Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның бюро отырысы өтті. Онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Ол бойынша Мәжіліс депутаттары «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға өзгерістер енгізуге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарайды деп күтілуде.
Сонымен бірге, еліміздің кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы да осы күні халық қалаулыларының талқысына ұсынылмақ.
Жалпы отырыста халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының жарғысын ратификациялау бойынша заң жобасы жұмысқа қабылданатын болады.
Бюро отырысында Оңтүстік Қазақстан облысында парламенттік тыңдауды дайындау жөніндегі арнаулы уақытша комиссияның көшпелі отырысын өткізу және депутаттардың сайлаушылармен кездесулері үшін өңірлерге сапарға шығуы туралы қаулы қабылданды.