• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2011

Мүдделестік тиегін ағытты

328 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хат­шысы, ТМД-ға мүше мемлекеттер тарапынан бай­қау­шы миссиясының жетекшісі Сергей Лебедевті қабылдады. Кездесу барысында Қанат Саудабаев әңгімелесуші тарап­ты алдағы уақытта өтетін сай­лауға дайындық барысымен та­ныстыра отырып, Қазақстан халықаралық стандарттарға сай ашық әрі әділ сайлау өт­кі­зуге дайын екендігін айта келе, «Біз елімізде халықаралық бай­­қау­шылардың белсенді әрі жемісті жұмыс жасауына мүдде­лі­міз және оған барлық жағдай жасалып отыр, – деді өз сө­зінде. – Еліміздегі маңызды саяси науқанның қарсаңында, оның ашық атмосфералық ауанда өтуіне мүдделіміз». Бұдан кейін ол ТМД-дан келген бай­қаушылар миссиясы тара­пы­нан Қазақстандағы элек­то­рал­дық науқан жұмысына шы­найы түрде баға беріледі деген сенімін жеткізді. «Шынайылық – ТМД кеңіс­тігіндегі байқаушылар миссиясы өкілдері жұмысының басты ұс­танымы. Біз өз қызметіміз бары­сында сайлау үдерісі өтіп жатқан елдің заңнамаларын басшы­лық­қа аламыз», – деді бұл орайда сөз алған ТМД Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев. Ол, сонымен қатар, Достастық елдерінің бай­қаушыларына сайлау учаскелерінде жұмыс істеуіне еркін қол­жетімділік қалыптасқанын, ал барлық мемлекеттік құрылым­дар миссия өкілдерінің сауал­да­рына жауап беріп жатқанын атап өтті. Кездесуде сайлауалды нау­қа­ны басталғаннан бергі мерзім ішінде байқаушылар миссиясы­ның елі­міздің Орталық сайлау ко­мис­сиясында, облыстық сайлау комиссияларында және сайлау учаскелерінде бірнеше кездесулер өткізгені де тілге тиек етілді. Сондай-ақ, ТМД бірлестігі ық­палдастығының шеңберіндегі өзекті ынтымақтастық мәсе­ле­лері әңгіме өзегіне айналған бас­қосу барысында еліміздің сырт­қы саяси ведомствосының бас­шы­сы Достастық кеңіс­тігіндегі интеграциялық үде­рістерді одан әрі дамытуға және жандан­ды­руға деген сенімді ұстаным­ның нығая­тынына сендірді. Атап айт­қанда, Достастықтың 20 жыл­­дығын атап өтуге ортақ жос­парлар құру, алдағы уа­қытта Киевте өтетін Сырт­қы істер министрлерінің кездесуіне дай­ындық барысы мен жай-күйі талқыланды. Осы орайда, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі ТМД қызметінің «Бір жыл – бір тақырып» атты фор­муласының тиімділігін атап өтті. Бұл формулаға сәйкес, белгілі бір барлығына ортақ негізгі мәселені қарастырып, сол бойынша нақты жетістіктерге қол жеткізуге болады. Осыған байланысты біздің еліміздің бастамасымен «2011 жыл – азық-түлік қауіпсіздігін күшейту жылы» деп жа­рияланған. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.