Бүгін Астанада ипотекалық қарыз алушылармен кезекті кездесу өткізілді, оның барысында Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдері қалалық әкімдікпен, қоғамдық бірлестіктермен және бірқатар банктермен бірлесіп ипотекалық қарыз алушылардың проблемалық мәселелерін және оларды шешу жолдарын талқылады, деп жазады Ұлттық банктің ресми сайты.
Қарыз алушыларды Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде борыштық жүктемені төмендету, қарызды қайта қаржыландыру және жалғыз баспананы сақтау мәселелері қызықтырды.
ҚРҰБ Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев хабарлағандай, қарыздарды қайта қаржыландыру кезеңі 2017 жылғы 1 сәуірге дейін ұзартылды. Оның айтуынша, бұл Бағдарлама капиталдандырылған сомаларды жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша шегергенде қарыз бойынша негізгі борышты қайта қаржыландыруды, сондай-ақ шетел валютасындағы қарыздарды теңгеге ауыстыруды көздейді. Мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген проблемалық валюталық қарыздар ҚРҰБ-ның 2015 жылғы 18 тамыздағы ресми бағамы бойынша қайта қаржыландырылуға жатады.
«Сондай-ақ Бағдарламада халықтың әлеуметтік осал топтары (бұдан әрі – ХӘОТ) санатына жататын қарыз алушыларды банктер немесе ипотекалық ұйымдар қарыздар бойынша сотқа берілген талап арыз бойынша төлеген мемлекеттік баж салығын өтеуден босату көзделген. Оған қоса, банктердің Бағдарламаға қатысушылардан қайта қаржыландырылатын қарызға байланысты комиссияларды, алымдарды және өзге де төлемдерді алуға құқығы жоқ», – деп хабарлады А. Терентьев кездесуге қатысушыларға.
Ол сол сияқты Бағдарламаға 2016 жылғы қыркүйекте енгізілген өзгерістер туралы айтып берді. Атап айтқанда, тұрғын үй және жер телімі бойынша шектеулерді алып тастау; жер телімінің нысаналы бағытын алып тастау; ХӘОТ санатындағы қарыз алушылар үшін жалғыз жер телімінің болуын алып тастау; Бағдарламаға қайта қаржыландыруға өтініш берген күні ХӘОТ мәртебесін растаған қарыз алушыларды, мысалы, 2015 жылғы 1 қаңтардан кейін мүгедектік алған, зейнеткер болған қарыз алушыларды қосу туралы хабарлады.
Кездесуге қатысқан ҚРҰБ-ның Орталық филиалының директоры Әмірбек Санқұбаев та банктер Бағдарлама бойынша қабылдаған, мақұлдаған және қайта қаржыландырған өтінімдер туралы Астана қаласы бойынша деректерді айтып берді. Мәселен, 2017 жылғы 1 қаңтарда банктер қарыздарды қайта қаржыландыруға 22,4 млрд. теңге жалпы сомада 2372 өтінімді қарады, олардан 13,2 млрд. теңге сомадағы 1497 өтінім мақұлданды.
Кездесу барысында қоғамдық бірлестіктер «Investment Astana Group» АҚ және «АФ Ипотека» АҚ қарыз алушыларының мәселелерін шешу жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынды, олардың мүлкі осы компаниялардың балансына қабылданған болатын.
Ұлттық Банк пен екінші деңгейдегі банктердің өкілдерінің кездесу қорытындысы бойынша әрбір қарыз алушының жағдайы жеке тәртіппен қаралды және тиісті консультация берілді.
Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін Ұлттық Банк ҚР Ұлттық экономика министрлігімен, ҚР Қаржы министрлігімен бірлесіп 2027 жылға дейін қарыз алушы жеке тұлғалар мен банктерді Бағдарлама шеңберінде туындайтын салықтарды төлеуден босату жөніндегі жұмысты жүргізгендігін атап өтеміз. Сондай-ақ банктерге Бағдарламаның іске асырылуы кезеңінде қарыз алушыларды жалғыз баспанасынан шығаруды тоқтата тұру туралы хаттар жіберілді, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істемейтін қарыз алушылар мен олардың отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселелері шешілуде, банктермен қазіргі уақытта кредиторлар алдындағы міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндігі жоқ қарыз алушылардың қарыздарын өтеуінің оңтайлы нұсқаларын ұсыну жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілуде.