Бүгін Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың және олардың сенім білдірілген адамдарының, сондай-ақ өзге де азаматтардың үгіт жұмыстарын жүргізуіне болмайды, тыйым салынған. Осыған байланысты кеше Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов БАҚ өкілдерін сайлауалды үгіт шараларының қалай өткенінен хабардар етті.
ОСК хатшысының айтуынша, президенттікке кандидаттардың сайлауалды үгіт науқаны заң бұзушылықсыз өтті деуге болады. Науқан барысында біршама кемшіліктер де кездескен. Олар негізінен кейбір кандидаттардың билбордтары мен сыртқы жарнамаларының мерзімінен кешіктіріліп орналастырылуына байланысты. Дегенмен, аталған кемшіліктер шұғыл түрде шешіліп, қалпына келтіріліпті.
– Сондықтан үгіт науқаны барысында айтарлықтай заң бұзушылықтар болды деп айта алмаймыз, – деді Бақыт Мелдешов осы жөнінде. – Кандидаттардың үгіт жұмыстары бүгін (1 сәуір) сағат 24.00-де аяқталады. Ілінген билбордтар, плакаттар мен парақшалар алынбайды, сол орындарында қалады.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы сөз барысында дауыс беруге келген сайлаушыларға аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан ынталандыру сыйлықтары берілуі мүмкін екендігін де айтып қалды. Сыйлықтар сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген немесе сайлауға алғаш рет дауыс берген сайлаушыларға берілетін сияқты.
– Бұл – қолдауға тұратын шара. Сыйлықтың қандай және қаншалықты мөлшерде болатыны жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктеріне байланысты, – деді ол. – Бірақ оларға ешқандай да нұсқау берілген жоқ. Естуімізше, сый-сияпат ұйымдастыруды қолға алып жатқан сайлау учаскелері де бар.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.