Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві XXVIII қысқы Универсиадаға орай «Қазақстан спорты – Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құжаттарында» атты тарихи деректі көрме және дөңгелек үстел ұйымдастырды. Архив директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров шараға жиналған қайраткерлер мен зиялы қауым, архив мамандары мен студенттер алдында Қазақстан спортының тарихын құнды мәліметтер негізінде егжей-тегжейлі баяндап берді. Жалпы, көрмеде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві қорларында сақталған спорт мәселелері туралы жоғары мемлекеттік органдардың хат алмасуы, түрлі жылдардағы фотосуреттер, қазақстандық спортшылардың халықаралық және республикалық жарыстарда жеткен спорттық табыстары жекелеген спортшылар туралы құжаттар бізге мүлде беймәлім немесе көмескі тартқан сырдың бетін ашып, үнсіз ғана сөйлеп тұр. Мысалы, 1940 жылдың қарашасында Қазақ КСР-і өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткен, осы атаулы мерекеге орай спартакиада ұйымдастырылып, оған 13 ұлттан 600-ден астам спортшы қатысқан, оның құрамында 200-ден аса әйел мен қазақ ұлтының спортшылары да болған. Ал 1941 жылдың басында Қазақстанда 137 мың спортшы есепке алынған, оның 35 мыңы қазақ ұлтының жастары болған екен.
1949 жылы КСРО халықтарының Бүкілодақтық ІV спартакиадасы өтіп, спорттың 11 түрінен қазақстандық спортшылар 38 рет рекорд жаңартады. 1951 жылы әйгілі Медеу спорт кешенінің ашылуы – Қазақстан спортындағы маңызды кезең болып тарихқа енеді. 1960 жылы тамызда спорттың 42 түрінен Х Бүкілқазақстандық спартакиада өтсе, 1965 жылы КСРО біріншілігінде желмен жарысқан жүйрік Әмин Тұяқов алтын медаль иеленеді. Ал 1970 жылы Қазақстанның ең үздік спортшылары алғаш рет Олимпиадаға қатысып, Мюнхендегі ХХ Олимпиадада күрестен В.Рязанцев алтын медаль алса, А.Назаренко, В.Абоимов, В.Кравченко, В.Солдатенко секілді төрт спортшы күміс медаль сыйлаған.
Қазақстан спортындағы ең жарқын сәт, ол – Қазақстан спортшыларына 16 медаль сыйлаған 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы. Күрестен Ж.Үшкемпіров, А.Быков, су добынан С.Котенко, баскетболшы Н.Ольхова, балуан Ш.Серіков, ауыр атлет В.Мазин, желаяқ В.Муравьев алтын алса, боксшылар С.Қонақбаев, В.Демьяненко күміс, атлет Т.Лесовоя, көгалдағы хоккейден М.Әзизов, Ф.Зигангиров, А.Мясников, О.Загороднев, М.Нечипуренко, А.Гончаров – Кеңес Одағы құрамасы сапында атой салып, қола медальға қол жеткізді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі спортшыларымыздың жетістігі бір төбе. Мұрағат құжаттарындағы деректер ел спортының шежіресін тарқатып қана қоймай, жаңа рекордтарға жетелейтіні сөзсіз.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ