Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында Ұлттық қор қаражатын пайдалану туралы айтып өтті. Елбасының айтуынша, Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс. "Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет екенін айтты.
"Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режімін жаңаша қарастыру керек. Салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар», - деп атап өтті Елбасы.
Сонымен қатар, Үкіметке квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату жүктелді.