Қазақ «Қызым – үйде, қылығы – түзде» дейді. Бұрын балалардың мектептегі ілгерінді-кейінді оқу үлгерімін күнделікті бақылап отыру мүмкін емес еді. Қазір ше?
Жуырда Қарағандыда өткен жалпыоблыстық ата-аналар жиналысында оқушылардың сабақ үлгерімін қадағалап отыратын «EduНауk» мобильдік қосымшасы таныстырылды.
Облыста мұғалімдер мен ата-аналарға ыңғайлы болу үшін 10 мектептің базасында сынамадан табысты өткен «Электронды сынып журналы» жобасы іске қосылды.
Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов атап өткендей, жаңа оқу жылынан бастап «Электронды сынып журналы» жобасына Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларының барлық мектептері көшірілетін болады. Жобаның мақсаты – мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқару. Бағалау әдісін жеңілдете отырып, ата-аналармен кері байланысқа шығуға аталмыш қосымша таптырмайтын құрал болмақ. Бұл ретте ата-аналар Android және iOS ұялы телефондарына «EduНауk» мобильдік қосымшасын жүктеу арқылы баланың оқу-үлгерімі мен сабаққа қатысуы, сабақ кестесі жайлы ақпарат ала алады. Сонымен қатар, мұғалімдермен бірге проблемалы мәселелерді талқылайды. Мобильдік қосымшалардың көмегімен ата-аналар өз балаларының оқу үлгерімі мен сапасын үйде отырып біле алады. Әрбір ата-ана ұялы телефонына орнатқан тегін мобильдік қосымшаға сынып жетекшісі берген құпия кілтпен қосылуы керек.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ