Бірінші жартылай орта салмақта айқасатын қазақстандық Батыр Жүкембаев өз салмақ дәрежесіндегі үздік 100 боксшының қатарына кірді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Кеше 25 жастағы Жүкембаев Канаданың Квебек қаласында Стивен Батлер мен Брендон Куктың андеркартында мексикалық Давид Ранхельмен жұдырықтасты. 8 раундтық жекпе-жектің бар-жоғы 2-минутында-ақ қарсыласын сұлатып түсірді.
Осы жеңісінен кейін қазақстандық былғары қолғап шебері BoxRec рейтингінде 26 орынға көтеріліп, 91-орынға орналасты.
Жүкембаев осымен 8 жекпе-жегінің жетеуін уақытынан бұрын аяқтап отыр.
Сонымен қатар, дәл осы кеште тағы бір қазақстандық боксшы Абылайхан Құсайынов та шаршы алаңға шықты. Жеңіл салмақта мексикалық Оскар Мехияны 6-раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Жаңартылған рейтингте ол 128-орынға көтеріліп, 323-орынға тұрақтады. Бүгінге дейін 5 кездесу өткізіп, төртеуін уақытынан бұрын аяқтаған.