• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2011

Ырыс алды – ынтымақ

2462 рет
көрсетілді

Бақтың барар жері – ынтымақ. Қарға тамырлы қазақ десек те ел ішінде бі­реудің кебісін екіншісіне кигізіп қоятын, жау жоқта аттан салып, ала тайдай бүл­діріп жүретіндер қашанда бар. Қазақтың Қалтайы – Қалағаң айт­қан­дай, “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” осынау келеңсіздіктердің алдын алуға тал­пыныстар жасап келеді. Онысы жеміссіз де емес. Осыдан аттай бес жыл бұрын көне, киелі Түркістан қа­ла­сында бастау алып, Мәртөбе мен Ор­да­ба­сы­да, жер кіндігі Қазығұртта жақсы жара­сы­мын тапқан “Ырыс алды – ын­ты­мақ” жиы­ны бұл жолы Мақтаарал ауда­нында өтті. Оңтүстіктің зиялы қауымы жиналған жиынды белгілі жазушы, халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Жетісайдағы Сырдария универси­теті­нің мәдениет сарайында жылдағыдай келелі әнгімелер айтылды, күрмеулі мәсе­ле­лердің түйіні шешілді. Әңгіме өзегі – ын­тымақ, бірлік, татулық және тұрақтылық. Ел иесі, жер иесі – қазақ өз қазанында ға­на қайнамау керек. Қазақ жерінен пана тап­­қан ұлттар мен ұлыстардың арасын­да­ғы берік достыққа дәнекер, ұйытқы бо­луы керек. Алғашқы болып сөз алған об­лыс­тық мәслихаттың хатшысы Әбілқа­сым Досболовтың баяндамасының өн бой­ын­да осындай ойлар аңғарылып тұр­ды. “Ырыс алды – ынтымақтың” жыл сай­ын­ғы өткізілуі бір сарынды емес, қо­ғам­дағы өткір тақырыптарға құрылады. Қазақ рушыл, жүзшіл, ұлтшыл емес. Әйтсе де көзінің алдынан басқаны көр­мейтін, ыздиып киініп, галстук тағып, сыпайы болып көрінгенімен, жан-жағына рушылдықтың қара күйесін жаға жүретін зиянды қауым осы зиялы қауымның ішінен де көптеп табылады. Алғашқы жиын осындайлардың жо­лын кесуге арналса, келесіде жас ұрпақ тәрбиесі алқақотан отырысқа түскен. Ал Мақтааралдағы келелі кеңес “Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жыл­дығына” арналды. Тәуелсіздік алу баз бі­реулердің ойынша қазаққа оңай бол­ға­нымен, оны ұстап тұру үшін сындарлы саясат, жүйелі жұмыс қажет. Діннің мемлекеттен бөлектігін жалау қылып көтеріп, қаншама жат дін, іркіттей ірітетін түрлі секталар соқталап ел ішіне кіріп кетті. Осы­ған мемлекет қандай қайла қылады деп күтпей, халықтың өзі амалын табуы керек-ау. Ел бір тұтас болса, жас ұрпақты қоғамдап ұстаса, зиянды секталардың әре­­кетін көп болып әшкерелеп, адасқан жұрт­тың көзін ашса, ынтымақ пен тұ­рақ­тылықты сақтауға ықпал етсе тамыры жоқ сырттан келгендер не істей алады?! Күні кеше Оңтүстікке іссапармен келген Елбасы Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен кездескенде осындай қолдан күрделендірілген мәселелердің түйінін тар­қатып бергендігі де жиында сөз бол­ды. Бабалар дәстүрі мансұқталмау керек. – «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» демекшi, тәуелсiз қазақ елiнде сан алуан этнос өкiлдерi тату-тәттi өмiр сүрiп жатыр, – деді облыстық тәжiк ұлт­тық-мәдени орталығының төрағасы А.Худайкулов. – Солардың бiрi – бiздiң тә­жiк­тер. Республикада 40 мыңнан астам, ал Мақтааралдың өзiнде 30 мыңға тарта аталған ұлттың өкiлдерi тұрады. Өз ба­сым Елбасының: “Қазақстанда тұратын әр­бiр адам өзiн осы елдiң перзентi сезiн­бейiнше, болашағына сенбейiнше, бiздiң жұмысымыз iлгерi баспайды. Отаны бiр­дiң – тiлегi бiр, жүрегi бiр. Бiрлiк – бiздiң қа­сиеттi туымыз”, – деген қанатты сөз­дерiн жиi еске аламын. Ынтымағы жарасқан елде бақыт та, бақ та мәңгi болмақ. Сондықтан облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң тiкелей ұйытқы болуымен мақталы аймақта “Ырыс алды – ынтымақ” атты жиынның өтуi өте құп­тарлық игi iс деп ойлаймын. Шардара ауданы, Абай ауылының биi, ардагер ұстаз Ж.Төлешова сөзін төмен­дегідей сабақтады. – Дәстүрлi жиынның көпшiлiкке берер тәлiмi зор болды. Ел арасындағы ауыз­бiр­лiк, көптi көрген көнекөз қарияла­ры­мыз­ды құрметтеу, бала тәрбиесiн көп болып қолға алу, әрбiр елдi мекенде қоғамдық тәртiптi сақтау секiлдi мәндi мәселелер кеңiнен әңгiме етiлдi. Ауыл биi ретiнде бүгiнгi балалар психологиясы, жасөспi­рiм­дер арасында қылмыстың өршуi менi қатты мазасыздандырады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары кейбiр ата-аналар бала тәрбиесiне селқос қарай бастады. Ауыл округтерiндегi ардагерлер ке­ңес­терi мен ауыл билерiнiң жұмыстарын жан­дандыруымыз керек. Ел ақсақалдары, ауыл билерi тентектi тезге салатындай тәрбиелiк iспен шұғылданса жөн емес пе? Ауыл әкiмдерi жастарды шағын және орта бизнеспен айналысуға бағыттап, же­ңiл­дiкпен несие алуына жәрдем берiп, қам­қорлық жасаса деймiн. Базарда иран­ның алмасы мен өзбектiң өрiгiн қымбат бағаға сатып ал­ғанша неге сол өнiмдi өзi­мiз өндiрмеймiз? Бұл бiздiң де қолы­мы­з­дан келедi ғой. Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзах­ме­тов қорытындылады. – Бүгiн Мырзашөл жерiндегi жиын аса маңызды мәселелердi сөз еттi. Ел бiрлiгi мен ынтымағынан бастап, өзектi әлеу­мет­тiк проблемалар қамтылды. “Ырыс алды – ынтымақ” шарасының мақсаты да осы. Игi дәстүрдi одан әрi жандандыру үшiн мен “Ырыс алды – ынтымақ” атты қоғам­дық форум құруды ұсынамын, – дедi ол. Азаматтық қоғам мен билік арасында диалог орнатуға арналған форум екi ба­ғыт­та жұмыс iстемек. Бiрiншiсi, жергi­лiктi билiк өкiлдерi форум мүшелерiне бюджет­тiң орындалуы, өндiрiстiң дамуы, әлеу­мет­тiк мәселелердiң шешiлуi бойын­ша есеп бередi. Екiншi бағыт бойынша – қоғамдағы өзектi мәселелердi талқылап, нақты ше­шiмдер қабылдау. Форумға об­лыс, аудан, қала әкiмдерi, облыстық, ау­дан­дық мәсли­хат депутаттары, ардагерлер мен ауыл би­лерi, зиялы қауым өкiл­дерi мүше болады. Жиында “Ырыс алды – ынтымақ” басқосуына қатысушылардың Үндеуi қа­был­данды. Қоғамдық форумның жиыны жылына үш рет – Наурыз, Конституция күнi мен Тәуелсiздiк күнi мерекелерiнiң қарсаңында өтетiн болып белгіленді. “Отанды қалтқысыз сүю оның суы­ғы­на шыдап, ыстығына күюдi талап етедi. Бұл жолда бiздiң ең басты байлығымыз – берекелi бiрлiгiмiз. Халқымызда “Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады” деген даналық сөз бар. Олай болса, ын­тымағы мен бiрлiгi жарасқан елiмiздiң көк байрағы көкке желбiрей берсiн, тәу­ел­сiз елiмiз жайнап, гүлдене түссiн. Басқосу-жиынға қатысушылар “Ырыс ал­ды – ынтымақ” қоғамдық форумын құ­ру жөнiндегi ұсынысты бiрауыздан қолдайды. “Ырыс алды – ынтымақ” атты қанатты қағида мызғымас бiрлiгiмiздi, берiк ау­ыз­бiршiлiгiмiздi, кiшiпейiл iзгiлiгiмiздi ны­ғай­та түссiн, игi iстердiң жалғасуына жол аша берсiн!” Үндеуде осындай ойлар айтылған. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы.