• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2011

«Қара алтынға» толы қазыналы өлке

2416 рет
көрсетілді

Елімізде «қара алтын» өндіру 20 жыл­дың ішінде жылдық мөлшерін төрт есеге көбейтті, ал әлемде бұл көрсеткіш бір жа­рым есеге ғана артып отыр. Мұнай нары­ғын­дағы мемлекеттің ғаламдық үлесі 10 пайызға өскендігі де хақ. «Қара алтынды» өндіру мен экспорттаудың әлемдік дең­гей­де­гі жаңа орталығын Қазақстан дәйекті түр­де қалыптастырып келеді. Ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды шараға «Маңғыс­тау­мұнайгаз» АҚ-ның қосып отырған үлесі де зор. Маңғыстау мұнайы биыл 50 жылдық торқалы тойын атағалы отыр, бұл күнді де маңғыстаулық мұнайшылар зор жетістіктермен қарсы алуда. Бозашы түбегінде өткен ғасырдың 70-ші жылдары ірі кен орындар ашылды, онда қысқа уақыт ішінде Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас, Жалғызтөбе және басқа да мұнай-газ кен орындары ашылып, игеру үшін дайындалды. Аталмыш кен орын­да­рын ашу есебінен Маңғыстаудың шикізат базасы айтарлықтай кеңейіп, нығайды, кейін қарқынды дами түсті. Тәуелсіздік алған уақыттан бергі мерзім ішінде, мұндай жетістікке жетуімізге осы салада жасалған түбе­гей­лі өзгерістер негіз болып отыр. Бұл деректерді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қа­был­дин өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, «Маң­ғыстаумұнайгаз» АҚ еңбек ұжымымен кездесуінде келтірген болатын. Өткен жылы осы салада атқарылған жұмыстарды қоры­тын­ды­лаған және алдағы міндеттерді межелеген жиынға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­ді­ру» АҚ, «Өзенмұнайгаз» ӨФ, «Қаражан­бас­мұнай» АҚ, «ҚазақТеңізКөлік Флоты» ҰТКҚК» АҚ, «ТеңізСервис» ЖШС, «Қа­лам­қасмұ­най­газ» ӨБ, «Жетібаймұнайгаз» ӨБ еңбек ұж­ым­дары мен барлық еншілес ұйым өкілдері де қатыс­ты. Елбасының би­ылғы Жолдауы­нан туын­дай­тын міндеттерді жүзеге асыру мә­селелері де жиын бары­сын­да талқыланды. Өлке мұнайшыларымен кездескен Қай­ыргелді Мақсұтұлы олардың жасампаз ең­бектері мен жетістіктеріне ризашылық та­нытып: – Қойнауы қазынаға толы Маң­ғыс­тау – мұнай мен газдың ғана емес, ұлттық құн­ды­лықтарды ұлықтаған, ана тілі мен ді­ліміздің қаймағы бұзылмаған, мәдение­ті­міз бен салт-дәстүріміздің берік сақталған мекені. Жаңа кен орындарын барлау мен ашу, өндіру және игеру, еліміздің негізгі ма­гис­траль­дарын салу, халықаралық нарық­тар­ға шығару бағытында сіздердің еңбек­те­ріңіз зор екені шүбәсіз. Алдағы кезеңдерде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры­ның құрылысы барысында 3500 адам жұмыс­қа тартылатын болса, пайда­ла­ну­ға берілген кезде 500-ге жуық жұмыс ор­ны ашылып, 1,5 миллион адам көгілдір от­ын­мен қамтылатын болады. Бұл дегеніңіз ел экономикасының еселеніп, сала қуатының артқанын білдіреді, – деп атап өтті. Со­ны­мен қатар ол Елбасы­ның биылғы Жолдау­ында баса назар ауда­рыл­ған әлеуметтік жа­ңа­ру мәселелеріне айы­рықша тоқталып, ал­ға қарай да «Қаз­Мұнай­Газ» ҰК» АҚ тара­пы­нан бұл саланы дамыту­ға қосатын үлес мөлшері артатынын жеткізді. Біз нарықтық экономикалы елміз, сон­дық­тан еліміздің аумағын түгел жанар-жа­ғар­маймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін нарықтық ұстанымдармен өз үле­сімізді иемденуіміз қажет. Бұл бізге жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп қана қоймай, баға саясатының қолжетімділігіне де мүм­кіндік беруі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мемлекеттік мүдделерді білдіретін көмірсу­тегі­лерін барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау жөніндегі қазақстандық ұлттық оператор бо­лып табылады. Оған қоса, Маңғыстау мұнайшы­лары­ның еселі еңбегі арқасында ел Тәуел­сіз­ді­гі­нің 20 жылдығы мен Маңғыстау мұнайы­ның 50 жылдығы қарсаңында компанияның қолда­уы­мен бірқатар игі шаралар жүзеге асыры­лып жатқанына да халық куә боп отыр. Мұн­да орын алып отырған ауыз тол­тырып ай­тарлық шаралар, Жетібай кентінде дене­шы­нық­тыру-сауықтыру кешені мен өн­ер мекте­бінің құрылысы аяқталып қалды, бұл халық­тық өнер мен бұқаралық спортты дамытуға жасалған тағы бір оң қадам деп бағалаған абзал. Биылғы жылы Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның әлеуметтік әріптестік бағдарламасы бойынша 200 пәтерлік әлеуметтік үй пайда­лануға берілмек, оның аясында бірқатар мұнайшылар да жаңа пәтерге қоныстанады. Тағы бір атап өтер жәйт, үстіміздегі жылы мұнайшылар мен олардың отбасыларының денсаулық­тарын тексеру және емдеу мақса­тында «Кендірлі» демалыс аймағында айы­на 300 адам қабылдайтын медициналық оңал­ту орталығы мен 250 орындық балалар­ды сауықтыру лагерінің құрылысын аяқтау міндеті тұр. Жаңаөзен қаласында қала тұрғындары­ның және мұнайшыларының игілігі үшін са­лынған бірнеше нысан өткен жылы ашыл­ған болатын. Мысалы, №3 орта мектепте жасанды жабынды төселген спорттық алаң қаладағы тағы да 10 мектепке компанияның демеушілігімен салынып берілді. Балаларға 63 ойын алаңқайы пайдалануға берілді. Сон­дай-ақ, №1 СҚКБ аумағында 120 орын­дық тұрмыстық шаруашылық кешен және 30 орындық асхана, №1 және №2, №4 мұ­най-газ өндіру басқармалары аумағында мәдени үйшіктер, №2 мұнай-газ өндіру бас­қармасы аумағындағы СЖАЖ базасындағы 70 орындық тұрмыстық шаруашылық кешен, №4 МГӨБ аумағындағы 100 орындық асхана ашылып, жұмысшылардың пайдала­нуы­на берілді. Тек былтырдың өзінде мұ­най­шылардың әлеуметтік жағдайын жақсар­туға 1,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. ҚМГ БӨ және Маңғыстау облысының әкімдігі 2010 жылы аймақтағы әлеуметтік жобаларды қосымша қаржыландыру туралы Меморандумға қол қойған болатын. Соған байланысты, ҚМГ БӨ Жаңаөзен қаласының қажеттілігі үшін жер қойнауын игеру тура­лы шарттағы міндеттемелерден бөлек 970 млн. теңгеден аса қаржы бөл­ген. Маңғыстау облысына 2013 жылға дейінгі атқаратын бағ­дар­лама бойынша жыл сайын аударатын компанияның 900 млн. теңгесін есептемегенде, осы бағытта 2 млрд. теңге кө­ле­мінде қаражат бөлінген. Бір­ауыздан бекітілген ұжымдық шартқа сәйкес, компания мұ­най­шылар мен олардың отба­сы­ларын емдеу-сауықтыруға, ең­бек жағдайы қауіпсіздігін арт­­тыруға кепілдіктер мен өтем­­ақылар төлеп те отыр. Еліміздегі мұнай мен газ өндірудің 24 пайызын Маң­ғыс­тау облысындағы 50-ге жу­ық мұнай-газ кәсіпорны еңсеріп отыр. Мы­сал ретінде айтар болсақ, «Маңғыстау­мұ­най­газ» былтыр 5 млн. 720 мың тонна қара алтын өндіріп, кіріс 421 млрд. теңгені құ­рағандығын да айтпасқа болмас. Елімізді 2010-2014 жылдары үдемелі ин­дустриялық-инновациялық дамытудың құ­рам­­дас бөлігі «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы болып отыр. Осы өң­ірдегі жұмыс істеп тұрған және жаңадан іске қосылып жатқан сан-салалы өндірістер индустрияландыру бағдарламасының жемістері деуімізге болады және оның барған сайын қарқын ала бастауы көңілімізді өсі­ріп, ертеңге деген сенімімізді бекіте түскен­дей. Аталған индустриялық-инновациялық са­ланы дамытуға компания 20 млрд. АҚШ долларын бөліп отыр. Кәсіпорынның жетістіктері мен жаңа­лық­тарына тоқтала келе, 2010 жылы компания басшылығының технологиялық және басқа­рушылық жетістіктерінің нәтижесінде мұнай өндіру көлемінің ұлғайғанын айтты. Сондай-ақ ол, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаз­Мұ­най­Газ» ҰК» АҚ компаниялары то­бы­на қосыл­ғаннан кейін компания еңбек­кер­лерінің әлеу­мет­тік жағынан қорғалуын көздейтін Ұжым­дық келісімшартқа алғаш рет қол қойыл­ға­нын және бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі жөніндегі республи­ка­лық «Парыз» кон­кур­сының «Үздік ұжым­дық келісім» номи­на­циясын иеленуі компа­нияның әлеуметтік сая­сат­тағы жетістігінің дәлелі екенін жиында сөз алған «Маң­ғыс­таумұнайгаз» АҚ бас ди­рек­­торы А.Айдарбаев мақтанышпен атап өтті. Қара алтынды барлап, өндіретін, мұнай нарығындағы белсенді һәм беделді ұжымға айналған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы соңғы үш жылда өзінің ресурстық базасын 75 пайызға арттырған. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Кенжебек Ибрашев: – Біз 2004 жылы енді құрылған кезде күніне 96 мың баррель мұнай өндірдік. Қа­зір күніне шамамен 220 мың баррель мұнай алып отырмыз. Ал егер жасалып жатқан қазіргі келісімдерді есепке алар болсақ, мұнай өндіру қуатымызды күніне шамамен 330 мың баррельге жеткіземіз. Бұған қажет келісімдер аяқталуға жақын. Яғни біздің компанияның барлық көрсеткіштері өсіп келеді. Жаңа активтерді сатып алу, оларды біріктіріп, сіңіру – бұл компанияның басты мақсаттарының бірі. Биылдың өзінде «Қаз­МұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы «Қазақойл-Ақтөбе», «ҚазақТүрік­Мұ­най» және «Маңғыстаумұнайгаз» секілді бірқатар компаниялардағы үлестерді сатып алу секілді маңызды келісімдер жасады. Бір сөзбен айтқанда, бұл компанияның бағыты айқын, болашағы зор. Біздің компания үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Өзен және Қараман­ды­бас кен орындары маңындағы жерлерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Ағымдағы жылы Бодрай құрылымында 2200 метр тереңдіктегі іздестіру-барлау ұңғыларын бұрғылау көзделген. Сондай-ақ, біз өзіміз жұмыс істеп жатқан аймақтарға үнемі көңіл бөліп отырамыз. Әсіресе, әлеуметтік салаға. Еңбегіміз еленіп те жатыр, – деп атап көрсетті. Аталмыш бас қосу барысында 2010 жыл­ғы атқарылған жұмыстар сараланып, өндірістік-шаруашылық қызмет қорытын­ды­сы шығарылды, сондай-ақ 2011 жылға жаңа міндеттер бекітілді. Мінберге шыққан ардагер мұнайшылар өз ойларын ортаға салу мақсатында ел тәуелсіздігі жыл­да­рын­да­ғы жетістіктер мен қара алтынды игерушілерге жасалып жатқан қамқорлық аясының әлдеқайда жақсарғанын ауыз толтыра айт­ты. Кейінгі буынға үлгі болып жүрген ал­дың­ғы толқын ағалар, еселі еңбек етуде өне­гелі істерімен көрінуін тіледі. Іздерін басып келе жатқан жастар да үн қосты. Бауыржан Исатаев жас мамандар атынан сөз алған компанияда 200-ге таман жастың еңбек ететінін, соның ішінде өзінің де мұнай-газ са­ла­сын өркендетуге қосып жүрген үлесі барын мақтан тұтатынын жеткізді. «Қиын да жауапкершілігі мол мамандықты таң­да­ған соң, соның ыстығына күйіп, суығына тоңу да бақыт екен. «Еңбектің наны тәтті» дегенді енді біліп жатырмын» дейді ол. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Елбасының биылғы халыққа Жолдауы жұмысшыларды серпілтіп қана қоймай, жар­қын болашаққа деген сенімдерін нықтай түсті. Пікірлері мен ойларын жеткізбек болған еңбек ұжымдары өкілдері Жолдауда айрықша мән берілген халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту, үш басымдық бағыт – білім беру, денсаулық сақтау саласын жақ­сар­ту, тілдерді дамыту, тұрғын үй-комму­нал­дық сектор, ауыз су төңірегіндегі жұ­мыс­тар жайлы да тілге тиек етті. Осыған дейін елімізде атқарылған шаруалар аз емес. Сонда да болашақтағы міндеттер әлі де өшпей, одан да зор болып, жеңісті, жемісті нәтижелеріміз артып, оларды бірлесе жүзеге асырып, бекіте түсу қажеттігі де барлық­та­ры­ның жадыларынан орын алды. Зарина АМРАЕВА.