• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2017

Универсиада мен ЭКСПО кезіндегі қауіпсіздік шаралары талқыланды

334 рет
көрсетілді

Астанада ҚР Президентінің  көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақановтың қатысуымен ІІМ алқасының кеңейтілген отырысы өтті. Онда ішкі істер органдары жедел-қызметтік жұмысының 2016 жылғы жұмыс қорытындысы және алдағы уақыттағы міндеттері талқыланды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлайды. ІІМ-нің алқа отырысына министрліктің басшылық құрамы, аумақтық ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар департаменттерінің, сондай-ақ Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығы мен аумақтағы жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысты. Жиында Ішкі істер министрінің орынбасарлары баяндама жасап, қылмыстық-атқару жүйесі және төтетше жағдайлар комитетінің, сонымен бірге ішкі істер органдарының бірқатар аумақтық бөлімшелерінің басшылары есеп берді. Алқа отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қылмыстық әрекеттерден азаматтардың құқығын қорғау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты алға қойған міндеттерін іске асыру, ішкі істер органдары жедел-қызметтік жұмысындағы олқылықтарды жою, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, ішкі істер органдары жеке құрамының қызмет әдебі нормаларын сақтау мәселелері талқыланды. Жол қауіпсіздігі және құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге байланысты жергілікті полиция қызметінің жұмысы талқыланып, сондай-ақ жедел іздестіру қызметі, қылмыстарды ашу және заңсыз есірткі айналымының жолын кесу, тергеу мен анықтау қызметінің сапасын көтеру мәселелері де жан-жақты қаралды. Қылмыстық-атқару жүйесі мен төтенше жағдайлар бөлімшелері қызметінің қорытындысы қаралып, пробация қызметін одан әрі дамыту шаралары, сондай-ақ құтқару қызметінің алдына қойылған міндеттер сөз болды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов биыл ІІМ жүйесінің қызметі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы деңгейін көтеру, соның ішінде Алматы қаласында бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарын және Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтіп, барлық қаралған мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар берді.