Өткен жұма күні Душанбе қаласында Ресей-Тәжікстан университетінің профессоры Әбдусаттор Нуралиевтің Тәжікстан Республикасындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен шыққан «Казахи Таджикистана» кітабының тұсаукесері болып өтті.
Игі шараға Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Н.Сейтімов, Ресей-Тәжікстан университетінің ректоры У.Мансуров, Тәжікстан Президенті Әкімшілігі және Тәжікстан Үкіметінің, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Тұсаукесер сәтінде Нұрлан Сейтімов аталған оқиғаның екі мемлекет халықтары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуда ерекше маңызға ие екендігін атап көрсетті.
Кітапта Тәжікстандағы қазақтардың қоныс аудару тарихы (1730-1840) нақтыланып, олардың мәдениеті, этнографиясы және тәжік халқымен рухани құндылықтар саласындағы байланыстары жөнінде жан-жақты зерттеліп, жазылған. Еңбек атажұрттан тысқары жақта өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының тарихымен шұғылданатындарға, ұлт тарихына қызығушылық танытатындарға арналған.