Соңғы бес жылда Қазақстанда 9 теракт болған. Бұл туралы бүгін Астанада лаңкестікке қарсы күрес мәселелері көтерілген xалықаралық дөңгелек үстелде ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Халықаралық лаңкестердің қызметі кеңейіп жатыр. Күн сайын террорлық актілерден бейбіт xалық жапа шегуде. ДАИШ терактілерін қоспағанда соңғы екі жылда 3 мыңнан астам адам көз жұмды. Ондаған мың адам жапа шекті. Радикалды топтардың кесірі бізге тиюде. Соңғы 5 жылда Қазақстанда 9 теракті болды. Барлығымызға да ортақ аталмыш қауіп-қатерлермен күрес біздің тығыз жұмыс істеуімізді талап етеді», – деді Андрей Кравченко.
Оның сөзінше, бүгінде лаңкестік топтар өз қатарларын интернет арқылы толтыруда.
«Экстремистерге ақпараттық қызметтер жұмыс істейді. Сарапшылардың анықтағанындай, лаңкестердің қатарына жастардың 80 пайызы интернет арқылы қосылған. БҰҰ мәліметтері бойынша, шетелдік лаңкестер өз қатарларын толықтыра түсуде. Қазір ДАИШ қатарында әлемнің 80 мемлекетінен келген азаматтар бар. Олардың саны заңсыз миграциялық жолдар арқылы молайып жатыр. Лаңкестік ұйымдарды қаржыландыру жүйесі де жетілуде. Қазір олар есірткі сатудан, заңсыз қару-жарақ айналымынан, тонаудан, мұнайдан, адам саудасынан қаражат түсіруде. Оған қарсы іс-шаралардың тиімділігін тек мемлекеттердің бірлескен іс-қимылының негізінде ғана шешуге болады», – деп атап өтті ол.
Дөңгелек үстел алаңын пайдалана отырып, А. Кравченко барлық елдерге ортақ Лаңкестікпен күрес конвенциясын қабылдауды ұсынды.
«Лаңкестік ұғымын белгілеуде түрлі түсініктемелер берілуде. Біліктілік пен жауапкершілік формаларының бірыңғайлығын белгілеу қажеттілігі туындауда. Бұны Лаңкестікпен күрес конвенциясын қабылдау арқылы ғана шешуге болады деп санаймыз», – деді ол.