№3 ЭНЕРГОБЛОК ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ МА?
Екібастұздан 30 шақырым жерде орналасқан ГРЭС-2 стансасы №3 энергоблогының құрылысын бастау жөніндегі әңгіменің соңғы 5-6 жыл бойы айтылып, ұзаққа созылып кеткені белгілі. Бұл мәселе өткен бір жылдағы Елбасы Жолдауында да арнайы айтылды.
Жалпы, бұл энергоблокты салу үшін станса әрқайсысы 50 пайыздан акцияларға ие ресейліктер мен біздің еліміз Еуропа Қайта құру және даму банкінен қаржы алмақшы болған еді. Бірақ, олар бұл өндірістің экологиялық талаптарға сай келмейтінін айтып, бас тартқан көрінеді. Себебі, стансада жағылатын көмірдің 45 пайызға жуығы күл, қоршаған ортаға зиянды жағы бар екенін экологтар да ескерткен сияқты. Ал, қазіргі кезде энергия қауіпсіздігі мәселесі айтыла бастады. Елбасы тапсырмасымен елімізде «Солтүстік-Оңтүстік», «Солтүстік-Батыс» транзиттік тасымал электр жүйелері де іске қосылды. Бұл жерде ресейліктер Екібастұздың энергиясымен шекаралас жатқан өз аудандарын, ал біздің еліміз оңтүстік өңірлерді толық қамтығысы келеді. Осыдан біраз бұрын алып стансаға жаңа басшы тағайындалды. Жаңа басшылықтың келуіне орай онда енді қандай өзгерістер күтілуде? Энергоблок салу туралы жөн-жобалар жүзеге асатын болды ма?
«Егемен Қазақстанның» Павлодар облысындағы тілшісі Фарида Бықай Екібастұздағы ГРЭС-2 стансасының басқарма төрағасы Ғани Сәлімжуаровқа:
– Сіз бұған не дейсіз?..
– Қазір көптен күткен №3 энергоблоктың құрылысы басталуға жақын. Бұл күндері құрылыстың негізгі құжаты дайын тұр. Алып құрылысты бастау үшін Еуразия және Внешэкономбанктермен несие алу жөнінде келісімдер жасалған. Сонымен қатар, қазір өзіміздің Халық банкінен де несие алуға толық мүмкіндігіміз бар. Стансада әзірге 2 энергия блогы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Үкіметтің жасаған стратегиялық бағдарламасы арқылы келесі №4 энергоблоктың да құрылысы да қолға алынатын болады. 1990 жылы іске қосылған №1, №2 энергоблоктардың әрқайысысы 500 мегаваттан қуат өндіреді. №3 энергоблоктың қуаты бұл екеуінен кем түспейтін болады. Стансада 1600-дей адам еңбек етеді.
Жоғарыда айтылған экология мәселесіне келсек, қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған блоктарда атмосфераға зиянды заттарды шығаруды азайтатын “Альстом” фирмасының электрсүзгілері орнатылды. Ал, №3 энергоблокқа бес қабатты электрсүзгі орнатылады. Қысқасы, жаңа блок құрылысын бастау үшін кедергі жоқ, алда тек қызу жұмыс күтіп тұр.
Екібастұз.