт көлемін мейлінше жедел шешу бағытын ұстанып отырмыз.

Қайта өңдеу саласында мемлекеттік қолдау шаралары арқылы кәсіпорындарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, сондай-ақ бұл салаға инвестиция тарту ісі ынталандырылуда. Осы үшін қайта өңдеу кә­сіп­орындарының банк несиелерінің пайыздық ставкалары, өндіріске халықаралық сапа стан­дарттарын енгізу бойынша шығындары ішінара субсидияланады.

Сонымен, ауыл шаруашылығындағы қазіргі еңбек өнімділігінің төмен деңгейіне ауыл ша­руашылығында жұмыспен қамтылғандардың ішінде үлес салмағы 70 пайыздан астамды құрайтын өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың болуы айтарлықтай ықпал етіп келді. Мұндай адамдардың басым бөлігі үй қасын­дағы жеке қосалқы шаруашылықтармен шұғыл­данатындығын сіздер білесіздер. Енді ауыл шаруашылығында маманданған ірі өндірістер мен тауарлы фермаларды, яғни шағын шаруа­шылықтарды құру арқылы қалыптасып қалған осы дағдыны бұзу көзделеді. Осы мәселені іске асыруда жоғарыда айтылған шаралар едәуір көмектеседі.

Оның үстіне, ауыл шаруашылығы өндірісін ірілендіру және дамыту шараларымен қатар, биылғы Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру үшін қабылданған «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» аясында республика бойын­ша өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесін 33 пайыздан 26 пайызға дейін қысқарту шаралары қарастырылуда. Бұл шара шамамен 600 мыңнан астам адам­ды қамтитын болады.

Ауыл шаруашылы­ғын­­дағы еңбек өнімді­лігі міне, осындай жұ­мыс­тарды жүзеге асыру арқылы артатын болады.

– Жолдауда «етті мал шаруашылығын да­мытуда бұрын-соң­ды болып көрмеген жо­ба жүзеге асырыла­ды» делінген. Ол қан­дай жоба? Таратып айта кетсеңіз.

– Етті мал шаруашы­лығын дамыту және оның экспортын артты­ру­ға бағытталған жоба еліміздің агроөнеркә­сіп­тік кешені саласында жү­зеге асырылатын ау­қым­ды жоба болмақ. Бү­гінде бұл жоба бойынша жұмыстар басталып кетті. Жобаның мақсаты еліміздегі етті бағытта­ғы ірі қара мал үлесін арттырып, ет экспортын ұлғайтуды жолға қою болып табылады. Осы іс­тің аясында жоғары өнімді малдарды өсіру­мен және мал бордақы­лау алаңдарын толықтырумен айналысатын репродуктор шаруашылықтарды құру жоспарлан­ған. Репродуктор шаруашылықтардағы асыл тұқымды мал басы ауыл шаруашылығы құры­лымдарындағы малдардың сапалы түрленуіне бағытталуы тиіс. Жобаның құрамдас бөлігі ретінде шет ел селекциясының асыл тұқымды етті бағыттағы малдарын әкелу қарастырылып отыр.

Осы жоба жүзеге асырылған кезде мал бор­дақылау алаңдарын толықтыру, асыл тұқымды жоғары өнімді етті бағыттағы мал үлесін арттыру мәселелері шешімін табады. Нәтиже­сінде ет экспорты көлемі қазіргіге қарағанда, әлдеқайда өсе түседі.

– Ауылдың қазіргі ахуалы туралы екі­ұдай күй кешеміз. Агроөнеркәсіптік кешенде, оның жекелеген салаларында даму үдерісі айқын байқалып отыр. Бірақ ауыл­дың күйі жақсарды деп айту қиын. Бұрын Кеңес одағының тұсында қосалқы шаруа­шы­лық, яғни қосымша табыс көзі ретінде ғана бағаланған ауладағы 5-6 бас ірі қара, 20-30 бас ұсақ малға енді бүкіл отбасының жағдайы қаратылып отыр. Басқадай табыс көзі жоқ. Осымен жұмыссыздық еңсерілді деп айтуға бола ма? Ауылға көмек көрсетуде енді әрбір отбасына дейін жету тапсырылып отыр. Осының қандай жолдары бар?

– Бұл сұрақтың жауабын мен жоғарыда еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне қатысты ішінара айтып кеттім. Оған қосымша айтарым, 2011 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ауыл халқына шағын несиелер беру ісі кең көлемде қолға алынуда. Сонымен қатар, ауыл халқын шағын несиелендіру үшін шағын несиелік ұйымдарды несиелендіру және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шағын бизнесті несиелендіру жұмыстары жүзеге асы­ры­луда. Осы істерге республикалық бюджеттің қаражаттары және «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ-тың өзіндік қара­жаттары пайдаланылатын болады.

«Жұмыспен қамту бағдарламасы – 2020» жобасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі тарапынан ауылда өзі­нің ісін ұйымдастыруға тілек білдірген аза­мат­тарға 5 жылдан артық емес мерзімге, 3 миллион теңгеден аспайтын сомаға, жергілікті атқарушы органдар белгілейтін сыйақы бойынша шағын несиелер ұсынылады.

Министрлік жүзеге асыратын несиелендіру бағдарламаларының шарттарына сәйкес, ауыл халқын шағын несиелеу бағдарламасы жоғары­да аталған шарттардың ішіндегі ең қолайлысы болып табылады. Несиенің бұл түріне ауылдық жерлерде тұратын, бірақ жұмыс істемейтін немесе табысы күн көріс деңгейінен төмен жеке тұлғалар ие бола алады. Шағын несие 3 жылға дейінгі мерзімге, жылдығы 9,5 пайыздық ставкамен, 1 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде, міндетті түрде өтімді кепілдікті ұсыну шарты­мен беріледі. Осы бағдарламаны іске асыру үшін 2011 жылы «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ-қа республикалық бюджеттен 1 миллиард 500 миллион теңге бөлінді.

2011 жылдан бастап ірі қара мал басының аналығын және ет тұқымды жас малды өсіру үшін өндіруші бұқаларды сатып алуға АӨК нысандарын шағын несиелендіру бойынша «Сыбаға» бағдарламасы іске асырыла бастады. Оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 500 миллион теңге қарас­ты­рылған. Несиелер ұсақ фермерлік шаруашы­лықтарға жылдығы 6 пайыздық ставкамен 7 жылға дейінгі мерзімге 7,5 млн. теңгеге дейінгі көлемде берілетін болады.

– Қазақстан соңғы жылдары әлемдік ры­нокқа тұрақты түрде астық экспорттайтын елге айналды. Ал ұн экспортынан төртінші жыл қатарынан бірінші орында келеді екенбіз. Осымен астық державасына айналдық деп айта аламыз ба? Бұл жөніндегі жетістіктерді тұрақтандырудың қандай нақты мүм­кіндіктері бар? Астық және ұн экспор­тын дамытудың шаралары мен бағыттары туралы айта кетсеңіз.

– Қазақстан ең қолайсыз жылдардың өзінде еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету және экспортқа едәуір астық сату үшін жеткілікті мөлшерде астық өндіріп келеді. Сұраныстың бар болуы, рентабельділік пен табыстың жоғары деңгейі астық секторын одан әрі дамыту, астық пен оның қайта өңделген өнімдерін өндіруді арттыру үшін негізгі фактор болып табылады. Соңғы 5 жылда (2006-2010 жылдар) астық өндірісі­нің орташа жылдық көлемі 17,0 млн. тоннаны құрады, бұл оның алдындағы 5 жылдың (2001-2005 жылдар) көрсеткі­шінен 2,4 миллион тоннға немесе 16,4 пайызға жоғары.

Астық өндірісінің өсуі астық пен оның қайта өңделген өнімдері экспорты көлемінің жоғарылауына септігін тигізді. Соңғы 5 жылда (2006-2010 жылдар) астыққа шаққандағы ұнды қосып алғанда, астық экспортының орташа жылдық көлемі 7,7 млн. тоннадан айналды. Бұл оның алдындағы 5 жылдың (2001-2005 жыл­дар) көрсеткішінен 3,3 млн. тоннаға немесе 75 пайызға артық. Көрсетілген жылдары астық пен ұнды экспортқа сатудан 7,6 млрд. АҚШ доллары түсті. Бұл оның алдындағы 5 жылдан 5,3 миллиард долларға немесе 3,3 есеге артық.

Нәтижесінде Қазақстан астық экспорттаушы әлемдік он мемлекеттің ішіне кірді. Ал 2007 жылдан бастап Қазақстан ұн экспорты бойын­ша әлемде жетекші орында келеді.

Қазақстан астығының сату рыногын ұлғайту, оны үшінші елдердің рыногына жылжыту үшін тасымалдау шығындарын субсидиялау, экспорт инфрақұ­ры­лымын және көліктік логис­тиканы дамыту бойынша шаралар қабылдануда.

Мысалы, 2010 жылы Әміра­бад айлағында (Иран) астықты жылдық өткізу қабілеттілігі 700 мың тоннаға дейін жететін және бір мезгілде сақтау көлемі 53 мың тонна болатын астық тер­миналы пайдалануға берілді. Оны іске қосу нәтижесінде Иран және Кавказ мемлекеттерінің рыногына астық экспорты үшін көліктік-логистикалық тізбе құ­ру жұмысы аяқталды. Болашақ­та астықты қайта тиеп жөнелту бойынша терминалдың қуатты­лығы жылына 1 миллион тон­наға дейін ұлғайтылуы мүмкін.

Каспий теңізінде Ақтау айлағы – Әмірабад айлағы көліктік-логистикалық дәлізінің құрылуы астықты Иран рыно­гына экспорттаумен қатар өзара астық алмастыру (SWAP) опе­ра­циялары арқылы оларды үшін­ші елдердің рыногына шы­ға­ру мүмкіндігін береді.

Қазіргі уақытта Өзен – Горгань темір жол желісін салу жүзеге асырылуда, ол Қазақстанды (Түркіменстан аумағы арқылы) Иранмен байланыстырады және қазақстандық астықтың экспорттық және транзиттік әлеуетін 3 миллион тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Бұл жоба Қазақстанды Түркіменстан, Иран, Парсы шығанағындағы елдермен, Оңтүстік және Оң­түстік-Шығыс Азия елдерімен тікелей жалғас­тыратын қосымша транзиттік жол құруға бағытталған.

Қазақстандық астықты экспорттаудың келешегі бар бағыттың бірі Қытай болып табылады. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Қытай шекарасында темір жол астық терминалын салу жөніндегі мәселемен шұғыл­дануда. Бұл терминалдың жылдық өткізу кабілеттілігі шамамен 500 мың тонна көлемінде болады және оны 1 миллион тоннаға дейін өсіру мүмкіндігі қарастырылады. Осындай есеппен салынатын терминалда бір мезгілде 25 мың тонна астық сақтауға болады. Осы мәселе қазір пысықталу үстінде.

– Қазақстанда егін шаруашылығын жүр­гізудің тәуекелі мол, табиғатқа тәуелділік басым. Осы жайсыздықты еңсерудің қандай амалдары бар? Министрліктің егіншілік саласында ылғал сақтау, тамшылатып суару технологиясын енгізуінің болашақта орын алуы мүмкін су тапшылығын еңсерудегі маңызы зор. Оның қазіргі пайдасы мен тиімділігі жөнінде мысалдармен айта кетсеңіз.

– Республикада өсімдіктің өсуіне қажетті ылғалды тиімді және үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін ылғал сақтау технологиясын енгізу көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді.

2010 жылы осы технология 11,2 миллион гектар дәнді дақылдар алқабында қолданылды. Бұл 2007 жылғы деңгейден 6,2 миллион гектарға немесе 2,2 есеге артық.

Тамшылатып суаруды пайдалану кезінде кәдімгі қарықтатып суарумен салыстырғанда, суды 2-3 есеге дейін үнемдеуге болады. Қорек­тік зат­тарды тікелей тамыр жүйесіне беру есебінен тыңайт­қыштарды жоғары пайдалану коэффи­циентіне (85-90 пайызға) қол жеткізіледі. Арам­шөптер болмағандықтан, қатараралық өңдеу қажет емес, жарамсыз жерлерді пайдалануға болады. Сонымен қатар, тамшылатып суаруды ендіру суармалы жерлерді тұзданудан, батпақ­тану мен эрозиядан қорғайды. Өнімділікті 3-5 есе арттырады.

Тамшылатып суару жүйесі 2010 жылы республика бойынша 10763,7 га алқапқа ендірілді, бұл 2007 жылғы көрсеткіштен (713 га) 15 есе артық. Алайда тамшылатып суаруды қолдану алқаптарының үлесі суармалы жерлердің жалпы көлемінің (1,2 млн. га) 0,9 пайызын ғана құрайды.

– Кең ауқымды селекцияның болашағы туралы айта кетсеңіз. Қазір бұл жүйені құру қандай деңгейде. Толық мәнінде қашан жұмыс істемек?

– Жалпы, республика көлемінде мал шаруа­шылығының қазіргі жағдайын қанағаттанарлық деп айтуға болмайтынын бәріміз де білеміз. Малдың ет, сүт өнімділігі жем-шөппен қамта­масыз етуіне, күтіп-бағу технологиясымен бірге оның генетикалық тегіне де байланысты болатыны белгілі.

Өтпелі кезеңде жалпы мал басымен бірге асыл тұқымды малдың да үлес салмағы 4-5 пайызға дейін азайып кеткені рас.

Осыған сәйкес республика көлемінде ша­руа­­­шы­лықтарда мал тұқымын асылдандыруды мемлекет тарапынан біртұтас жүйеге түсіріп, қолдау мақсатында 2010 жылы кең ауқымды селекция бағдарламасы мақұлданды. Бұл бағдар­ламаның басты мақсаты, ірі қара өсіретін бар­лық шаруашылықтарды қамти отырып, оларға мал тұқымын асылдандыру саласындағы ғылы­ми жаңалықтарды, озат тәжірибелерді, компьютерлік технологияны пайдалану жүйелерін қар­қынды түрде енгізу, осы арқылы кең ауқымды селекцияны дамыған мемлекеттердегі секілді заман талабына сай жолға қою болып табы­лады. Ал бұл ақыр аяғында мал өнімділігін арттыруға орасан зор ықпал ететін болады.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысын­да, 2010 жылы ғалымдардың белсене қатысуы­мен республика бойынша 812 шаруашылықтар­дағы ірі қара мал басы сұрыпталып, олар бойынша ақпараттар бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйеге (АСЖ) енгізілді. Яғни, қазір республика көлемінде ірі қара мал тұқымын асылдандыруға бағытталған орталық селекция ядросы құрылды. Енді осы АСЖ-ның есептеп шығаруына байланысты аталған ша­руа­шылықтарда әрбір аналық сиырға ғылыми тұрғыдан, қандай бұқаның ұрығын салуға бо­латынын анықтап айтуымызға болады. Соны­мен қатар, осы бағдарлама бойынша «Родина» шаруашылығы базасында тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген лаборатория құрылып, ірі қара малдың жоғары өнімді ет, сүт беретін шетелдік 7 тұқымнан тұратын 60 бас донор сиырлары алынды.

Сондай-ақ, эмбриондарды трансплантация жасайтын 20 маманды оқытып шығардық. Олар 743 эмбрионды алып, 431 сиырға отырғызып, 350 бұзау алды.

Осы жоғарыда аталған жұмыстар бұдан былай да атқарыла береді. Сонымен қатар, шаруашылықтарда «Асыл Түлік» АҚ орталы­ғындағы және де шетелдерден алынып келінген көп өнім беретін бұқалардың ұрықтарын кеңінен пайдаланып, малды қолдан ұрықтан­дыру жұмыстарын кең көлемде жүргізу ісі қолға алынуда. Біз осы істердің барлығынан үлкен нәтиже күтеміз.

– Агроқалашықтарды қалыптастыру жөнінде министрлік Беларусь тәжірибесіне сүйенуді жөн көрген секілді. Ал бізге Қа­зақстан үшін Беларусь еліне қарағанда, Канада тәжірибесі қолайлырақ секілді көріне­ді. Себебі, жер арасы шалғай болғанымен екі елдің табиғатында, шикізат байлықтарында ұқсастықтар жеткілікті. Екі елде де жер мол, сол жер көлеміне есептегенде адам саны аз. Сонымен қатар, Беларусь агроқалашық­тары дұрыс жетілмеген деген де пікірлер бар. Осы мәселе туралы ойыңызды білгіміз келеді.

– Қазақстан басшысының Беларусь Респуб­ли­касына жасаған ресми сапарының қорытын­дысы бойынша өткен жылғы маусым айында қазақстандық делегация тарапынан агроқала­шықтарды құру арқылы ауылды жаңғырту мен дамыту бойынша Беларусь Республикасының тәжірибесі зерттелді.

Беларусь Республикасы Президентінің 2005 жылғы 25 наурыздағы жарлығымен 2005-2010 жылдарға арналған ауылды жаңғырту мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Ауылды әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін жағдайлар жасауға және агроөнеркәсіптік кешен жұмысының тиімділігін арттыруға осы бағдарлама бойынша үлкен басымдықтар берілген.

Бағдарламада ұсынылған іс-шаралардың жүйесі әлеуметтік және өндірістік екі бөлімнен тұрады. Ауылда әлеуметтік стандарттарды өт­кізуші болып агроқалашықтар белгіленген. Олар­дың негізінде ауылдық аумақтарды орнық­ты әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың тіршілігі үшін қажетті жағдайларды қалып­тастыру мақсатында 2005-2010 жыл­дар аралығында 1481 агроқалашық­тарды құру қарастырылған.

Аталған құжатта агроқалашық жаңа сапалық үлгідегі кент түрінде белгіленеді: агроқалашық - абаттан­ды­рыл­ған елді мекен, онда тұратын және жақын орналасқан аумақтардың халқына әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету үшін өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылуы тиіс.

Агроқалашықтар аймақтардың мамандан­ды­рылуын және өндірістік күштерді орналас­тыруды ескере отырып анықталатын тіректі әкімшілік-аумақтық бірліктердің негізінде құ­ры­лады. Сөйтіп, келешекте дамыту көзделген ауылдық елді мекендерді алдын-ала жоспарлап, құрылысын салу және абаттандыру жобалары әзірленеді, оларда ауыл халқының өмірін және еңбек әрекеттерінің жағдайын жақсартуға бағытталған өзара байланысты іс-шаралар кешені анықталады.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасымен салыстырғанда, Белоруссияның экономика­сын­да өзіндік ерекшеліктер де бар екендігін айта кеткен жөн. Мәселен, бұл елде әлі күнге дейін жеке сектор іс жүзінде қалыптасқан жоқ. Барлық ірі кәсіпорындар мемлекеттің меншігінде. Бұл жағдай Үкіметке және биліктің жергілікті органдарына әртүрлі әлеуметтік-эконо­микалық мәселелерді шешуде күшті әкімшілік тетікті пайдалануға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, агроқалашықтарды құру арқылы ауылды жаңғырту мен дамыту бойынша Беларусь Республикасының тәжіри­бесі бізге енгізілген жағдайда заңнамалық және нормативтік базаның ерекшеліктері, басқа да өзгешеліктері міндетті түрде ескеріледі. Яғни, тәжірибені зерттеу дегеніміз оны көшіріп алу емес. Біз өзіміздің ішкі ерекшеліктерімізді ескере отырып, өзімізге сай келетін модельді қалыптастырамыз. Сол секілді Канада тәжі­рибесі де бізге дәл сол қалпында келе бермейтіндігін айтуымыз керек.

Қорыта айтқанда, Беларусь тәжірибе­сінің ауылды жоспарлау мен дамыту бағытындағы кейбір қырлары біздің едәуір қызығушылығымызды туғы­зып отыр. Дегенмен, бұл мәселені әлі де зерттей түсуіміз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.