• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 07:37

Ұлылар дәм татқан табақ

40 рет
көрсетілді

Әр әулеттің бағалы мұрасы болады. Әсіресе ондай қастерлі де құнды дүние қара шаңырақтың төрінде тұрады. Қара шаңырақ Қазыкен Әлі ағамыздың үйіндегі берекелі табақтың тарихы тым әріде.

Арқадағы тамалардың соңғы болысы, биі болған Сүйіндікұлы Әлінің жұбайы Ағымжаннан қалған ағаш табақ көненің көзіндей. Иесі Қазыкен ағамыз оны жәдігер етіп сақтап қана қоймай, сыйлы кісі келсе, сол ағаш табақтан дәм татырады.

«Қанша дегенмен ғасырдан астам сақталған ағаш табақтың өз күйін жоғалтпауы, баға жетпес құндылығы, қасиеті, таңдап жасалған ағашының мықтылығынан шығар. Негізі, пішіні Абай дәм ішкен табаққа келіңкірейді. Біздің табақтың ерекшелігі – өңін бермейді. Және безі өте көп. Соған қарағанда ең қатты ағаштан ойылған.

Әкем Көпбосын – Әліден қалған жалғыз тұяқ. Бұл жәдігерді анам Нұрзипа көзінің қарашығындай сақтап, бізге аманаттады», дейді Қазыкен Көпбосынұлы.

Ағымжан әжейді төңірек «шеше» деп атап кеткен. Дастарқаны көл-көсір, үйінен кісі арылмайтын кең көңілдің иесі болыпты дейді көзкөргендер. Әзиз анадан қалған сол табақтан мінекей, әулеттің шөпшектері, неменелері дәм татып жүр. Ғасырлық мұра деген осы болса керек-ті.

Қазір ауылдағы үлкен үй Астанаға көшкен. Астанадағы үлкен үйдің иесі Қазыкен ағамыздың да шаңырағына Ағымжан анамыздың ағыл-тегіл дастарқаны жұғысты болған. Қазыкен әкеміз әулеттегі сәбидің өзіне ағаш табақтың майы­н жағып, ауыз ти­гізеді. Оның сыры да бар.

Арғы атамыз Әлекең кезінде алашордалықтармен тығыз байланыста болыпты. Олар талай рет сол өңірдегі сыйлы адам болған соң атамыздың үйіне кеп түседі. Бұл табақтан қалың қазақты оятқан Міржақып Дулатұлы бастаған ұлылар, дала данышпаны атанған Әлкей Марғұлан секілді ғалымдар ас ішіпті. Ұлылар дәм татқан табақ – бұл. Иесі сол себепті, ұлылар қолының табы қалғандықтан, жақсылығы жұғысты болсын деп ырымдайтын көрінеді.

Үлкен үйдегі ағамыз ай сайын ағаш табақты тұтасымен жылқының майымен майлап отырады. Осыдан-ақ, жылқы майының қасиетін бағамдай беріңіз...

Біз осы табақтан ет асауды аңсаймыз: ең кереметі – еттің наны біразға дейін ыстығын жоғалтпайды. Бұдан ішкен астың да дәмі ұзақ уақытқа дейін таңдайдан кетпейді.

Үлкен үйге сәлем беріп қайтпағалы да біраз болды...

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар