• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2017

Салымшы білгісі келетін сан сауал бар

372 рет
көрсетілді

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі құқық қорғау органдары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басшысы «Бузгул Аурум» облигацияларын сатып алу әрекеті бойынша екі айға қамауға алынды деген ақпарат таратты. Ұлттық банктегілер бұл іс-әрекет салымшылардың емес, қордың жеке активтері есебінен жүргізілді деп отыр. Яғни, олардың сөз саптау­ларына қарағанда, алаңдауға негіз жоқ сияқты. БЖЗҚ мемлекеттік құры­лым болып табылады. Ол комис­сиялық сыйақыны тек қана салымшылардың есебі­нен тауып отыр. Оның бар­лық шаруашылық қыз­меті халық­тың еңбекпен тап­қан қаржысы есебінен іске асыры­лады. Сол себептен қор­дың қызметі, соның ішін­де жеке активтерді басқару толығымен қоғам алдында есепті болуы тиіс. Сонымен қатар, «Қазақ­стан Республикасында зей­нетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда БЖЗҚ-ның жеке қорын қалыптастыру және қолдану тәртібі реттелмеген. Мәлімет бойынша 2016 жылдың 11 айында қордың жалпы комиссиялық сыйа­қы­сы 55 миллиард 651 миллион теңгені құраған. Мұндай қомақты сома қоғамдық бақылаудан шықпауы тиіс деп санаймыз. Ұлттық банк басқарма­сы­ның 2015 жылдың 20 қаза­нын­дағы №189 қаулысына сәйкес, 2016 жылғы БЖЗҚ-ның комиссиялық сыйақысы инвестициялық табыстың жалпы сомасынан 5,25% көле­мінде белгіленген. Осы­лайша ол 28 миллиард 350 миллион теңгені құрауы керек болатын. Алайда, БЖЗҚ-ның инвестициялық табыстан сый­ақысы 41 миллиард 28 миллион теңге деп белгіленген, яғни инвестициялық табыстың – 7,6 пайызы. Бұған қоса, қор зейнетақы активтерінен айына 0,025% көлемінде сыйақы алып отырады, ол өткен жылдың 11 айында 14 миллиард 622 миллион теңгені құрады. Активтерді басқарғаны үшін комиссия алатын қорға бұл сыйақы не үшін есептеп жазылады? БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясы бекітілген. Ол нысандандырылған құжат болып табылады. Сонымен қатар, зейнетақы қаржысы қандай мақсатта экономиканың қай секторына жұмсалатыны, активтердің құрылымы қалай болатыны айқындалған инвестициялық стратегия жарияланбаған. Қазіргі таңда БЖЗҚ еліміз­дегі ең ірі инвестор болып отыр. Алайда, оның отандық экономикадағы рөлі мүл­дем айқындалмаған. Осының салдарынан активтерді инвес­тициялау бойынша жүйесіз шешімдер қабылданып жатыр. Біз көріп отырғандай, олар мемлекеттік бюджеттің, мем­лекеттік сыңайдағы сек­тордың және «Бузгул Аурум» ЖШС, жеке компания­лардың жыртықтарын жамауға қол­данылады екен. Біріншіден, барлық ха­лық бірдей жинақтаушы зей­нет­ақы жүйесімен қам­тыл­маған. БЖЗҚ мәліметі бо­йынша, өткен жылғы 1 жел­тоқ­сан­да жеке салым бойынша са­лым­шылардың саны 9 мил­­лион 626 мың адамды құра­ған. Ал елімізде жұ­мыс­пен қамтылғандардың саны 8 миллион 484 мың адамды құрайды, ал жалпы экономикалық белсенді халық – 8 миллион 932 мың адам. Шоттардың саны азаматтардың жинақ­таушы зейнетақы жүйесіне қатысуының шынайы көрсет­кішке сай еместігін аңғартып отыр. Екіншіден, жүйеге қатысу­шы азаматтардың жинақтал­ған сомасы зейнетақы жасына шыққанда қалыпты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайды. 2016 жылдың 1 желтоқсанында міндетті салымдар бойынша жинақталған сома 6 триллион 536 миллиард теңгені құраған. Бұл дегеніміз, бір шот бойынша орташа есеп – 680 мың тең­ге. Халықтың шынайы табыс­тарының төмендеуі салдарынан көп адам үшін тиісті соманы жинақтау мүмкін болмай отыр. Жұмыс берушілерден мін­детті зейнетақы салым­дарын енгізу қаржы тапшылығы­ның орнын жартылай ғана толтырады, бірақ мәселені түбе­гейлі шешпейді, оның себебі – жұмыспен қамтылған халықтың төмен табысы. Сондықтан БЖЗҚ-ның жеке активтерді басқару қызметін заңдық тұрғыдан реттеу қажет. Бұл жеке «Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры туралы» Заң шеңберінде іске асуы мүмкін. Бұл заңда салым­шылардың ұжымдық мүд­делерін қорғайтын орган құру да қарастырылуы қажет. Екін­шіден, Ұлттық банк қана емес, басқарма деңгейінде де БЖЗҚ инвестициялық стратегиясын құрастыруды ескеру керек. Онда отандық экономиканың даму міндеттері қамтылуы тиіс. Сонымен қатар, салым­шы­ларға Үкімет пен Ұлттық банк басшылығы тарапынан ұсынылуы тиіс мынадай ақпараттарды білу де аса ма­ңызды: 2016 жылғы инвес­тициялық табыс бойынша БЖЗҚ комиссиялық сыйақысы қандай мөлшер­де және қандай көлемде есептелді? Қазақстан азамат­тарының қаншасы жинақ­таушы зейнет­ақы жүйесінің шынайы қаты­сушысы болып табылмайды немесе шоттары бар, бірақ оған тұрақты салым жасамайды? Бұл мәсе­лені шешу үшін қандай шаралар қолданылады? Сонымен қатар, мына сұ­рақ­тардың да салым­шы­лардың қызығушылығын туғызатыны күмәнсіз: бірінші – азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтары мен қаражаттарының ара қатына­сы қандай; екінші – болжам бойынша жаппай зейнетақы салымдарын төлеу алдын­да БЖЗҚ-ның қаржы тапшылығы қандай. Айқын ҚОҢЫРОВ, Мәжіліс депутаты