• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Димаш жеңімпаз атанды

440 рет
көрсетілді

Тәңірім қазаққа берерін тауыспасын. Бір Димаш Аспанасты елінің миллиардын аузына қаратып, халқының мерейін тасытып жатса, Қостанайдың Рудный қаласынан тағы бір Димаш ән әлеміне қанат қақты. 21 жастағы жігіт «Евразия» 1» арнасынан көрсетілетін «Голос Казахстана» жобасына қатысып, жеңімпаз атанып, 7 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Онда ол Майкл Джексонның, Робертино Лореттидің, Вла­димир Пресняковтың репертуарынан әндер орындап, көрерменін де, қатал сыншы қазылар алқасын да риза етті. Оның алдында «Х-фактор» жобасына да қатысқан болатын. Онда тәжірибесі жетісіңкіремесе де, Димаш Дәулетовтің ерекше дауысы үшін қазылар алқасының пікірі екіге жарылған болатын. Жобаның аяғына дейін жете алмағаны әнге ынты­зар жігіттің рухын жасыт­қан жоқ, қайта арманын асқақ­тата түскен секілді болды. Негізі, Димаштың есімі – Дінмұхамед. Өзбекстанда жүріп аңсары атамекен болған қандастардың ша­ңыра­ғында ұл туғанда Қазақ­станды көп жыл басқарған, қазақтың біртуар ұлы Дін­мұхамед Қонаев атасының есімін беріп, азан шақырған ғой. Дінмұхамед атасы секілді бұл ұл да Димаш атанды. Ол 9-сыныпқа көшкенде ата-анасы Рудный қаласына көшіп келді. Өзбекстанның Науаи облысынан келген ағайындар шетінен кенші. Димаш Дәу­летов те мектепті бітіре са­ла кеншілер қаласындағы Құрылыс және көлік-техни­калық колледжіне түсті, экскаваторды шыр көбелек айналдыратын, бүге-шігесіне дейін жөндейтін маман болып шықты. Соколов-Сарыбай кен өндіру бір­лес­­тігінің Автокөлік бас­қармасының техника жөндеу цехында слесарь болып екі жыл істеді. Ұлдың қолы жұмыста болғанмен, көкірегін ән кернейтін. Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударған ағайынның жастарында үлкеннің алдынан өтпейтін, үлкен тұрып, кіші сөйлемейтін ибалық, қазақ, орыс, өзбек тілдерінде сайрап тұрса да, «мен» деп көкірегін ұрмайтын ұяңдық көзге ұрып тұрады. Сол мінез, сол діл Дәу­летовтің өскен отбасына да тән еді. – Әнді үйде айтып жүремін, бірақ оны көп­шілік біле бермейтін. Кол­ледж­ге түсерде ұстаздар «қан­дай өнерің бар?» деп сұрады. Мен оқуға түсуге көмек бола берсін деп, ойланып отырдым да «ән айтамын» дедім. Содан оқып жүргенде ұстазым Айгүл Аманжолқызы мені болмай сахнаға шығарды. Барлығы содан басталды, – дейді Д.Дәу­летов. Кеншілік жұмысты ол ұнатпай қалған жоқ, табысы да жаман емес еді. Алайда, ән мен кен бір Димашқа ауыр соғатынын сезді. Сонан соң Астанаға барып, музыкалық білім алғысы келді. Қазір бас қаладағы Қазақ ұлттық өнер университетінің эстрадалық вокал факультетінің дайын­дық курсына түсті. «Голос Казахстана» тележобасында қазылар алқасы Дәу­летовтің дауы­сына ерекше баға берді. Ер адамдарда сирек кезде­сетін дауыс деп таныды. – Менің дауысымды Робертино Лореттидің дауы­сына ұқсатады. Менің ар­маным – Робертиноға ұқ­сау емес, музыкалық білім алып, өз дауысымды табу, – дейді Димаш Дәулетов. Ол өнер жолының қиындығы да кеніштің бейнетінен кем емес екенін біледі. Бірақ өнер оны таңдағандай. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ