• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2011

Жаңа анықтама беретін уақыт

389 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Роберт Спенсер Оливерді және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сы делегациясының басшысы – ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушыларының Арнайы үйлестірушісі Тонино Пи­цуланы қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Президентінің баспасөз қызметі. Әңгіме барысында Қазақ­стан­да өтетін алдағы президенттік сайлаудың мәселесі талқы­ланды. – Сізді Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының мазмұнды бағдарламасының толық табыс­ты өтуімен құттықтағым келеді. Мен бұл мәселені Венада біздің соңғы сессиямызда көтерген едім. Бұл – өте маңызды іс-шара. Сондықтан жетпісінші жылдан бері, бұрынғы КСРО-ның құ­рамын­да болған бір ғана ел, әлемдегі ең ірі ұйымды толық­қан­ды басқарды. ЕҚЫҰ – көлемі бойынша БҰҰ-дан кейінгі екінші халықаралық ұйым және қауіп­сіздік мәселелерімен айна­лы­сатын әлемдегі ең үлкен ұйым. Бұрындары біз ЕҚЫҰ-ны «Шығыстан Венаға дейін, Венадан Батысқа дейін» деп жиі айтып келдік. Бүгінде ЕҚЫҰ-ға «Астана Саммитіне дейін және Астана Саммитінен кейін» деп, уақыттың өлшемі бойынша жаңа анықтама беретін уақыт келді. Бұл қозғалысқа Қазақстан және Сіз басшылық жасадыңыздар, – деп атап өтті кездесуде Т.Пицула. – Мен көптеген сайлауды байқауға қатыстым. Солардың алғашқысы 1994 жылы Қазақ­станда өткен сайлау еді. Содан бері мен сіздердің республика­ларыңыздан үнемі өрлеу көре­мін, – деді кездесуде Р. Оливер. – Біз Парламенттік Ассам­блея­ның біздің ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуіміздегі және ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізуімізді қолдаудағы рөлін жоғары бағалаймыз. Біз төрағалық кезінде үлкен істер атқардық, саммитті өткізу және декларацияны қа­былдау үшін де көптеген жұмыс­тар жасалды. Он бір жыл бойы мемлекет басшылары деңгейінде бас қоспай келген ЕҚЫҰ-ның қызметін жандандыруға жаңаша серпін бердік деп санаймын, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. – Біз алдағы кезектен тыс президенттік сайлау халық­ара­лық стандарттарға сәйкес өте­ті­ніне сенімдіміз, – деді кездесуден кейін журналистерге арнал­ған брифинг барысында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы де­ле­гациясының басшысы Т.Пицула. Бұдан бұрын хабарланғанын­дай, биылғы жылғы 3 наурызда «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында болғанында, Президент белсенді сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гіз­бейтінін, ал мемлекеттік саясат­ты іске асыруда өзекті мәселе­лермен айналысатынын атап өт­кен болатын. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ сайлауалды ке­зең­де қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін атап өт­кен. Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің назарын сайлау заңнамасын сақтау қа­жет­тігіне аударған. Барлық мемлекеттік билік органдары сайлау науқанының барысына араласпай, тек өз істерімен шұғыл­данулары керек. Президент Бас прокуратураға заңнаманың сақ­та­луын қадағалауды қамтамасыз етуді, сайлау туралы заңнама­ның бұзылғандығы жайлы ша­ғымдар мен өзге өтініштер тура­лы деректерге жедел назар са­лып, қандай да бір құқық бұзу­шы­лық деректері орын алған жағдайда оны тез арада жойып, бұл ретте принциптілік таны­тулары қажеттігі туралы тап­сыр­ма берген. Мемлекет бас­шы­сы сайлауға бақылау жасау және қоғамдық бақылауды қамта­ма­сыз ету қажеттігін атап көрсет­кен.