Алғашқы алтыннан айналдық!
Сүйінші! Дәл осы мезетте Қазақстан қоржынына алғашқы алтын келіп түсті! 2015 жылғы Универсиадада (Испания, Словакия) алтын медаль алған биатлоншы Алина Райкова сондағы көрсеткішін Алматыда қайталады. 15 шақырымдық қашықтықта мылтық атудан небәрі екі рет «сүрінген» А.Райкова 59 минут 48,7 секунд көрсеткішпен алтыннан алқа тақты. Бар жоғы +2:21 көрсеткіш артта қалған тағы бір биатлоншымыз Галина Вишневская күміс медальға қол жеткізді. Біздің алғашқы алтынымыз! Екінші күмісіміз!Жанбота мен Бағланның бағы жанған сәт
Бәріміз жақсы көретін, аты аңызға айналған Медеудің құдіреті болар, ер жігіттер 5 мың шақырымдық қашықтыққа конькимен жолға түскен осынау сындарлы сәтте Алатаудың Талғар жағынан тағы бір жүрекжарды қуанышты жаңалық келіп жетті!!! Фристайлшы сұлуымыз Жанбота Алдабергенова сөзінде тұрды, ағайын! Оның кешегі қола алғанда толқып тұрып: «Алдағы командалық сайыста қателік жібермеуге тырысамын», деген уәдесі орындалды. Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек тандемі қоржынымызға екінші алтын медальды салды. Жағаласқан қытайлық қос команда да артта қалды... Бұл күн бар жақсы жаңалық биік таудағы «Медеу» спорт кешеніндегі баспасөз орталығына келіп тоғысқан күн болды! Атыңнан айналайын, Алатау! Атыңнан айналайын, Медеу! Алайда, атақты Медеу бүгін бізге бір ғана медаль сыйлады. Өкінішке қарай, ерлер арасындағы 5 мың метрлік қашықтықта сайдың тасындай кіл ірі жігіттеріміз жүлдесіз қалды. Бұл аламанда бірінші болып италиялықтар мәреге жетті. Жапондар екінші, Австрия спортшылары үшінші болып мәре сызығын қиды. Спортшылар киім ауыстыратын залда Универсиада өткізуші дирекцияның жетекшісі Наиль Нұровпен кездестік. Бүгінгі Алатаудағы жапалақтап жауған қардың спортшыларға қаншалықты қиындықтар туғызғаны жөнінде сауал тастадық. – Таңғы сағат 9.00-де Шымбұлаққа түскен қардың қалыңдығы 50 сантиметрге жетті. Тоқтаусыз жауып тұрды. Жарыс шарттарына сай мұндай жағдайда бәсеке тоқтайды, – деді Наиль Фаридұлы. – Сол себепті де Шымбұлақта өтетін әйелдер кросы ертеңге ауыстырылды. Сноубордтан жарыс екі сағатқа шегерілді. Шаңғы жарысы мен биатлонға қатысушы спортшыларымызға да жапалақтап жауған қардың тигізген әсері аз болмады. Ертең күн ашылуы тиіс... Универсиаданың екінші күнін Қазақстан спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медальмен – жалпыкомандалық есепте екінші орынмен аяқтады. Медеудің аспанынан алтын жауатын күндер алда. Үмітімізді үзбейік! Өйткені, конькишілеріміз ертең, бүрсігүні, оның арғы күні... өзіміздің Медеуде тағы да бақ сынайды, күш көрсетеді...Медеудің қары тізеден...
Қардың жауғаны жақсы емес пе?! – Қыстың күні Медеуде қар жауғаны онша құптарлық жайт емес, – деді риясыз жымиған биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің бас менеджері Дулат Кейкин. – Оның себебі, өздеріңіз білесіздер, біздің «Медеу» дүние жүзі бойынша ашық аспан астында орналасқан бірегей мұз айдыны. Солт-Лейк-Сити (АҚШ) мен Калгари (Канада) қалаларындағы біздікіне ұқсас биік таудағы мұз айдынының ерекшелігі сол, ол стадиондардың қажетті кезінде шатыры жабыла қояды. Сондықтан да бізге мынау жапалақтап тынымсыз жауған аппақ қарды айдын бетінен мезгіл-мезгіл тынбай тазалап тұруға тура келуде. Бүгінгі бас менеджер, кешегі кешеннің бас инженері Дулат Жәрдемұлының есімі «Медеу» спорт кешенімен тікелей байланысты. Себебі, мұздату-тоңазыту технологиясының білікті инженері осы спорттық кешенде барлығы 25 жыл еңбек еткен болса, оның 20 жылында бас инженер қызметін атқарған екен. Медеудің кешегі және бүгінгі бар тынысы, тіршілігі өзіне сондықтан да өте жақсы таныс. Білікті маманды Универсиада дирекциясы жарыс қарсаңында ғана сырғанақ айдынына менеджерлік қызметке шақыруының сыры осында жатса керек. Иә, биік таудағы «Медеу» спорт кешені дүние жүзінде осынау қасиеттерімен де ерекшеленеді. «Медеу» қай кезде де Қазақстанның бренді болған, болып қала бермек. Сағат 11.00. Төпелеп жауған қар тоқтар емес. Мұз айдынында спортшылардай-ақ зыр қаққан қар тазалағаш техника мұздың бетін айнадай етіп жалтыратып тастады.Қола медальды қомсынбаймыз
...Ысқырық естілісімен әйелдер арасындағы конькимен 1500 метр қашықтыққа жүгіруден жарыс басталып кетті. Қазақстанның намысын 12 спортшы қыздарымыз қорғайды. Олардың арасында атақты Екатерина Айдова, Надежда Сидельник, Татьяна Климук, Мария Сизова және басқалары бар. Құстай ұшқан қыздарымыздың дәл бүгін рекорд жасайтынына сенейік! Медеудің рухы қайта көтерілгендей! Міне, қыздар арасындағы екінші жұп сапқа тұрды. Әзірге жеңімпаздық көрсеткіш жоқ... Айтпақшы, дәл осы сәтте Универсиада-2017 баспасөз орталығынан ауа райының қолайсыздығына байланысты Медеудің иығындағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенінде тау шаңғысы комбинациясына кіретін әйелдер арасындағы супергигант жарысы кейінге шегерілгені туралы хабар түсті. Сондай-ақ, төпелеп жауған қар Универсиаданың символындай болған «Сұңқар» атаулы трамплинде де қос сайыс түріндегі биіктіктен секіру жарысын тоқтатыпты. Әйгілі «Алатау» спорт кешеніндегі биатлон мен шаңғы жарысының өту уақытына өзгертулер енгізілуі мүмкін екен. Соған қарамастан, иә, соған қарамастан... рекордтар ұстаханасы саналатын биік таудағы «Медеу» мұз айдынының жиегінде тұрып, жанымызға жағымды жаңалық естідік. Универсиаданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына бірінші болып қола медаль салған шаңғышы Анна Шевченко тағы да жүлдегерлер қатарынан көрінді дейді! Бүгінгі 5 шақырымдық еркін стильдегі әйелдер арсындағы өткен жарыста 13:51,0 көрсеткішімен дараланған шаңғышы қызымыз екінші рет қола медаль ұтып алды. Бұл жолы да кешегі басты қарсыластар – ресейліктер Анна Нечаевсая мен Лилия Васильева алтын мен күмісті қолдан алып кетті. Назар аударарлығы сол, бүгін алтынды – Лилия, күмісті – Анна алды. Бейнебір, ресейлік шаңғышы қыздар өзара алдын ала ақылдасып алғандай-ақ... Жарайды, өзіміздің Аннамызға құтты болсын айтайық! Әр жарыс медальсіз емес, әйтеуір... әзірге! Үмітіміз – рекордтар ұстаханасы атанған Медеуде!!! Медеудің мұзының үстінде конькидің табанынан от ұшқындай бастады. Жарыс қызды. Міне, айтып ауыз жиғанша болған жоқ, әйгілі конькишіміз Екатерина Айдовамыз 1500 метрлік қашықтықта жүлделі үшінші орынға шығып бәрімізді бір марқайтып-ақ тастады. Катяның көздегені одан да биік еді! Алайда, бүгінге – осы. Әйелдер арасындағы жарыс қас пен көздің арасында аяқталды да қалды. «Медеудегі» алғашқы медаль! Қазақстанның 5-ші медалі... «Медеу» спорттық кешенінің мұз айдынында да, айналасында да қарбалас тірлік қайнап жатты. Үстіне үйме-үйме қар тиген ауыр көліктер төмен қарай құлдилап кетіп жатты. Қар жауғанын тоқтатар да емес. Алматының Төтенше жағдайлар департаменті де «қалғымай», Алатауда қар көшкіні жүретіні туралы суық хабарды қайта-қайта SMS хабарламамен жолдаудан жалығар емес. Сағат 13.00-де басталатын 5 мың метр қашықтыққа жүгіретін конькиші жігіттердің бәсекесі табиғаттың құбылуына байланысты 14.45-ке шегерілді. Медаль күтіп отырмыз... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ