Павлодарда серпіндіктердің бастамасымен жаңа жоба қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы жөнінде «Серпін» іскерлер ұйымы Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Дарын Тәжібаев мәлім етті.
«Павлодарлық серпіндіктер «Қазақстандық арман» атты қоғамдық бірлестік құрған болатын. Осы ұйыммен және Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының жетекшісі Элина Паулимен бірлесе отырып, «Қазақша сөйлеу оңай» жобасын бастадық. Ереже бойынша қазақ тілін меңгеруді мақсат тұтқан кез келген өзге ұлт өкілі мен бір серпіндік қосылып, жеке жұп болады. Оларға бір ай уақыт беріліп, конкурстық жүйеде жеңімпаз анықталады. Шамамен 1 наурыз күні қорытындысы шығып, нәтижелі жұмыс жасаған жұп ЭКСПО-2017 көрмесіне тегін билет ұтып алады», – деді облыстық «Серпін» филиалының төрағасы.
Дарын Тәжібаевтың айтуынша, бүгінде 44 адам жазылып, 22 жұп іске кірісіп кеткен. Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілін дамыту, серпіндік студенттердің жергілікті адамдармен қарым-қатынасын нығайту.