Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарын ашық деп жариялады.
«Бүгін Ұлы Дала елінде салтанатты спорттың – ұлы мерекесі. Жастар сайысына 57 елден 2 мыңнан астам спортшы, мыңдаған спорт маманы мен жанкүйер жиналды. Спорт бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Қонақжай Қазақстан жеріне хош келдіңіздер!» – деді Мемлекет басшысы.
«Жер жаһан көз тіккен бұл Универсиада нағыз жастық жігердің арманы, жарқын жеңістердің бастауы, болашақ Олимпиада чемпиондарының мектебі. Қысқы Универсиада Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағында тұңғыш рет біздің елімізде өткізіліп отыр, бұл – біздің еліміз үшін мәртебе», – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Президент Универсиада қарсаңында Алматыда бірнеше спорт нысаны салынғанын айтып өтті. «Мұның бәрі отандық спорттың инфрақұрылымына салынған инвестиция», - деді Елбасы.