Шымкент пен Астанада кәмелетке толмағандардың қазасына әкелген жол апаттарынан кейін қоғамда жүк көліктерінің қала ішінде қозғалысын шектеу мәселесі көтерілді. Алайда Ішкі істер министрлігі мұндай көліктердің қалаға кіруіне толық тыйым салу мүмкін емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов соңғы уақытта қоғамда үлкен резонанс тудырған жол-көлік оқиғалары бойынша қылмыстық істер қозғалғанын айтты.
Астанада жүк көлігі қаққан бала оқиға орнында көз жұмды
Оның сөзінше, Шымкент пен Астанадағы қайғылы оқиғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық істер тіркелген.
«Екі факті бойынша да жедел түрде қылмыстық іс қозғалды. Шымкенттегі оқиға бойынша жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті сот-сараптамалары тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», деді Санжар Әділов.
Вице-министрдің айтуынша, тергеу барысында апатқа әсер еткен барлық себептер мен жағдайлар жан-жақты зерттеледі. Нәтижесінде құқық бұзушылықтарға ықпал еткен факторларды жою жөнінде тиісті ұсыныстар енгізіледі.
Екібастұзда жүк көлігі балалы әйелді қағып кетті
Жүк көліктерінің қала ішінде жүруіне тыйым салу мәселесіне тоқталған Санжар Әділов мұндай шектеуді толық енгізу мүмкін емес екенін жеткізді.
«Қазіргі таңда жол қозғалысы ережелерінде жүк көліктерінің қозғалысын реттейтін нақты талаптар бар. Елімізде құрылыс, коммуналдық шаруашылық және логистика салалары қарқынды дамып келеді. Сондықтан жүк көліктерінің қалаға кіруі мен қозғалысына толық тыйым салу мүмкін емес. Олар инфрақұрылымды дамытуға және көптеген жұмыстарды атқаруға қатысады», деді ол.
Осылайша ІІМ өкілдері жол қауіпсіздігін күшейту мәселесі қарастырылып жатқанын, алайда жүк көліктерінің қала аумағындағы қозғалысын толық тоқтату жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.