• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Ақ жол саған, Универсиада!

353 рет
көрсетілді

Алматыдағы Универсиада-2017 Алау эстафетасы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дегі «Шығыс Аристотелі» ескерткіші мен Республика сарайының алдындағы Абай ескерткішінің арасында өтті. Эстафетаға 100 адам қатысты. Жалындаған жастық пен алаулаған шынайы сезімнің ордасындай болған елі­міздің бас білім ошағының ау­ма­ғындағы ерекше салтанат күн сәулесі шапағын шашқан сәттен басталды. Студент жас­тардың ұрандаған жігерлі дауысы айналаға айбар берген Алатаудың етегін думандатып, төңіректі дүбірге бөледі. – Алға, Қазақстан! Алға, Қазақстан! Алға, Қазақстан! Жастар дауысы мен жігерлі музыка бір сәтке тыныс ал­ған­да бүгінгінің самұрығы – сұ­лу сұңқардың символындай қа­лық­тап жердегі думанды төбеден тү­сірген дрондардың пырылдаған дау­ысы естілді... Көп кешікпей думанды жұрт алдына Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек шығып сөз бас­тады. – Қазақтың ежелгі түсі­ні­гіндегі От киесі, От-Ана барша жақсылық пен ізгіліктің бас­тауы болса керек-ті. Хал­қымыз ерекше мән берген ең қастерлі, ең қасиетті Отан, отбасы деген ұғым да осы «от» түбірінен шыққан. Дүние жү­зіндегі а­у­қымды дода Ел­басымыз – Қазақстан­ның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол­дауымен қа-сиет­ті қазақ же­рін­де, Алматы қа­ласында тұң­ғыш рет өтіп оты­руы әлем жұртшы­лы­ғының ел­ге құрметі, Қазақстан Рес­пуб­ли­касының жа­сампаз халқы мен оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ар­налған ерекше сенімі, – деп атап өтті қала әкімі. Алматыдағы Универсиада алау­ын тұтату қазақ білімінің қара­шаңырағы әл-Фараби атын­дағ­ы Ұлттық университетте өтуі де тектен-тек емес. Бұл іргелі оқу орны елімізге танымал қанша спорт саңлақтарын тәрбиелеп шықты. ...Бүгінгі ғажайып техно­ло­гия­лық жетістіктерді жүзеге асы­румен жалын атқан ғаламат от-ошақтан алау тұтатқан уни­вер­ситеттің үздік студенті Айсұлу Ерниязова Алматыда ал­ғаш жағылған жа­рыс алауын алып келіп, қала әкімі Бауыржан Бай­бекке табыс­тады. Салтанат басталды. Думанды музыка мен дуыл­даған студент жастардың қо­шеметімен Тимирязев көшесіне бет алған алау ұста­ған қала әкімі Бауыржан Бай­бекті жарыс жолындағы 2-ші эстафета нүктесінде өткен жыл­ғы Рио-де-Жанейро-2016 Олимпиадасының суда жүзу­ден чемпионы, әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ студенті Дмитрий Баландин тосып тұрған. Ел сенімін ақтаған  Дмитрий Баландинді қау­малап, желеп-жебеген желаяқ топ сол қанатқа бұ­рылып, Манас көшесіне қа­рай жол тартты. 3-ші эстафета нүктесінде күллі Азия құр­лығы жастарын сәнімен, сым­батымен ғана емес, волейбол спортындағы асқан шебер ойындарымен таң қалдырып, тамсандырған атақты спортшы қызымыз Сабина Алтынбекова күтіп тұрған болатын. Сабина­дан эстафета алауын қала­лық мәслихаттың депутаты Мұрат Әділханов алып, белгілі қашық­тық­ты жүгіріп өткен бойда алау­ды Республикалық спорт колле­джінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Амалбек Тшановқа берді... Осылайша, Манас көше­сімен тіп-тіке жол тарт­қан алау эс­та­фетасы Абай даң­ғы­лына бет алды. Абай даңғылына түсіп от-алауды қолдан қолға өткізіп алға жылжыған топ Уни­вер­сиа­даның жарыс өткізетін бас­ты алаңдарының бірі – Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне жақындай түс­ті. Осы екі арада тек Алма­тыға ғана емес, күллі Қа­зақстанға есімдері танымал бір топ азамат эстафета алауын кезектесіп ұстап үлгер­ген. Олар­дың қатарында әйгілі киноактриса Қарлығаш Мұхаметжанова, ақын Болатбек Оразбаев, блогер Айтбек Аулбаев, «Базис-А» кор­­­по­рациясының төрағасы Павел Белович, актер Асылхан Төлепов жүрді. Қалалық Орталық суға жү­зу бассейні мен Сейфуллин даң­ғылына дейін жеті нүктеде алау ұстайтындар сапында атақты спорт­шы Дәулет Тұрлыханов, «Қайрат» ФК бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Зәкіриянов, таны­мал жас шахматшы Жансая Әбді­мәлік, эстрада әншісі Айқын Төлеп­берген, Олимпиада ойын­дарының күміс жүлдегері Ислам Байра­му­ков, актер, комедиялық шоу­мен Нұртас Адамбай және басқа­ла­рының есімдері аталды. Таңғы сағат 10.20-да алау тұтатқан эстафеташылар көр­се­тіл­ген мерзім бойын­ша сағат 14.00-де Гоголь, Төлеби, Байтұрсынұлы, Сәтбаев көше­лерін басып өтіп, Достық даң­ғылымен төмен құлдилап, Республика сарайы алдындағы Абай ескерткішінің түбіне табан тіреді. Сәтбаев көшесіндегі 84-ші нүк­теде Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің қолынан эстафета алауын алған атақ­ты байкер Дмит­рий Петрухин алауды әл-Фара­би атындағы Ұлттық универ­ситеттің ректоры Ғалым Мұ­тановқа жеткізіп берді. ...Алматыда өтетін XXVIII Дүниежүзілік Уни­вер­сиада­ға қатысушы 57 елдің мем­лекеттік туларын кө­терген жас­тар қалың топтың арасы­нан жүріп өтіп, алау та­сы­ма­лаушыларға жол ашты. Топтың алдына түсіп, бұл жүгіріп келген Халықаралық сту­денттер спорты феде­ра­циясының (FISU) пре­зи­денті Олег Матыцин еді. Алауды қолына алып, тік көтере ұстап дүйім жұрт алды­на шыққан бүгінгі Алматы­дағы өтіп жатқан өте үл­кен спорттық ойынның ха­лық­аралық жетекшісі былай деді: – Сіздерге осы алаңнан шынайы сәлем жолдаймын! Ең алды­мен, Универсиаданың қазақ жерінде өтуіне үлкен еңбек сіңірген FISU командасына ри­за­шылығымды білдіре отырып, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, қала әкімі Бауыржан Байбекке рахмет (қазақша – авт.) айтқым келеді. АЛҒА!.. ...Эстафета алауы арнайы дү­ріл­дете соғылған қол ша­палақтың астында арнайы контейнерге салынып, арнайы жабдықталып брондалған көлікпен кешкісін алау жағылатын «Алматы Арена» спорт сарайына жөнелтілді. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ