• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2011

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: «Дін – нәзік дүние»

794 рет
көрсетілді

«...Бау-бақшасыз, кітапханасы жоқ, театрсыз қа­ла­лар болуы мүмкін, бірақ ғибадатханаларсыз шаһарлар болуы мүмкін емес», дейді біздің бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері. Мемлекеттік тұтастығымыздың тағы бір кепілі – имандылық пен ізгілік екенін есті адам біледі. Елбасы да: «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп, бір кез­дегі кеңестік идеология салдарынан діні әлсіреп, діңгегі шайқала бастаған халқымызды имандылыққа ұйыту үшін «Асыл арна» телеарнасын ашуға тікелей ықпал еткен болатын. Оның қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеар­на­сы­ның бас директоры Мұхамеджан ТАЗАБЕК әңгімелейді. – Мұхамеджан мырза, 2009 жылдың тамызында ғана тұсауын кескен «Ас­ыл арна» телеарнасын бас-аяғы бір жарым жыл­дың ішінде еліміздің әр шалғайындағы ізгілікке сусындаған мұсылман ба­ла­сы көре бастапты? – Кез келген телеар­на­ның ашылуы сияқты, оның таралуы да оңай шаруа емес. Бірақ, «Асыл арна» біз ойлағаннан да жедел да­мып келеді. Бұл халықтың осындай телеарнаға деген мұқ­таждығына бай­ла­ныс­ты. Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы рухани құн­ды­лықтарымызды қайтарып берді, соның бірі – асыл дініміз. Қазір жастарымыз мешітке бет бұрып, аға-апа­ларымыз өз дініне оралуда. Осы қажеттілікті қанағат­тан­дыру үшін – бір ақ­па­раттық бұлақ көзі қажет болды және ол бұқараны қамтуы керек еді. Мінекей, бір жарым жыл­дан бері кабельдік жүйелер арқылы ірі қалалар мен облыс орталықтары қамты­лып тұр. Бір жылдай уақыт болды, спутниктік кеңіс­тік­ке де шықтық. Ендігі жерде Қазақстанның бар­лық ай­мақтары «Асыл арнаны» то­лық көретін дәрежеге жет­ті. ТМД елдері, Шығыс елдері, Түркия, Қытайдың бергі жағындағы қандас­тарымыз да тыңдаймын десе мүмкіндігі бар. – Бастапқыда «Асыл арнаның» басты қиын­ды­ғы – телевизия саласын­да­ғы мамандар дінді білмей жатады, дінді білген адам теледидар жұмысын білмей жатады» деген едіңіз? – Кез келген телеарана­ның жұмысын жүргізу – қаржы болса аса қиын шаруа емес. Бірақ, біз дінді насихаттайтын арна болған­дықтан, оның үстіне дінсіз қоғамнан шыққандықтан, әрі дінді білетін әрі өз ма­мандығының шебері, кәсіби деңгейі жоғары адамды табу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, «Асыл арнаның» өз мектебі қалыптасып келеді. Дінді білетін, қабілетті жас­тарды осы кәсіптің қыр-сы­рына баулуға көштік. Алыс-жақын ислам мемлекеттеріндегі телеарналарға ма­ман­дарымызды жіберіп, тә­жі­рибе байытып келеміз. Телеарна ашылмай тұрып та Еуропа мен басқа елдердегі мұсылманшылықты на­сихаттайтын арналардың жұмысымен таныстық. – Бастапқыда телеарна 40-қа жуық тележобаның тұсауын кескен еді. Қазір оның саны қанша, сапасы қандай? – Бағдарламалардың ау­қы­­мы кең. Ең бастысы, кө­рер­мендер назарына ұсы­ны­­лып отырған жобалар­дың 99 пайызы өзіміздің жеке телеөнімдеріміз. Дін – нәзік дүние болғандықтан, өзг­е­лер­ге еліктеуге көне бермейді. Мәселен, дүние­жү­зін­дегі мұсылмандық ки­но­­туын­ды­лар мен анима­ция­­лық дү­ние­лер қаржы табу мақсатымен жасалады. Сон­дықтан олар­дың өз шарттары бар. – Қай бағдарламалар сұранысқа ие? – «Таным мен тағы­лым», «Мінбер» «Жұма на­мазы», «Мүбәрак», «Асыл мұрат» деген танымдық бағ­дарламаны жамағат жақ­сы бағалап жүр. Мұнан да бөлек, әлемнің әйгілі адам­дары мен өзге діндегі өкіл­дердің исламды қабылдауы, себептері мен салдарлары жайлы «Нұрланған жүрек­тер» немесе «Хақпен қауы­шу» сынды бағдарламалар да сұранысқа ие. «Милосердие-Мейірім» атты өмір­дің түрлі сынақтарына душар болған, бірақ, иманы мен құлшылық-ғибадаты­ның арқасында сау адамдардан да өзін бақытты сезінетін жандар жайлы бағ­дар­ламаны қызыға көре­тін­дер бар. Материалдық игіліктер бірінші кезекке шы­ғып, адамдар өздерінің рухани сұранысына жауап таба алмай отырғанда, жас­тар­дың өзіне өзі қол салуы, отбасылардың ажырасуы, қарттардың қадірінің қа­шуы, туысқандық қарым-қатынас пен отбасылық құн­­дылықтардың әлсіреуі – қазіргі көкейкесті мәселе­лердің қатарында. Осындай жағдайға душар болудың астарында имансыздық жат­са, оны шешуге де иман­дылық септеседі. Осы тұр­ғыдан алғанда аталған те­ле­жобалардың көтеретін жүгі ауыр және тікелей пай­да­сын тигізіп отырған тұс­та­ры да бар. Исламды тарихпен, экономикамен, мәде­ниет­пен, күнделікті өмір­мен байланыстыратын бағ­дар­ламаларға ден қою жоспарда. – Телебағдарламалар­дың 99 пайызы өз теле­өнім­деріңіз. Бұл тұсауы жаңа кесілген телеарна үшін өте үлкен көрсеткіш екен! – «Асыл арна» 1997 жы­лы студия болып тіркеліп, 2009 жылы жарыққа шық­қан болса, 2006 жылдан бастап роликтер дайындап, қысқа метражды фильмдер түсірумен айналыса баста­дық. Бір жағы бұл ұзақ дайындықтың нәтижесі мен ниетіміздің дұрыстығының жемісі. – Телеарна соңғы уа­қытта қандай бағдар­ла­ма­лармен толықты? – Білгенімізді бір-ақ күнде төгіп бере салуға қар­сымыз. Ислам олай тар­қа­тылмайды. Бұл бастама ұзақ сапарға, пайдалы нәти­жеге жетуді көздейтін жол болғандықтан, елдің дең­гейі­мен санаспай тұра ал­маймыз. Ал Құранның аяттары да 23 жыл бойы үзіліп-үзіліп түсіп отырған. Алла тағала оны бір-ақ күнде тү­сіремін десе – құдіреті жетер еді. Бірақ, Алла та­ғала да адамдардың сана-сезіміне қарай, біртіндеп тәр­бие­леген. Сондықтан да «Асыл арна» бір күнде адамдарды иманды етіп, бір күнде ха­рамды көрсетіп, жа­ман­дық­тан бездіре ал­май­ды. – Көрермені қалып­тасып қалған телеарна­ның келешектегі тынысы қандай болмақ? – Кез келген телеарналар секілді біз де бағдар­ла­маларымыздың сапасы жақ­саруына, техникалық база­мыздың жетілуіне, көрер­мендерімізге мұнан да тиімді, түсінікті, тартымды бо­луға ұмтыламыз. Былайша айтқанда, «­Ас­­ыл арнаның» халықтың өмі­рі­не терең кірігіп, та­маққа қо­сатын тұзы секілді, күн­делікті өмірінің асыл бөл­­шегіне айналдыруды көк­сейміз. Болашақта әлеуметтік бей­не-роликтер жасап, қа­зақ даласында бұрын бастау алмаған мұсылманша көр­кем фильмдер мен телесериалдар түсіруді ойласты­рып отырмыз. Алла бұй­ырт­са, алдағы уақытта ха­лық осы идеяларымызбен қауышып қалар. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.