• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Өскемендік фристайлшы Еуропа кубогында екі бірдей жүлде алды

322 рет
көрсетілді

Францияның курортты шаһары Альбиезден жағымды жаңалық жетті Алтайға. Он бес жастағы ө­скемендік бойжеткен Аяулым Әміренова фристайлдың могул түрінен өткен Еуропа кубогының бірінші кезеңінде 3-ші, жұптасып өнер көрсетуден сайысқа түскен екінші кезеңде 2-орынды иеленді. Қазір екі кезең бойынша сәтті сырғанаған қазақ қызы рейтингте көш бастап, үздіктерге берілетін сары жейдені киіпті. - Бұл – Аяулымның спорттағы алғашқы үлкен жетістігі. Қуаныштан жүрегіміз жарылардай болып тұр. Әрине, ел ішіндегі жарыстарда топ жарып жүргенімен, шет елде өтетін үлкен дүбірлі додаларда жүлдеге іліну оңай шаруа емес. Бұған дейін қызымыз екі-үш мәрте Еуропа кубогына қатысып, бірде 10, бірде 8-орындарды иеленіп жүрді. Ең жоғарғы жетістігі -  6-орын. Бұл жолғы жарыстың бірінші кезеңінде 1-орынды Норвегия, 2-орынды Британия спортшылары алған екен. Он алты мемлекеттен қатысқан жиырма төрт қыздың ішінен 3-орыннан көріну үлкен жетістік деп ойлаймын. Болашағы әлі алда ғой, - дейді анасы Гаухария Сабилдина. Кәрі құрлықта өткен дүбірлі додаға Өскеменнен Аяулыммен бірге екі спортшы қатысқан көрінеді. 18 жастағы Олег Цинн бірінші кезеңде 6-орынға табан тірепті. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, жастар арасындағы спартакиаданың жеңімпазы атанған өскемендік бойжеткен қазіргі уақытта ақпан айында Жапонияның Саппоро қаласында өтетін Азиада ойындарына қатысуға әзірленіп жатқан көрінеді. Бір айта кетерлігі, бұл сайыста фристайлдың могул түрінен қазақ қыздары арасынан жалғыз Аяулым ғана ел намысын қорғайтын болады. Интернеттің заманы ғой қазір. Аяулыммен телефон арқылы тілдесе алмасақ та, ата-анасының рұқсатымен whatsapp желісі арқылы сөйлесудің сәті түсті. «Жарыс қалайша өтті? Көңіл-күйің қалай?» деген сауалымызға: «Жарыс қиын да, оңай да болған жоқ. Басында қатты уайымдап едім. 3-орын алғанымды естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Екінші кезең де мен үшін сәтті болды. Өте қуаныштымын» деп жауап жазыпты Аяулым. Азамат Қасым, «Егемен Қазақстан» Өскемен