Таяу күндерде қоғамдық саладағы антисемитизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі Парлагада өткен жоғары деңгейдегі конференцияға Парламент Сенатының депутаты, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасының мұсылмандарға қатысты төзбеушілік және кемсітушілікпен күрес жөніндегі Жеке өкілі Әділ Ахметов қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Литва төрағалық ететін ЕҚЫҰ ұйымдастырған шараға Ұйымға қатысушы 32 елдің делегаттары, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдар өкілдері келді. Конференцияның күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау барысында толеранттылықты қамтамасыз ету және ілгерілетудегі, антисемитизмге қарсы күрестегі күш-жігерді қолдауға бағытталған тетіктерді қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі атап өтілді.
Пікірсайыс барысында сөз алған Ә.Ахметов бұл саладағы ақпарат ресурстарының деректер беру тәжірибесі антисемиттік ыңғайдағы шаралардың жолын кесуге емес, оны қоздыруға ықпал ететінін атап өтті. Сенатордың айтуынша, нәсілшілдік, ксенофобия, антисемитизм және төзбеушіліктің басқа да түрлері бір құбылыстың алуан қырлары болып табылады. Ол сондай-ақ Холокостқа әкеліп соққан антисемитизмді зерделеу толеранттылықты ілгерілетуге және төзбеушіліктің, нәсілшілдіктің және ксенофобияның жолын кесуге ықпал ететін білім берудің маңызды бөліктері бола алатыны туралы пікірін білдірді.