• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2017

Аттестаттау – аса күрделі науқан

418 рет
көрсетілді

Биыл кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асып жатыр. Оның бірі – іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу. Менің ойымша, Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында өткізілетін бұл шараның мақсаты қызметшілердің кәсіби дайындық деңгейі мен лауазымдарына сәйкестігін анықтау ғана емес, ол лауазымды тұлғалардың жалпы халықпен қарым-қатынас жасауына керек қасиеттері мен құзыреттерін айқындау болып табылады. Басқаша айтқанда, халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру, жүзден жүйріктерді мансаптық жолмен жоғарылату. Шыны керек, «Мәңгілік Ел» идея­сын ел санасына қалыптастыратын да, ілгері апаратын да мемлекеттік қызметкерлер емес пе? 100 қадамның, кәсіби аппарат құрудың 15 қадамы да азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсімінен бастап, оларды кешенді аттестаттауға дейінгі аралықты қамтиды. Менің өз басым өмірлік еңбек жолымды университетте алған білімімді сол салада біраз уақыт атқарып, мемлекеттік қызметтің алғашқы сатысынан бас­тап, яғни аудандық, облыстық, барлық баспалдақтарынан өткенімді және осы кезеңдерде үлкен тәжірибе жинақтағанымды әркез мақтанышпен еске аламын. Мемлекеттік қызметтің қиындықтары, тапсырмалар мен сынақтар, әр баспалдақ сайын кез­десетін кедергілер, өз жұмысына бейжай қараушылардың қағаз бастылығы мен уақыт өлтірушілігі – осының бәрі менің де басымнан өтті, көкейімде сайрап тұр. Әрбір мемлекеттік қызметші «Еліме қызмет еткенім, ол халық үшін ғана емес, өзімнің отбасым үшін де пайдасы зор» деген ұстанымда жұмыс атқару керек деп ойлаймын. Осыған орай, Елбасымыз әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс негізгі қасиеттерді айқындап берді. Атап айтсақ: «Ол билік және өз құзыретін басқара біліп, сонымен бірге шыншыл болуы керек», «Мемлекеттік қызметте өз пайдасы үшін емес, мемлекет үшін жұмыс істеп, мемлекеттік қаражатты өз қалтасымен ауыстырмау керек», «Шенеунік «Немен күн көріп отырсың?» деген сұрақтан қорықпай өмір сүруі керек, өйткені, оның виллаларын, оны қоршаған биік қақпаның және қымбат автомобильдердің суретінің пайда болуына негіз болмау керек», «Заң талаптарымен толық келісімде өмір сүру керек», «Кез келген жерде, кез келген қызметте қандай да болмасын жағдайда халықтың, өз елінің азаматтарының сенімін жоғалтпау керек», «Қазақстандық мемлекеттік қызметкер әділеттілік пен сыпайылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін-өзі ұстай білуі керек», «Ұжымды басқармас бұрын, ол өзі бағына, жұмысшыларға берген жұмысты өзі атқара білуі керек» және «Егер мемлекет мүддесіне зиян келтіріліп жатқанын немесе сыбайлас жемқорлықтың дайындалып жатқанын көрсе, міндетті түрде араласып, тиісті шара қолдану керек». Бұл қасиеттердің түпкі мәні – жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оны тәжірибеде қолдана білу, әділдік, адалдық, белсенді өмірлік ұстаным керек. Кәсіби мемлекеттік аппаратты, бүгінгі Қазақстанның болашақта тұғыры мығым, еңсесі биік «Мәңгілік Елге» айналудың кепілі ретінде қарастыруы бекер емес. Жаһандық сын-қатерлерге қарамастан еліміздің дамуына керекті жағдайларды жасайтын, алмағайып заманда тығырықтан шығатын оңтайлы жолдар тауып, дамудың даңғыл жолына жетелейтін мемлекеттік билік аппаратының еншісінде болса, жекелей келгенде әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсі­би­л­­ігі мен қабілеттілігіне байланысты екені айдан анық. Сол себепті, Елбасының Жар­лы­ғы­мен мемлекеттік қыз­мет­шілерді аттестаттаудан өткізу туралы шешімі дер кезінде қабылданған шара деп білемін. Елбасымыздың бұл ұстанымы оның тарихи тағылымнан ажырамаған ұлттық әрі ел көшін бастаған елшіл кемеңгер екендігін айғақтайды. Кешенді аттестаттаудан өткізудің мақ­саты да маңдай теріңмен жинаған білімді, білімсіздермен теңеспеу үшін арнайы заңдарды қарастырып, сы­нақтан өткізу емес, кəсіби, білімді, тек халықтың игілігі үшін еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосатын мамандарды анықтау деп білуіміз қажет. Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатындықтан бұл саяси іс-шараның мемлекетімізге тигізер пайдасы өте зор. Сондықтан да, еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай қызмет атқарып отырған мемлекеттік қызметшілерге сәттілік тілеймін. Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, қоғам қайраткері