Шымкенттің «Ордабасы» футбол командасы «Астананың» бұрынғы капитаны Таңат Нөсербаевпен келісімшартқа отырды. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Айта кетерлігі, форвард дәл осы Шымкенттің мектебінен түлеп шығып, кәсіби мансабын фарм-командасынан бастаған.
Ол 2011 жылдан бастап алдымен Қазақстан премьер-лигасындағы «Локоматив» командасында ойнап, артынша «Астанаға» ауысқан. 2013 жылы елордалықтардың капитаны қызметін атқарды. «Астананың» сапында үш дүркін ел чемпионы атанып, бір рет Қазақстан Кубогына қол жеткізген. Сонымен қатар, өз командасын Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтуіне септігін тигізген.
2016 жылдың ақпан айында жаңадан үшжылдық келісімшартқа қол қойған, алайда өткен айда отбасылық жағдайына байланысты өз еркімен клубтан кетті. Бүгінге дейін сіңірген еңбегі үшін ұжым басшылығы бұл шешіміне еш бөгет болмады. Мұнда ол 152 матчқа қатысып, 46 голдың авторы атанған.
Ал «Ордабасымен» біржылдық келісімге келді.