• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

«Біз мұндайды армандаған да жоқпыз!..»

432 рет
көрсетілді

Универсиада астанасы Алматының өзінде өтетін Алау эстафетасына қаты­сушылардың бірі – белгілі қаламгер, спорт журналистикасының көрнекті өкілі Несіп Жүнісбаев. Межелі күн таяған тұста ағамызға жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік. – Несіп аға, алаугер болыпсыз, құтты болсын! – Айтсын. Алау эстафетасына қа­ты­сатын 29 адам Алматы қала­сы­ның әкімі Бауыржан Байбектің қа­был­дауында болдық. Арамызда Олим­пиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Ермұхан Ыбрайымов, Ольга Шишигина, Дмитрий Баландин, Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, өнер адамдарынан Сәкен Майғазиев, Қайрат Нұртас секілді елімізге бел­гілі тұлғалар бар. Мені алаугерлер қа­тарына шақыруы спорт журналисти­касына деген құрмет деп білемін. Мұ­ның алдындағы қысқы Азиадада да алау алып жүгірген болатынмын. Еңбегімізді бағалағаны шығар... – Сіз қай аралықта жүгіресіз? – Сейфуллин көшесі бойымен төмен қарай Қазыбек би көшесінен Төле би көшесіне дейін 200 метр жүгірдім. Мен 200 метр жүгірген кезде бір дарынды баланың жүрегінде спортқа деген махаббат отын жаға алсам, бір мақсатқа жеттім деп есептер едім. Қазақстан бойынша әрбір алаугер бір баланың спортқа деген ықыласын тудырса, яғни 800 баланың жүрегінде от жақса, тамаша емес пе?! – Универсиада туралы ойыңыз қандай? – Өткен ғасырдың 70-ші жыл­да­рындағы Сейдахмет Бердіқұлов, Сұлтанғали Қаратаев,  Жақсылық Темірбеков ағаларымыздың заманын­да біз мұндайды армандаған да жоқ­пыз. Қазақстанда осындай спорт ғимараттары салынады, Азиада, Уни­версиада өтеді деген үш ұйықтасақ тү­сімізге кірмеген. Бұл деген еліміз өркениет көшіне ілесті деген сөз. Соған қуану керек. Кейбір керауыз БАҚ  көп ақша кетеді, осының не керегі бар деп сарыуайымға салынады. Мен айтар едім: иә көп ақша кетеді, бірақ бұл біздің спортымыздың дамуына дүмпу, қозғалыс болмай ма? Қаншама спорт нысандары салынды, солардың бәрі келешекте ел игілігі үшін жұмыс істейді ғой. Алатауымыз, «Медеуіміз», «Шымбұлағымыз» бар, соларды әлемге әйгілей бергеннен ұтылмаймыз. Анда-санда, жиырма жылда бір үлкен спорт жарысын өт­кіз­бегенде оларды не істейміз? – Сіздіңше осы Универсиадада Қазақ­стан құрамасының мүм­кін­дік­тері қандай? – Әрине, Қазақстан топ жара қоймас, Италия, Норвегия, Ресей және басқа да қысқы спорты мықты елдер бар. Біз үштіктің, бестіктің ішіне іліксек те үлкен олжа. Қазақ елінің намысын қашанғы Смирновтар мен Ковальчуктар қорғайды? Енді кезек өзіміздің қыз-жігіттерге келді. Кешегі Сочиде жүлдеге бір табан жақын болған, бүгінде талай додаларда топ жарып жүрген шорт-трекшілер Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиев, Аслан Даумов, фристайлшы, әлем чемпионаты мен Әлем кубогының күміс жүлдегері Жанбота Алдабергенова сияқты дарынды спортшыларымыз бар! Соларды көрсетуіміз керек, шашбауын көте­руіміз керек. Журналистерге айтарым: Универ­сиаданың көлеңкесін емес, күнгейін көрсету қажет. Егемен елімізді дәріптей білуіміз керек. – Қазір өзіңіз қайда қызмет іс­тейсіз? – Мен қазір «Қазспорт» телеарнасында келісімшарт бойынша сарап­шы-редакторлық қызметтемін, теле­жур­налистердің тілі мен стилінің дұрыс болуын қадағалаймын, мүмкіндігінше ақыл-кеңесімді берем. Тіл дұрыс болуы керек, қазақтың көркем тілі спортта да үстемдік құруы үшін еңбек етіп жатқан жайым бар. – Әңгімеңізге рахмет! Қазақ елінің спорттағы абыройы арта берсін! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА