Облыс әкімі Сергей Кулагин ТМД байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті. Байқаушылар Ресейдің Қостанаймен шектесетін Челябі облысынан келіпті. Топты Челябі облыстық әкімшілігінің аймақтармен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Виталий Шиков бастап келді. Алдымен аймақ басшысы қонақтарды облыс тынысымен таныстырды. Ал челябілік байқаушылардың бұл Қостанайға бірінші рет келуі емес еді.
– Қатар жатқан ел болғандықтан, Қазақстанның саяси, экономикалық өмірінен хабарымыз мол. Біз мәслихаттар сайлауында да, соңғы президенттік сайлауға да көрші Қостанай облысына байқаушы ретінде келген едік. Міне, енді бүкіл дүние қарап отырған мерзімінен бұрын өткелі отырған президенттік сайлауға тағы да келдік. «Көрші хақысы» деген бар, оның үстіне бір-бірімізден үйренеріміз де мол, – деді делегация жетекшісі Виталий Шиков. Челябіден 21 байқаушы келді. Олар қалалар мен аудандарға барып, дауыс беру барысын бақылайтын болады.
Кездесуде облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова байқаушыларды сайлауға дайындықтың негізінен аяқталғанынан хабардар етті. Облыста 4 қалалық, 16 аудандық және 860 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Олардың барлығы да жұмысқа қажетті ұйымдастыру техникаларымен, құралдармен заң шеңберінде жабдықталды.
Кездесуде челябілік байқаушылар облыстық сайлау комиссиясының төрайымына сайлаушылардың сайлауға қатысуы үшін қандай жұмыстар жүргізілгендігі туралы сауалдар қойды. Антонина Михайловна оларға дайындық жұмыстары туралы әңгімелей келіп, қостанайлықтар еліміздің тағдырына салғырт қарай алмайтындығын, өткен президенттік сайлауда да облыстағы сайлаушылардың 85,5 пайызы сайлау учаскелеріне келіп, дауыс бергендігін айтты. Сайлау комиссиясының төрайымы бұл жолы да қостанайлықтардың дауыс беруге белсенділікпен келіп, өз таңдауын жасайтындығына сенімді.
Сонымен қатар, президенттік сайлаудың демократиялық деңгейде өтуін бақылау үшін облысқа ЕҚЫҰ-дан екі ұзақ мерзімді және 23 қысқа мерзімді байқаушы келді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.