Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Президентінің Қазақстанға алғашқы тарихи сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын атап өтіп, Никос Христодулидистің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кипр Президенті жоғары награданы табыстағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
«Марапатты екі ел арасындағы достықтың нышаны ретінде Кипр халқының атынан қабыл аламын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Бүгінгі сапар перспективті салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы ортақ мүдде мен мықты саяси ерік-жігерімізді паш етеді», деді Никос Христодулидис.Еске сала кетейік, бүгін Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис елімізге ресми жұмыс сапарымен келді. Президент мәртебелі мейманды Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды. Екі ел президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.