• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Қазақстан жасампаздықтың жаңа кезеңінде

294 рет
көрсетілді

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

Қазақстан жасампаздықтың жаңа кезеңінде

Сәрсенбі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Президент, Парламент және Үкімет арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелеріне байланысты қазақстандықтарға Үндеу арнады. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, осының барлығы мемлекеттік атқарушы органдар мен олардың жетекшілерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында жасалып отыр. Ол ел Конституциясы мен заңдарға өзгерістер енгізуді қажет етеді. «Алдағы реформа біздің дамуымыздың қисыны мен тұтастай қазіргі заманғы даму қисынына арқа сүйейді, – деп атап өтті Елбасы Үндеуде. – Негізгі мәні – Президент өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке береді... Парламенттік сайлауларда жеңіске жеткен партия Үкіметті жасақтауға шешуші түрде ықпал ететін болады». Билік тармақтарында өкілеттіктерді қайта бөлушілік жауапкершілікпен бірге, саяси бәсекелестік те әкеледі. Бұл демократиялық және құқықтық мемлекетті әрі қарай дамытуда маңызды қадам болып табылады. Еліміз биылғы жылы кезекті тарихи белесіне бет бұрды.  Қазақ­стан жан-жақты жаңару мен жасампаздықтың ширек ғасырлық жаңа кезеңіне көшуде. Жүріп өткен алғашқы 25 жыл­дық кезең Тәуелсіз Қазақстан Рес­­публикасының құрылуы мен қалыптасуының негізгі нәти­же­лерімен салмақтанады. Бұл белесте еліміздің нарықтық экономикасы мен демократиялық саяси жүйесі орнықты, өркениетті қоға­мы қалыптасты, жаһанға қуатты мемлекет ретінде танылдық. Ендігі жерде уақыт керуені алдымызға жаңа келелі міндет­тер қоюда. Бұл міндеттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бел­гі­­леп берген стратегиялық бағыт­тар­дан туындауда әрі көз ілес­пес жылдамдықпен дамып келе жат­қан жаһанданудың тегеурінді тол­қынына ілесуге бағдар ұсы­нып отыр. Сондықтан, Елбасы ұсынған конституциялық реформаның жобасы өзінің өзектілігімен әрі тереңдігімен ерекшеленетін аса құнды бастама. Айталық, мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуге қадам басуымыз – мемлекеттің, экономиканың және қоғамның қол жеткізген даму деңгейін сезінудің нақты нәти­жесі, елдің одан әрі ырғақты дамуы­на бағытталатын ауқымды шара. Сонымен бірге, әлемдік даму­дың басты тренді – инклюзивті жаһандану бізден уақыттың күрде­ленген сын-тегеуріндеріне қатыс­ты толымды жауап қай­таруымызды табанды түрде талап етуде. Бұған қоса, «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының негізгі мақ­сат­тарына қол жеткізуде, сон­­­дай-ақ әлемнің ең озық 30 елі­­­­нің қатарына кіру үшін эко­но­­ми­­ка­­лық және әлеу­меттік-мәдени даму жолындағы саяси қон­дыр­ғы­­ны жаңарту қажет­тігін уақыт­тың өзі алға тартуда. Конституциялық реформалар жобасын бүкілхалықтық талқы­лауға шығару елімізді қазіргі заманғы демократия жолына бастап келе жатқан Елбасының аса жоғары саяси деңгейін айғақ­тайды. Осы арқылы Қазақстан әлем­дік қоғамдастықтың беделді әрі танылған мемлекеті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде барша жұртшылыққа  өркениетті даму­ға сенімді де зерделі әрі батыл қадам басып отырғанын тағы да айқындап беріп отыр.