Англияның күнделікті шығатын «Guardian» газетінің хабарына қарағанда, Муаммар Каддафидің сенімді өкілі осы елдің билігімен келіссөз жүргізуге келіпті. Ол дағдарыстан шығудың «стратегиясын талқылауды» ұсынған көрінеді.
Бұл Триполидің коалиция авиасоққылары басталғаннан бергі бейбіт келісімге ұмтылған алғашқы қадамы емес. Мұның алдында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Х.Клинтон да Каддафидің адамдары өздерімен келісім жасауға тырысқандары туралы жариялаған еді. Осының алдында Ұлыбританияға Ливияның сыртқы істер министрі Муса Куса ұшып келіп, Каддафидің саясатынан бас тартатынын мәлімдеп, саяси баспана сұраған еді.
ЖҰМСАРТСА ДА ЖҰЛҚЫНУЛАРЫН ҚОЙМАЙДЫ
Белоруссиядағы президенттік сайлау өткелі үш айдан бері басылмай келе жатқан даудың дауасын табуға қадам жасалды. Билік сайлау кезінде елді ереуілге шығуға үгіттегендердің әрекетін енді қоғамдық тәртіпті дөрекілікпен бұзу деген баппен айыптайтынын жариялады.
Бұл баппен оларға қолданылатын жазаның ең ауыры алты айға дейін бас бостандығынан айыру, әйтпесе, айыппұлмен құтылту. Ал айыптаудың бұрынғы бабы «жаппай тәртіпсіздікке жол беру» болатын. Бұл баппен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін еді. Бірақ оппозиция биліктің бұл қадамына да ден қойып отырған жоқ, олар өздерін толығымен ақтауды талап етуде.
ЕРЕУІЛГЕ ТЫЙЫМ САЛУҒА ҚАРСЫЛЫҚ
Мәскеу мен Санкт-Петербургте Ресей конституциясының қарсылық митингілерін өткізуге тыйым салатын 31-бабына қарсы «Стратегия-31» атты шерулер жалғасып келеді. Оған Мәскеуге қарағанда елдің солтүстік астанасында қатысқандар бірнеше есе артық болды.
Елдің астанасында екі жерде болған митингтің бірін жазушы Э.Лимонов, екіншісін мәскеулік Хельсинки тобының басшысы Л.Алексеева ұйымдастырды. Ереуілшілер басшыларының бәрін де полиция уақытша тұтқынға алды. Ресейде 1 наурыздан бастап күшіне енген «Полиция туралы» заңның талабы бойынша ұстар алдында полиция қызметкері өзін таныстырып, сосын тұтқындалушының құқын айтып беруі керек-тін. Бірақ уақытша тұтқындау кезінде оның бірі де болмаған.
АЙЛЫҒЫ ЖАҚСЫ БОЛСА, АТОМ ДА ҚАУІПСІЗ
АҚШ-та Жапониядағы «Фукусима-1» АЭС-і жарылысының зардаптарын жоюға көмек беру үшін мамандар тобын жасақтау жүргізіліп жатыр. Олардан бұрын атом өнеркәсібінде істеп, тәжірибе алғандығы, сонымен бірге, жақын туыстарының келісімі талап етіледі.
Алдағы жексенбіде АҚШ-та жасақталған 10 адамнан тұратын алғашқы топ Жапонияға аттанбақшы. Адамдарды радиоактивті қатері бар жерге баруға ынталандырып отырған, әрине, ақша. Алдын-ала айтылған мәлімет бойынша, оларға төленетін жалақы осы салада қалыпты жағдайда қызмет істейтіндерге қарағанда еселеп арттырылатын көрінеді.
ЖАРЫЛЫСТАРДЫ ЖАҚЫНДАРЫ ДА ЖАСАЙДЫ
Грузияның арнаулы қызметі Кутаиси қаласының мэриясы мен әділет үйінде жарылыс жасамақ болған үш күдіктіні ұстады. Олардың көрсетуінше, жарылысқа тапсырыс беріп, ұйымдастырған Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) офицері Алексей Ушаков екен.
Бұл Ресей тарапынан ұйымдастырылып отырған бірінші лаңкестік емес. Мұнда 2010 жылдың күзінде де Ресей ФҚҚ қатысқан жарылыстар болған. Оны ұйымдастырған майор Е.Борисов екені анықталып, Грузия Интерпол тарапынан оған іздеу салуға қол жеткізген. Сонымен бірге, Грузия жағы аджар шенеунігі Д.Кордадзенің өліміне де ФҚҚ-ның қатысты екенін айтып отыр.
БІР-БІРІН АЙЫПТАУДАН ТАНБАЙ ТҰР
Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучманың үстінен журналист Георгий Гонгадзенің өліміне қатысы бар деген күдікпен қылмысты іс қозғалған еді. Оған негіз болған экс-президенттің бұрынғы сақшысы Н.Мельниченконың бейнетаспасы болатын.
В.Ющенконың кезінде біршама саябырсыған сол іс қазір қайтадан бас көтеріп, осы күндері Л.Кучма да, Н.Мельниченко да Украина бас прокуратурасына жиі келетін болып жүр. Л.Кучма өзіне тағылған айыпты толығымен жоққа шығарады, ал Н.Мельниченко да оны айыптауынан танар емес. Жуырда ол Л.Кучма қазіргі президент В.Януковичтен істі қысқартуды талап етіп, бопсалады деген мәлімдеме таратты.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Жуырда, Киевте Ливиядағы жағдайды саралаған Ресей мен Украина сарапшыларының жиыны болды. Онда Ливиядағы соғыс энергия ресурстарын қайта бөлмекке ұмтылып жатқан алпауыттардың әлегі деп бағаланды.
АҚШ-тың Куиннипиак университеті сауалдама жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Б.Обаманы қолдайтындар үлесі 42 пайызға дейін түсіп кеткенін анықтады. Бұл нәтиже Американың Ливия соғысына араласқанынан кейін болып отыр.
Кот Д’Ивуарда президенттік сайлауда жеңсе де, таққа қол жеткізе алмай отырған А.Уаттараның жақтастары Л.Гбагбоның гвардиясымен қатты шайқасуда. Кеше олар мемлекеттік телевизияны басып алды.
Қытай ғылым жетістіктері жағынан қазір әлемде екінші орынға шықты. Тіпті АҚШ-тағы көптеген инновациялар мен жаңа технологиялар Қытай ғалымдарының қолдарымен іске аса бастағаны мойындалып отыр.
Әзірбайжан тарапының Степанакертке өткен ұшақтар атып түсіріледі дегеніне қарамастан, Армения президенті С.Саргсян Таулы Қарабақтағы жаңа әуежайға бірінші жолаушы болып баратынын жариялады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.