• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Бұл – жаһан көз тіккен үдеріс

332 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы «Rixos President Astana» қонақ үйінде Сириядағы шиеленісті реттеу бойынша халықаралық келіссөздер басталғаны белгілі. Жабық есік жағдайында өтіп жатқан келіссөздер бір тәулікке созылады деп жоспарлануда. «Қазмедиа» орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко келіссөздерге халықаралық қоғамдастықтың қызығушылығы өте жоғары екенін мәлімдеді. Ол шараға 7 тараптың өкілі қатысып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Сирия үкіметінің делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар әл-Джафари басқарады. Сирия оппозициясының делегация­сында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі бар. Ресей делегациясы осы ел президентінің Сирия ісі бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьевтің басшылығымен келіп отыр. Түрік және Иран делегацияларын аталған мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары – Седат Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари бастап келді. Бұдан бөлек, Сириядағы дағдарысты реттеу процесіне БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Крол қатысып отыр. Сонымен қатар, вице-министр Астана процесі бойынша ақпарат таратуға әлемнің түкпір-түкпірінен 320 журналист кел­генін мәлім етті. Олардан бөлек, 120 отандық БАҚ өкілі бар. «Бұқаралық ақ­парат құралдарының өкілдері келіссөз­дердің басында ғана фото және видео түсі­­рі­лімге жіберіледі. Өйткені, оның негіз­гі бөлігі жабық режімде өтеді. Өз­дері­­ңіз байқап отырғандай, қазіргі уақыт­­та Астанадағы сирияаралық келіс­сөз­­дер­ге халықаралық қоғам­дас­тықтың қы­зы­ғу­шылығы өте жоғары», – деді Қа­зақ­стан Сыртқы істер министрінің орынбасары. Ол, сондай-ақ, қажет болған жағ­дайда Қазақстан алдағы уақытта да Сирия мә­селесі бойынша халық­аралық кездесу алаңын ұсынуға дайын екендігін мәлім­деді. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»