• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Жеті фильм жеті жанрда жол тартады

413 рет
көрсетілді

Әр режиссер жалына қол арта бермейді, сол себепті бұл сала қолдауға зәру. Биыл да Ш.Ай­манов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығар­машылық өндірістік бірлестігі дайындаған жеті қысқа­­мет­ражды көркем фильм­нің өндірісі аяқталды. Қысқа­метражды фильм түсірумен айналысатын бірлестіктің биылғы таңдауы жанры жағынан бір-біріне ұқсамайтын жеті сценарийге түсті. Е.Бораншының «Жетім бұрыш», Баймұрат Жұмановтың «Жесткий тип», А.Әуелбектің «Миша», А.Байракимовтің «На грани», А.Мұсатаевтың «Хат», Д.Махмұттың «Таксист» және Е.Рақымбековтің «Эль Фриман» фильмдері жақын арада көрер­менге жол тартпақ. Қазіргі уақытта барлық фильмдердің түсірілімі аяқталып, монтаждау кезеңіне өткен. Жеті фильм де Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков қысқа нұсқа­дағы жаңа туындылардың түсірілуін ең алдымен жаңа есім­дердің жарыққа шығуымен байланыстырды. «Қазақфильмнің» негізгі мақсаттарының бірі – жас кинематографистерге қолдау көрсету. Осы орайда, біз жыл сайын алты-жеті жас талапкерге тырнақалды фильмдерін түсіруге мүмкіндік береміз. Бұл мүмкіндік тек режиссерлерге ғана емес, сондай-ақ, басқа да жас кино мамандарына беріледі. Қазақ киносының келешегі осы жастардың қолында, сондықтан да оларға кино өнеріне жол ашу қажет», – деді. «Қазақфильм» киностудиясында 1959 жылдан бастап қысқаметражды кино түсіріліп келеді. Кейіннен «Дебют» шығар­машылық өндірістік бірлестігі болып ашылған. Содан бері бұл бірлестік талай режиссерлердің танылуына серпін берді. Киномен айналысқысы келетін жастар, фильм түсіру­ге құл­шынатындар көп. Ал, «Қазақфильм» жас режиссерлердің сценарийлерін қандай талаппен таңдайды? Таңдау үрдісінің қалай жүретіні туралы 1988 жылы «Қазақфильмде» өзінің тырнақалды «Шілде» атты қыс­қаметражды фильмін түсірген режиссер, бірлестіктің көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаев былай деді: «Режиссерлерді өндіріске жіберудің алдында қоржынымызға келіп түскен сценарийлерді талқылаймыз. Соның ішінен жақсы дүние шығады дегендерін іріктеп аламыз. Сценарий авторларымен сөйлесіп, олардың дүниетанымымен танысамыз. Осыған дейін түсірген фильмдерін көреміз. Тек содан кейін ғана өндіріске жіберу мәселесін қарастырамыз». Режиссер үшін де, бірлестікке де фильмдердің көркемдік ерек­шелігі, тақырыбы, айтар ойы аса маңызды. Бірлес­тік­тің басты мақсаты – жас кине­ма­тографистерді сценарий жазудан бастап, пост-про­дак­ш­нге дейінгі өндіріс үрді­сімен таныс­тыру. «Дебют» шығар­машылық өндірістік бірлес­тігі ж­ыл сайын онға жуық жас кинематографистердің кино түсіруіне мүмкіндік береді. «Дебют­тің» жетекшісі Анар Қа­ша­ға­нова осы бірлестікті бір­неше жылдан бері басқарып келеді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ