• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2011

Елбасы жеңісі – елдіктің жемісі!

659 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы айрықша азаматтық белсенділікпен өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқын жеңісімен аяқталды. Қуаныш құтты болсын, халайық!

Азаматтық белсенділіктің асқар асуы

АСТАНА Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың ғимаратында орна­лас­қан №182-ші сайлау учаскесіне өзінің отбасы мүшелерімен бірге келіп, дауыс берді. Дауыс беріп шыққан соң Президент өзін күтіп тұрған журналис­тердің алдына келіп, шағын сұхбат берді. – Бүгін бүкіл әлемнің назары Қазақстанға ауып тұрған тағы бір тарихи сәт. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында біз бүгін тарихи таңдау жасағалы отыр­мыз, дей келіп Елбасы Қазақ­стан­ның өткен қадамдарына қыс­қаша шолу жасап өтті. Біз көпті көрдік, көп жұмыстар атқардық, көптеген қиындықтарды бастан кештік. Енді алдымызда мемлекет пен қоғам­ды жаңғырту сияқ­ты орасан зор міндеттер тұр. Біздің азаматтары­мыздың бүгінгі дауыс беруі алда тұрған осынау міндеттерді шешуде біздің бірлікте екенімізді ай­қын­дайды. Біз индустриялық-ин­нова­циялық бағдарламаны іске асыруға бет бұрдық. Елді әлеу­меттік жаңғыр­ту бағдарламасын қолға алдық. Осының бәрі қара­пайым адам­ның игілігін көздейді, дей келіп, одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы сай­лау процесінің демо­кратиялық талап­тарды толық орын­дап жат­қанын атап өтті. Президентке кан­дидат болғандардың бәріне тең жағдай жасалды. Олар­дың бар­лық аймақ­тарда болып, сай­лау­шылармен кездесуіне, БАҚ-қа теңдей қолжетімді болуына мүм­кіндік тудырылды. Олар өзде­рі­нің идеялары мен пікірлерін ха­лыққа толығымен жеткізе алды. Соның ішінде айтылған кейбір құнды идеяларды қолдау керек, деді ол. Мемлекет басшысы Президент сайлауына 1059 халық­ара­лық байқаушы, 200-ден артық шет­елдік журналистер тіркелгенін атап өтті. Біздің елдегі сайлау міне, осындай ашық та заңды тұр­ғыда өтіп жатыр. Қазақ­стан­дықтардың бәрі дауыс беруге от­басы мүшелерімен, топталып, ұжым болып келуде. Мен халық­тың осынау белсенділігіне риза­шы­лығымды білдіремін, деп Нұр­сұлтан Әбішұлы сөзін аяқтады. Есілдің сол жағалауында ор­на­ласқан Астананың бұл бөлі­гіндегі учаскеге барлығы 3131 сайлаушы тіркелген екен. Олар таңғы сағат 7.30-дан бастап көп­теп келе бастаған. Таңғы сағат 9.00-де халықтың дауыс беруге келісі үлкен кезекке айналды. Бір­ақ мұндайға ешкім өкпе ай­тып, наразылық білдіріп жатқан жоқ, бәрінің де жүзі шуақты, кө­ңілдері көтеріңкі. Біз кезекте тұрған бірнеше жанды әңгімеге тартып, көңіл күйлерін білген едік. Төлеген мен Жібек Омаровтар жеке кәсіпкерлікпен айналы­са­ды екен. Бүгінгі барлық шаруа­мызды кейінге қалдырып, бірінші кезекте дауыс беруге келдік десті олар. Сонша асыққанда­рыңыз не, өздеріңіз жақын жерде тұра­тын көрінесіздер, кешкі сегізге дейін бір келмейсіздер ме деген едік, бізге Елбасы қандай қолдау білдірсе, біз де қолдан келген қолдауымызды оған тезірек көр­сетуіміз керек қой, деді екеуі де бірауыздан. Галина Шепелюк пен он баланың анасы Жұмагүл Әуел­бекова сияқты әжейлер өз­дерінің немерелерімен келіпті. 11 жастағы Әл-Құрманәлі әже­сінің көзі қайбір жазуларды көрмей қалса көмек бермекші екен. Бұ­лар­дан басқа да ондаған адам­дардың пікірлерін білдік. Олар­дың бәрі де өз кандидаттары бір­еу-ақ екенін атап берді. Сайлау учаскесінің төра­ғасы Мейрам Жа­кеновтің ай­туына қарағанда, таңғы сағат 10-да 427 адам дауыс беріпті. Мен осы учаскеде 4-ші рет төраға болып отырмын, сай­лаушылар белсенділігі қалып­тағыдай, деді ол. Мұнда қатысып отырған бай­қаушылар 28 адам екен. Соның бірі, ТМД-дан тіркелген ресейлік Сиябшах Шапиев сайлаушылар белсенділігіне өз таңданысын жасыра алмады. Біз сөйлескен 9.30-да бір минөтте 3 адамның дауыс беретінін атап өтті ол. Сайлаушылар белсенділігі Ел­басы Н.Назарбаев дауыс беріп кет­кеннен кейін де бәсеңдемей, келушілер толассыз ағылып жатты. Дәл осы уақыт аралығында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жо­март Тоқаев Конгресс-холдағы №3, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұха­мед­жанов №35-ші мектептегі №5, ал Премьер-Министр Кәрім Мәсімов М.Горький атындағы орыс драма  театрында орналасқан №2 сай­лау учаскесіне келіп дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасады. Сол күні таңертең Астана қаласының «Өндіріс» кентіндегі 38-ші сайлау учаскесі орналасқан №49 орта мектепке Қазақ­стан­ның Коммунистік халықтық пар­тия­сы атынан кезектен тыс президенттік сайлауға түскен кандидат Жамбыл Ахметбеков барып, дауыс берді. Таңертеңгі сағат 9-да сайлау учаскесінің табалдырығын аттап, саяси науқанға қатысып, дауыс берген президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков өз өмірінде талай сайлауға қатысқанын, бірақ бұл сайлау солардың ішінде ерекше орын алатынын атап өтті. «Ерекше болатын себебі, мәселе бұл сайлауға өзімнің қатысып тұрғандығымда емес. Мен осы саяси науқан арқылы өзіме үлкен міндет жүктегенімді іштей сезініп, толқып тұрмын. Қазақстан халқының алдында, қоғамның ал­дында үлкен ауыртпалықты қа­лай алып жүретінімді және ал­да­ғы уақытта маған сенген халық­тың, сайлаушылардың үмітін қа­лай ақтаймын деген жауапкершілік сезімінен қобалжып тұрмын. Ал негізінен бұл сайлаудың нә­тижесі қандай болса да, ең ал­ды­мен, біздің еліміздің өсіп-өркен­деуге бет бұрғандығы байқалады. Болашақта біздің мемлекетіміз осы алған бетінен қайтпайды деп ойлаймын, деді Ж. Ахметбеков өзінің сөзінде. Президенттіктен үміткер атал­ған сайлау учаскесіне отба­сы­мен, яғни төрт қызын ертіп келіпті. «Үлкен қызым Перизат жасы 21-де болса да, алғаш рет дауыс береді. Қалған 3-і – Аружан, Кә­мила және Ай­нұр – бұлар менің қолдаушыларым. Көр­шілерімнің барлығы менің жақтау­шы­ларым, қолдаушыларым. Сондықтан, олар да мені демеп, өз азаматтық па­рыздарын атқарып, дауыс беруге келді», – деді ол. Бір атап өтерлігі, бұл күні 38-сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруші азамат­тардың қатары қалың көрінді. Ара­ла­рын­да 18-ге толған жасөспірім қыз-жі­гіт­тер­ден бастап, ақжаулықты әжелер мен қариялар да бар. Солардың бірі – Сыдық Шатырбай деген азамат. Ол президенттік сайлауға шын көңілмен келіп, дауыс беріп тұрғанын жеткізді. «Біз отбасы­мызбен Моңғолиядан Астанаға көшіп келгенімізге 5 жыл болды. Мен осындай ауқымды саяси науқанға қаты­сып отырғаныма қуаныштымын. Өзім 34-ші мектепте технология пәнінен сабақ беремін», деді оралман қандасы­мыз. Ал «Өндіріс» кентінің имамы, 80-ді еңсерген Тұрсынбай Закиров деген қария өзінің бұдан бұрынғы сайлау­лар­ға қатысқанын, бұл сайлауға да ай­рық­ша ықыласпен келіп, дауыс беріп тұрғанын айтты. 38-сайлау учаскесіндегі сайлау ком­мис­сиясы мүшелерінің айтуынша, таң­ғы сағат 7-ден басталған сайлау нау­қа­ны­на сағат 9-ға дейін келіп, өз дауыс­тарын берген жұрт қарасы 300-дей адам­ды құрапты. «Сайлау өте жақсы дең­гейде өтіп жатыр. Біз дауыс беруді сағат 7-де, яғни өз уақытында бастадық. Халықтың белсенділігі өте жоғары, кө­ңіл-күйлері көтеріңкі. Сайлаушылардың арасында жастар да бар. Бір сөзбен айтсам, сайлауға азаматтар өте көп келуде», – деді 38-сайлау учаскесі ком­ис­сия­сы­ның төрайымы Майра Құрманбаева. АЛМАТЫ Төле би мен Ш.Қалдаяқов көшеле­рінің қиылысындағы №33 орта мектепте орналасқан Алматы қаласы №313 сайлау учаскесіне келіп жеткенімізде таң атқаннан сілбіреген суық жаңбыр қылаулаған қарға ұласқан. Учаскеге бірлі-екілеп кідіріссіз кіріп жатқан кісілер қарасы бірқыдыру сияқты. Қар үде­мелеп жауа түссе де, сайлаушылардың көңілінде қылау жоқтығы байқалғандай. Мектептің кіреберіс үлкен дәліз­жайы дауыс беру үшін арнайы жаб­дық­талыпты. Көрікті, көркем. Қарсыда – шы­мыл­дық көмкерген дауыс беретін кабиналар, оның алдында – бюллетеньдер салынып жатқан жәшік. Сол жақтағы үс­тел­дерде учаскелік сайлау комиссия­сының мүшелері сай­лау­шыларды тізім бойынша қабылдап, өте жіті ұқып­ты­лықпен кабиналарға қарай ұзатып са­лып жатыр. «Нұр Отан» партия­сы­ның, президенттіктен үміткерлердің, «Азат» қоз­ғалысының байқаушылары да осында. Сайлау учаскесінің төрайымы Роза Мәкежанованың айтуынша, бұлардың аумағында екі мыңдай сайлаушы бар көрінеді. Солардың 80-ге жуығы ден­сау­лық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын қарт адамдар. Екі адам көлікпен жүріп, сол кісілердің дауыс­та­рын жинап әкелу үшін арнайы бөлінген. Сайлау өткізуге көмектесіп жүрген 20 ерікті және бар. Патриоттар партиясынан президенттікке үміткер болып түскен Ғани Қа­сымов сайлау учаскесіне кішкентай немересі Тәңірі-Ғаниді ертіп әкелді. Учаске төрайымы осынау мәрте­белі сайлау­шы­ны ақ тілегін айтып, гүл шоқтары­мен қарсы алды. Немересін қолына кө­те­ре ұстаған Ғани Есенгелдіұлы осы жет­кіншек үшін, осындай балалар үшін, жас ұрпақ үшін дауыс беретінін мәлімдеді. Жоғары мемлекеттік лауазымнан үм­іткер үгіт науқанының барысында үлкен жұмыстар жүргізді, бірқатар өңірлерде сайлаушылармен көптеген кездесулер өткізді, халықтың сан алуан топта­ры­мен, халықаралық байқаушылармен, жур­налистермен жүздесті. Кандидаттың Алматыдағы респуб­ликалық штабы, об­лыстар мен аудандардағы филиалдары тыным таппады десе де болады. Оң­түстік астананың, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарының және де басқа жерлердің жүздеген тұрғын­дары Патриоттар партия­сының қата­рына өтіп, үгіт-насихат жұмыстарына белсене қосылды. Сайлауалды науқаны кезінде жүр­гі­зілген жұмыстар көлемін меңзегені болар, Ғани Қасымов жәшікке бюллетеньді салып тұрып: «Мен қолымнан кел­геннің бәрін істедім, енді басқалар келіп, менен де көбірек іс атқарсын», деді. Ол журналистерге арнап ештеңе айтпаса да, сайлаушылармен жай­машуақ әң­гі­мелесті. Солардың ішінде қазақ­стан­дық компа­ниялардың бірінің директоры Вячеслав Попов та бар еді. Ол ғаламтор арқылы үміткердің саяси тұғырнамасы жайында егжей-тегжейлі біліп, онымен үнқатысыпты. Осы учаскеге Ғани Қасымовтың өзімен жүзбе-жүз танысу үшін келген беті екен. Дауыс берушілер арасынан өзіміз «Егеменде» өткен жазда мерейтойлық сұхбатын жариялаған ежелгі таны­сы­мыз, бұрынғы Еңбек министрі, кезіндегі Теміртау тарландарының бірі Саят Бей­сеновті көрдік. Дауыс беруге бәйбішесі Бәтеш Дүйсенқызымен бірге келген ол кісі: «Жасырып-жабатыны жоқ, мен елдің іргесі шайқалмасын деп Елбасыға дауыс бердім. Ел ішінде бүгінгі Пре­зидентіміздің беделі биік, өресі кемел. Алдымыздағы қазақтың алтын ғасы­ры­на жалындаған жас шағымыздың серігі болған Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге баратыныма сенімім кәміл», деді ол. *** Алматы табиғаты тосын мінез таны­тып отыр. Кеше жаймашуақ күн еді, бүгін – қар аралас жаңбыр. Тереңірек ойлайтындар бұл диқанның тілегені, жерге ылғал көбірек барады, нұр жауды десе, қыңыр тартатындар мынадай қо­лай­сыз сәтте халықтың дауыс беруі төмендейді дегенді айтады. Бірақ олар­дың дегені бола қоймайтындай – біз қаладағы Сейфуллин және Мақатаев көшесінің қиылысындағы колледж ғи­ма­ратында орналасқан №247 сайлау учас­кесіне таңертең барғанымызда, да­уыс беруге келген сайлаушылардың қа­ра­­сы айтарлықтай еді. Рас, мұнда таңертең Қазақстан Рес­публикасы президенттігіне кандидат, «Табиғат» экологиялық одағының төра­ға­сы Мэлс Хамзаұлы Елеусізов дауыс беруге тиіс. Соған орай мұндағылар сай­лаушыларды арнайы шақырып қой­ған шығар деп ойлауға да болар еді. Бірақ президенттіктен үміткер келмей жатып та біраз адам дауыс беріп кетіпті, содан кейін үміткердің дауыс беру рә­сімі өткен соң да мұнда келіп жат­қан­дардың қа­расы аз болған жоқ. Бір сөз­бен айтқанда, жауын-шашын жұрттың белсенділігіне бөгесін бола қоймаған­дай. Ал әңгіменің қызығы сол президенттікке кандидаттың дауыс беру кезінде болды – М.Елеусізов өзіне емес, қазіргі Президент Нұрсұлтан Назар­баевқа дау­ыс беріпті. Мэлс Хамзаұлы қолындағы бюллетенінде қазіргі Президент тегінің тұсына белгі қойғанын жұртқа, осында келген бұқаралық ақп­а­рат құралдары өкілдеріне көрсетіп ба­рып, урнаға салды. – Сайлау науқаны шын мәніне келгенде, бұл да жарыс. Жеңімпаз айқын, ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Оған дауыс бере отырып, мен жеңім­паз­дың қолын қыстым, – деді президенттікке үміткер. – Осылайша мен халық­тың шын таңдауына деген құрмет көр­сетудің жаңа дәстүрін бастадым деп есептеймін. Сірә, Мэлс Елеусізовтің бұл қадамы алда біраз сөз болатын шығар. Жұрттың көпшілігі қолдар. Ал айыптайтындар, әсіресе оппозиция арасында біраз бо­ла­тыны да анық. Кейбіреулер онда сай­лауға түсіп несі бар деп табалайтыны да сөзсіз. Өйткені, сайлау әділ жүрсе, мен жеңіп шығар едім деп өзеурегендер де болған. Ал парасатты ойға жүгінгендер қазіргі уақытта біздің елімізде кімнің орны қандай екенін жақсы біледі. Осы ретте М.Елеусізовтің шешімін сол парасатты ойлаудың көрінісі десек, лә­зім. Мықтыны мойындау да мық­тының қолынан келеді. Дауыс берер алдында еліміздің бас экологы Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­нан келген байқаушылармен кездесіп, Орталық Азиядағы су проблемасы, атап айтқанда, еларалық өзендерді пайдалану, мұздақтар проблемасы туралы пікірлерін ортаға салды. ШЫҰ өкіл­де­ріне осы мәселеге ерекше мән беруін өтінді. Бұл жөнінде ұйымда мәселе тал­қы­ланса, оған қатысуға өзінің әзірлігін білдірді. БАҚ өкілдері алдындағы әңгіме­сін­де М.Елеусізов сайлау науқанының қа­лай өткенін баяндады. Осы кезде елдің батысынан басқа барлық аймағында болып, халықтың өмірімен, талап-тілегімен кең танысқанын айтты. Бір өкі­ніштісі, барлық жерде де болуға уақыт жетімсіздік етіпті. Осы кезде елде «Та­биғат» партиясын құру қажеттігі туға­нына көзі жеткенін де мәлімдеді. Оған кірмек ниеті бар халық та баршылық екен. Президенттіктен үміткер алдағы уақытта осынау мәселемен белсенді айналысатындығын мәлімдеді. Президенттікке кандидат Мэлс Елеу­сізовтің сайлауалды штабында да дәл қазір қарбалас шақ. Штаб бастығы Нұржан Ошанбековтің айтуынша, сайлау науқанында үміткердің 683 сенімді өкілі халықпен қоян-қолтық жұмыс істепті. Қазір олар сайлау учаскелерінде байқаушылық жұмыс атқарып жүрген көрінеді.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Ақмол ауылы

Бүгінгі сайлау Қазақстанымыздың әл­ем назарындағы ел екендігін тағы да дәріптей түсті. Оны Ақмола облысында шетелдік мемлекеттердің, үкіметтік емес ұйымдардың, баспасөз өкілдерінің 500-ге жуық өкілінің жұмыс істеуімен дә­лел­деуге болады. Олар облыстағы барлық сайлау учаскелеріндегі сайлау­шы­лардың жоғары белсенділігіне жо­ға­ры баға берді. Біз Германиядан келген тәуелсіз бай­қаушы Михаэль Лубшпен бірге бірнеше сайлау учаскесінде болып, оның бас­пасөз мәслихатына қатыстық. Облыс орталығы Көкшетау қаласын­да­ғы №6 сайлау учаскесінде ол жұрт­шылықтың саяси оқиғаға бейжай қарамайтындығын атап өтті. Лубш мыр­заның айтуынша, Қазақстан саяси өр­кенділіктің, көппартиялы парламенттің, еркін сайлаудың талаптары мен оның құндылықтарын биік деңгейге көтере білетін тереңдігімен ерекшеленеді. Тә­уелсіз Қазақстанға алтыншы рет сапар бастаған халықаралық бақылаушы осы елге жиі келудің зор маңызы барлығын мәлімдеді. Біздегі бейбіт өмірдің қым­баттылығын көршілес Тәжікстан, Өз­бек­стан, Түркіменстанмен салыстыра сараптама жасаған ол отандас­та­ры­мыз­дың жарқын болашағына сенімді екендігін құлшыныс сезімімен білдірді. «Қазақстандық жолдың» үлгі алар тұстарына тоқталған Михаэль Лубш мырза қаладағы «Достар» мәдениет сарайындағы №40 сайлау учаскесінде, «Видергебурт» неміс қоғамдық бірлестігінде және «Таңдау» мектеп-гимна­зиясында сайлаушылармен кездесіп, са­ли­қалы әңгіме өрбітті. АҚТӨБЕ Көктемнің шуағына бөленген қала бұрынғыдан да көріктеніп кеткендей. Қала көшелеріндегі халық мерекедегідей көңіл-күйде. Бәрі де асығулы. Үйдің іргесіндегі «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында орналасқан №46 сайлау учаскесіне жеткенше көрген көрінісіміз осындай. Ел тағдыры шешілетін саяси науқанда халықтың өздерінің консти­ту­циялық құқын пайдалануға деген құл­шынысына сайлау учаскесінде де куә болдық. Ел президенттігінен үміткерлер арасынан өз таңдауын жасауға ықы­лас­тылардың кезегі үзілмеуде. №46 сайлау учаскесінің төрайымы Мәдина Дос­жа­нованың айтуынша, жергілікті уа­қыт­пен таңғы сағат 9-ға дейін осында тір­келген 2058 сайлаушының 200-ге жуы­ғы дауыс беріп үлгеріпті. Адам өмірінде айрықша есте қалатын сәттердің бірі кәмелеттік жасқа жетіп, еліңнің ертеңі сынға түсетін сәтте дауыс беру құ­қы­ғына ие болу екені сөзсіз. Осы сайлау учаскесінде он сегіз жас алғаш рет дау­ыс беруге келді. Ел тәуелсіздігінің құр­дас­тары 20 жас та осы учаскеге тіркелген. Олардың арасынан тұңғыш дауыс беріп отырған Наурызбек Әбілқайыр мен тәуелсіздік құрдасы Нұрдәулет Мұ­қа­нов бірінші болып бюллетеньдерін тол­ты­рып, өздері таңдаған канди­дат­тар­ға дауыстарын берді. Тоқсан жастағы Эдуард Шайро, 95 жастағы Мұғәлима Мүсәлинова да ежелгі әдеттерімен ерте келіп, өз таңдауларын жасады. Әрине, олар сайлау учаскесі дайындаған сый­лық­тармен марапатталды. Ең бір әдемі көрініс – жүріп-тұруы қиындаған Кә­мила Нұрғалиева әжейді немерелерінің екі жақтан қолтықтап әкеліп дауыс бергізуі болды. Ұрпағына бақытты өмір тілейтін қарияның бұл үрдісі жастарға өнеге болды. Сайлауда осы шаңы­рақ­тың өзі­нен әже бастаған бала-келіні, немересі дауыс берді. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов та осы №46 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Өз таңдауын жасаған өңір бас­шы­сы бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­де­рімен сайлау күнгі әсерімен бөлісті. – Мен өзімнің азаматтық пары­зым­ды өтедім. Еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік, береке-бірлік, мемлекеті­міз­­дің гүлденуі, қуатты болуы, өміріміз­дің бұдан гөрі де жақсара түсуі үшін дауыс бердім. Еліміз қазірдің өзінде өркениетті елдер қатарына кірді, алдағы уақытта солардың арасында алдыңғы қатардан көрінуіне тілектестік ниетімді білдірдім, – деді Елеусін Наурызбайұлы. Осы сайлау учаскесінде болған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы бай­қау­шы­ла­ры делегациясының өкілдері Ха­нинг Иохансен мен Йон Сигурд Сьюрсен Квелло сайлаудың ашықтық, әділдік жә­не де­мократиялық талаптарға сай өтіп жат­қанына тәнті екенін жа­сыр­мады. Мұн­дай пікірге осында байқаушы болып отырған «Нұр Отан» ХДП, «Невада-Семей» ха­лықаралық ядролық жа­ры­лыс­тар­ға қар­сы қозғалысы және «Шы­нар» гендерлік орталығы» қоғам­дық бірлесті­гі­нің өкіл­дері Дмитрий Довматенко, Жә­нібек Мә­дихан және Сәуле Дощанова да қо­сыл­ды. Сайлау учаскесіне 14.00 са­ғатта ха­барласқанымызда, 2058 сайлау­шы­ның 50 пайызы дауыс бергенін білдік. №50 сайлау учаскесінде ТМД бай­қау­шылар миссиясының мүшесі Гүлсім Кержіковамен кездесудің сәті түсті. Ха­лықаралық байқаушы сайлаудың өтуін байқауға Ресейден екі делегация келгенін, өзі құрамында бар Саратов облы­сынан 16 байқаушы қатысып отырға­нын жеткізді. Ол күндізгі сағат 11-ге дейін-ақ осында дауыс беретіндердің 50 пайызы өз таңдауларын жасап үлгер­ге­ніне ризашылығын жасырмады. «Қазақстан Республикасы Президен­ті­нің кезектен тыс сайлауын бақылау жө­ніндегі республикалық қоғамдық ко­мис­сия» республикалық қоғамдық бір­лестігінің орталық штабы облыстық фи­лиалының төрағасы Халел Құ­сайы­новқа жолыққанымызда, өзінің қала­да­ғы бір­қатар сайлау учаскелерінде бол­ға­нын, саяси шараның Конституциялық та­лаптарға және демократиялық қағи­дат­тарға сай өтіп жатқанын тілге тиек етті. АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ Сәуірдің 3-і күнгі жексенбіні талды­қорғандықтар асыға күткендей. Көктем­нің ақ жауыны себелеп, аспаннан нұр құй­­ғандай. Ауа райының өзгергеніне қа­рамастан көше бойлап, сайлау учаскелеріне беттеген үлкен мен кішінің жүздері жарқын. Бір-бірімен әзілдесіп, ізгі тілектерін тоғыстырған. Солардың қата­рында аза­маттық парызымызды өтеп, ел ертеңі үшін дауыс беруге шаһардағы № 9 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне келдік. Таңертеңгі сағат 7-ні күткендер қа­та­ры едәуір. Сәлден соң мемлекетіміздің әнұраны шырқалды. Сайлаушылар қо­сылып, рухты көтеріп, әр жүрекке нұр сыйлаған ән әуені зал ішін кернеп кетті. Бұдан кейін № 883 сайлау учаскесінің төрайымы Сәлима Мәмлеева жинал­ған­дарды өз құқықтары мен бостандық­тарының кепілі болған ел өміріндегі ерекше күнмен құттықтады. Кезекте тұрғандар өз аты-жөндерінің алфавиттік орналасуымен бюллетень алып, арнайы жабық орында таңдау­ла­рын жасап жатты. Соғыс және еңбек ардагері Жақанбай Әбішовпен тілдестік. – Бүгінгі бақытты өмір Отан үшін от кешкен мен тәрізді аға ұрпақтың жан­қиярлық еңбегімен, қанымен келді. Қа­зақстан егемен ел атанып, тәуелсіздіктің 20 жылындағы шыққан биік пен та­быс­ты бүгінгі халықтың әлеуметтік жа­ғы­нан қорғалуымен өлшеуге болады. Ал­ғаш­қылар қатарында дауыс бердім. Таң­дауым нақты. Ұрпағымның ертеңгі ба­қыт­ты өмірі үшін дауыс бердім. Ол берік қолда екеніне сенімдімін. Өлім мен өмір белдескенде де Отаныма деген азамат­тық борышымнан ажыраған жоқ­пын. Жасым сексеннен асқанда да мен үшін елімнің тыныштығы мен гүл­де­нуінен асқан бақыт жоқ, – деді Жа­қан­бай қария. Бұдан соң І.Жансүгіров атындағы мә­дениет сарайына орналасқан № 872 сайлау учаскесіне келдік. Мұнда да кезек күтіп, дауыс беруге жиналғандар қа­тары көп. Сайлауға алғаш қатысқан 18 жас­та­ғы Евгений Березовой, сайлаушы Ба­қыт­жан Амиров және басқалары өз кан­ди­даттары үшін дауыс бергендерін айтты. Тек, Талдықорған қаласында ға­на 45 сай­лау учаскесі бар десек, осы күн­гі ха­лық­тың ерекше белсенділігіне куә болдық. Облыстық сайлау комиссиясының төр­ағасы Шырақбай Жылқайдаров елі­міздің болашағын айқындайтын 3 сәу­ірдегі кезектен тыс президент сайлауы­ның өтуі жайлы әңгімеледі. – Өңірде 911 сайлау учаскесі жұмыс жа­сауда. Жалпы сайлаушылар 877877 адам­ды құрады. Сонымен қатар 1073 байқаушы тіркелген. Олардың құра­мын­да шет елдік және саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері бар. Сайлау  жариялылықтың жо­ғары деңгей­ін­де өтуде деуге толық негіз бар. Тағы бір айтатыным, өзіңіз көр­гендей, биылғы президент сайлауына деген халықтың ерекше белсенділігін айтуға болады. Жастар да жігерлілігімен ерекшеленді. Мұ­ны соңғы кездердегі әлеуметтік жағ­дайдың, саяси сенім­нің беріктігімен бай­ланыстырсақ қате­лес­пейміз. Үміткерлер де белсенділігімен танылып, өз мүм­кін­діктерін барын­ша пайдаланды. Жария­лы­лық кең етек алған президент сай­ла­уына жалпы ха­лықтың ерекше ұйым­шыл­дықпен қаты­су­ын осы алғы­шарт­тар­дан іздеген жөн, – деді Ш.Жылқайдаров. Иә, жетісулықтар өздерінің Ата Заң­да көрсетілген өз құқықтарын пайда­ла­нуға осылай баға берді. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыт­тарын айқындайтын ең лауазымды тұл­ға – Қазақстан Республикасының Президенті екеніне назар аударған олар нақты таңдау жасады. АТЫРАУ Атырау қаласынан 70 шақырымнан астам қашықта орналасқан Каспий қай­раңындағы Қашаған кенішіне не тік­ұшақ, не жүрдек су көлігі ғана қа­ты­найды. Қашаған кенішінен «қара ал­тын» алу қамына бекем бел буған бұр­ғышылар, техниктер, құрылысшылар секілді сан-салалы мамандық иелері қайраңдағы жұмыс орнына дәл осындай көліктермен жетеді. Алайда, теңіз тө­ріндегі жұмысшылар үшін сенбі, жексенбілік демалыста да, мерекеде де жұмыс тоқтамайды. Қашағанда өнер­кә­сіптік-тәжірибелік бағытта бұрғылау жүр­гізу мақсатымен бес жасанды арал дайындалған. Тікұшақтан қарағанда жа­санды аралдар әдемі көрінеді. Сол аралдардың ішіндегі ірісі –«Д» аралы. Мұнда еліміздің әр өңірінен 3000-нан аса қазақстандық жұмысқа тартылған. Арнайы жұмыс киімімен жүрген арал­дағы жұмысшылардың бірі, оператор Асылбек Ыдырысов «Сайлау комис­сия­сының мүшелерін тағатсыздана тостық. Теңіз табиғаты құбылмалы. Қатты жел тұрып, жаңбыр жаууы, тіпті тұман түсуі де мүмкін. Теңіз бетінде толқын ойнаса, тікұшақ ұшпай қалуы да мүмкін. Дегенмен, бүгінгі ауа райының ашық, жылы болуы, желдің жоқтығы біздің қаупі­міз­ді сейілтті», дейді. Каспий қайраңында жұмыс жасай­тын қазақстандықтар екі сайлау учаскесіне тіркелген. «Д» аралына сайлау ко­миссиясының мүшелері сайлау бюллетеньдерін тікұшақпен жеткізді. Сөйтіп, жұмысшылардың жұмыс орнында мерзімінен бұрын өткізілген президент сай­лауына дауыс беруіне мүмкіндік жасал­ды. Жұмыс уақытша тоқтатылды. Дау­ыс беру үшін арнайы орындар жасақ­талыпты. Сайлау бюллетеньдері салы­на­­тын арнайы жәшік те әкелінді. – Бүгін сайлауға бірінші рет қа­ты­сып, дауыс бердім. Бұл – менің өмі­рімде есте сақталатын сайлау, – дейді жасанды аралға тікұшақ келіп қонғанша алаңдаған жастардың бірі, құбыр құ­растырушы Сағидолла Хайрошев. Алғаш рет дауыс беруші жастар мұн­да көп екен. Жайғастырушы маман­дығымен еңбек ететін Александр Краснобродский де алғаш рет дауыс беруі мемлекет басшысын таңдаудағы сай­лау­ға қатысуымен сәйкес келгеніне қуа­на­ды. Қазақстандық жұмысшылардың қай-қайсысы да елдің келешегі үшін, отандық экономиканың өркендей беруі үшін таңдау жасағанын айтады. – Қазақстанда барлық сала қар­қын­ды дамып келеді. Әсіресе, мұнай-газ өнеркәсібінің келешегі кемел. Бұрын тек құрлықтан ғана мұнай өндіріп келсек, енді Каспий теңізінен де «қара алтын» алуға қам жасап жатырмыз. Ос­ындай үлкен жобада жұмыс жасайтын қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттігі қуантады. Бүгін, міне, үйі­міз­ден алыста, Каспий теңізінің орта­сын­да жұмыс жасап жүрсек те, мемлекет басшысын сайлауда өз таңдауы­мызды білдіре алдық, – дейді инженер Рүстем Дүйісқалиев. «Д» аралындағы дауыс беру көп уа­қыт алған жоқ. Түске таман аралдағы соң­ғы дауыс беруші бюллетені жәшікке салынысымен, сайлау комиссиясының мүшелері тікұшақпен «А» аралын бетке алып ұшып кетті. Оларды «А» ара­лын­да 130 сайлаушы күтіп отырған еді. БАТЫС ҚАЗАҚСТАН Сайлауда дауыс берудің басталар сәті жергілікті уақыт бойынша таңғы 7-00-ге белгіленген болатын. Осы мерзімнен жарты сағат бұрын Орал қала­сындағы № 478 сайлау учаскесіне келген қос қария комиссия төрайымы Марьям Стамқұлованың назарын бірден аударды. Екеуі бірін-бірі демеп, сүйе­мел­деп келеді. Әрі ертерек емес пе деген сауалға қарақтарым, сайлауға ерте келу біздің бойымызда бұрыннан қа­лып­тасқан. Бұл жолғы президенттік сай­лаудың орны біз үшін тіптен ай­рықша. Ерте келіп қалсақ, ештеңе етпейді. Күте тұрамыз, деп жауап берді өзін Дәмеш Жұмағазиева деп таныс­тыр­ған ақ шашты әже. Уақыт пен тәртіпке дағдыланған, оны жоғары бағалай білетін, аға буын өкілдері-ай, десеңізші! Аталған учаске бұл күнге жан-жақты тыңғылықты әзірлікпен келгені көрініп-ақ тұр. Қай жаққа қарасаңыз да ұқыпты қолдардың, жинақылық пен құнтты­лық­тың іздерін байқайсыз. Бұдан соң Әб­іл­қайыр хан даңғылының бойындағы № 497 сайлау учаскесіне келдік. Сағат тілі ертеңгі 9.40-ты көрсетіп тұр. Мұнда дауыс берушілердің кезегі пайда болға­ны­на куә болдық. «УральскДорСтрой» АҚ-тың ғимаратында орналасқан учаскелік комиссия төрағасы Игорь Ли­си­цынды қиналмай тауып алдық. Әрине журналистік әуестікпен оған дауыс беру барысы қалай деген сауал тастадық. – Осыған дейінгі өткізілген сайлауларда да комиссияның төрағасы болып едім. Сол тәжірибем ескерілді ме, осы жолы облыстық сайлау комиссиясы та­ра­пынан тағы да осындай ұсыныс жа­сал­ды. Оған көп ойланбастан келісім бер­дім. Бізде 2600 сайлаушы тіркелген. Олардың белсенділігі бұған дейінгі сайлаулармен салыстыра қарағанда жоғары екені бай­қа­лады. Осыған мерейіміз өсіп тұрған жәйі бар. Бүгінгі ерекшелік, сай­лауға ешкімді күштеп әкеле алмайсың. Дауыс беру әркімнің өз еркі. Бұл жолы отан­дас­та­рымыздың бойындағы азамат­тық парыз делінетін биік жауапкершілік пен адами асқақ сезімнің тереңдей түс­кеніне куәміз, – деп ағынан жарылды Игорь Борисович. Сондай-ақ аталған учаскеде қырық адамға өз мекен-жайлары бойынша дау­ыс бергізу ұйымдастырылған екен. Олар – өздігінен жүре алмайтын мүге­дек жандар, жасы ұлғайған қариялар. Бұл құрамда сайлау учаскесінің қыз­мет­керлерімен бірге байқаушылар өкілдері де бар, дейді комиссия төрағасының орынбасары Никита Цыбырна. Сонымен бірге біз Орал қала­сын­дағы № 470, № 478 және № 497 сайлау учаскелерінде болғанымызда мұндағы қоғамдық байқаушылар мен президенттікке кандидаттардың сенген өкіл­де­рі­мен және кезектен тыс президенттік сай­лау барысын бақылау жөніндегі рес­публикалық қоғамдық комиссиялар мү­шелерімен де аз-кем тіл қатысқан едік. Олардың қатарында Мақсот Батыров, Алтынай Есқалиева, Надежда Лучинина, Индира Мұқатова сынды сайлаудың қырағы көздері бар. Бұлардың қай-қайсысы да бізге дауыс беру республикада қабылданған заңдылықтар мен ере­желерге сәйкес өз деңгейі мен арна­сында өтіп жатқанын мәлімдеді. Мұндайда, әрине, сайлау учаскелерінен дауыс беріп шыққан азаматтардан кімге дауыс бердіңіз деп сұрау сайлау жөніндегі тәртіпке де, журналистік эти­каға да сыйымды бола қоймауы мүмкін. Өйткені бұл әркімнің өз құқы екені белгілі. Дегенмен, журналистік дағды мен әуестік жеңіп кеткен сәттер де болды. Сонда бізге Жолдасқали Құрмашев есімді Орал қаласының тұрғыны бы­лай­ша жауап қайтарды. Мен қазір төрт президенттікке кандидаттың арасынан дәл кімге дауыс бергенімді жария жасамай-ақ қояйын. Дегенмен сауалыңызға орай мен ел Конституциясына, конститу­ция­лық нормалар мен заңға дауыс бердім деп есептеймін. Өйткені біз консти­ту­ция­лық заңмен өмір сүріп, еңбек етіп келеміз ғой. Бүгінгі президенттік сайлау да, конституциялық нормаларды сақтау мен оның сақталуының басты көрінісі деп есептеймін. Бұл да құлақ қоюға, құптауға тұ­рар­лық пікір ме деп қалдық. Фоторепортаж: сайлау сәттері Ақжайықта сәуірдің кешегі ақ та­ңы арайлап атты. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Кешігіп келген көктем дәл кешегі күні ғана нұрын мейірлене төкті. Осы күн шуағы адамдардың кө­те­ріңкі көңіл-күйімен жарасым тауып тұрды. Дауыс беруге Орал қаласының тұрғы­ны, қос перзенттің анасы Райгүл Масалимова да ерте жиналды. Жасы бірден енді ғана асқан Арайды көтеріп алып сайлау учаскесіне жиналып жат­қан­да 6-ға келген қызы Әсел мен көр­шінің баласы Мүсілім: Апа, біз де ба­райық­шы сайлауға дегені. Ана олар­дың тілектерін қайтара алмады. Жү­рің­дер, ендеше. Ертең сендер де өсіп, дау­ыс бере­сіңдер, деді оларға мейірлене қарап. Наурыздың аяғы мен сәуірдің ба­сын­дағы күндерде Орал қаласында еркін және грек-рим күресі бойынша тәу­елсіздіктің жиырма жылдығына орай республикалық көктемгі спартакиада өткізілген болатын. Осы шара­ның ба­сы-қасында жүрген, қазақ спорты­ның майталманы Дәулет Тұр­лы­хановты Орал қаласындағы № 470 сайлау учаскесінен кездестірдік. Ол қашанғы дағ­дысынша сергек те сезімтал қалпында екен. Дауыс беріп шыққан спорт қайраткеріне бірер сауал тастадық. – Дәуке, кімге дауыс беріп шық­қа­ныңызды білуге болмас па екен? – Неге болмасын, әбден болады. Іссапарда жүруіме байланысты маған пре­зиденттік сайлауда оған дауыс беру Орал қаласынан бұйырыпты. Сайлау ту­ралы заңға сәйкес іссапарда, дема­лыс­та, емделуде жүрген азамат­тардың бәрі осылай істей алады. Кімге дауыс бердіңіз дедіңіз бе? Әрине, Назар­ба­ев­қа. Нұрсұлтан Әбішұлы спорттағы біз­дің барлық жеңістері­міз­дің дем берушісі, тікелей қол­дау­шысы. Үлкен спорт – елдіктің белгісі. Мемлекеттіліктің кө­рі­нісі. Осы ар­қылы да Қазақстан бү­гін­де бүкіл әлемге таныла бастады, – деді спорт саңлағы ашық-жарқын үнмен. – Қызым-ау, демеп жіберші, мені, баспалдақтан жоғары қарай. Дауыс беруден кешігіп қалып жүрмейік. Ерте бітірген дұрыс қой бұл істі. Сонда ғана көңіліміз орнығар, – деп тап-таза пейілі мен көңілін ала кірді сайлау учаскесіне бір анамыз. Міне, осылайша арайлап атқан сә­у­ір­дің ақ таңында, жүздеген, мыңдаған оралдықтар сайлау учаскелеріне ағы­лып келіп жатты. Күннің нұры мен көңілдердің нұры бір-бірімен ұштас­қан, тоғысқан сәттер-ай десеңізші! Суреттерді түсірген  Рафхат ХАЛЕЛОВ. ЖАМБЫЛ Жексенбіге қараған түн қарлы бол­ды. Оңтүстіктің жаңбыр аралас қары кә­дімгі. Ақ ұлпаға оранған талдар бей­кү­нә томпия қалыпты. Ауа бұлақ суындай таза, жұта бергің келеді. Талдың қай бұ­тағында отырғаны белгісіз бір құс, бәл­кім қараторғай, өз тілінде таң хабарын білдіріп, қырағыттай сайрап қояды. Оған көп ұзамай №33 сайлау бө­лім­шесінен естілген ән мен күй әуені ұл­асты. Таңғы сағат жетіге он бес минөт қалғанда келсек, бірінші болып дауыс беруден үмітті адамдардың қарасы кө­бей­іп қа­лып­ты. Сағат тілі жетіні соқ­қан­да, бөлімше ішінде еліміздің Әнұ­ра­ны шырқалып, төр­аға Ғалым Ағысов сайлаушыларды құт­тықтап, ел тағдыры жолындағы сай­лау­да өз таңдауларын жасауға рұқсат берді. Ең алғашқы болып №13 мектептің 11-сынып оқушысы, 18 жастағы Еркін Құр­банов дауыс берді. Төраға оның Пре­зидент сайлауына алғаш рет қаты­сып, өз таңдауын жасауымен құттықтап, сыйлық тапсырды. Одан кейін екінші, үшінші сайлаушыларға құрмет көрсетілді. Бұл бөлімшеге 1127 сайлаушы тіркелген. «Сайлаушылар сайлауға қатыс­пайды» деген сөз бекер екен, жасы бар, жасамысы бар қарлы таңның салқын лебіне қарамастан сайлау бөлімшесіне қарай ағылуда. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев та өзі тіркелген №37 сайлау бөлімшесіне келіп, таңдауын жасады. Сонымен бірге ол сайлау бөлімшесі алдындағы шағын жәрмеңкені аралап көрді. Баға саясатын тұрақтандыру мақсатында облыс орта­лығында ақпан айынан бері азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп келе жатқаны белгілі. Бұл дәстүр Президент сайлауы кезінде де жалғасын тауып, таңдау жа­са­ған сайлаушылардың үйіне арзан азық-түлік сатып ала қайтуына да жағдай жасалыпты. Дұрыс ойластырылған. – Қанат Алдабергенұлы, сіз кімге дау­ыс бердіңіз? – деген сауалымызға об­лыс әкімі: Еліміздегі саяси тұрақ­ты­лық пен экономикалық қарқынды да­му­ға дау­ыс бердім, – деп нақты жауап берді. Бұл кезде таң ағарып атып қалған. Адамдар легі бұрынғыдан да көбейе түсіпті. Сағат тілі он жарымда сайлау­шылардың 30%-ы дауыс берді. Таңғы дауыс алысқа естіледі. Қазақ елінің үні де ақ ұлпаға оранған тал­дар­дың бұтағына қонақтаған анау қара­тор­ғайдың ғажайып үніндей әлем назарын өзіне қаратып, тамсандыра берсе екен. Фоторепортаж: сайлау сәттері Қарабұлақ, Қа­ра­мұрт секілді ауыл­­дарында отыз мың­дық халқы бар Сайрам ауданының ор­талығы Ақсукентте таңғы сағат жетіде-ақ сайлаушылар сай­лау учаскелеріне келе бастады. Ау­дан­ның қадірлі қа­рияларының бірі, “Бау­ырмал” сый­лы­ғының иегері Каримжан Юсупалиев алғашқы болып таң­дауын жасады. Бата берді. “Қа­зақ­стан – ондаған ұлттар мен ұлыстарға атамекен бо­лып отыр­ған Отаны. Бір қолдың сала­сындай, бір үйдің бала­сындай болып отырған осы елге керегі жақсы өмір мен бейбітшілік, тұрақ­ты­лық”, дейді қария. Он сегізге толғанына екі күн ғана болған Әлібек Игісінов те қуанышты. – Бізге, жастарға, Отанымыздың бо­­ла­шағы бүгінгіден де мықты бол­ға­ны керек. Бұл жайлы Елбасымыздың ха­лық­қа Жолдауында анық айтылған. Мен бүгін таңдау жасауда қателескен жоқп­ын деп ойлаймын,– дейді ең жас сайлаушы. Шымкентке оралдық. №5 сайлау учас­кесінде екі бүлдіршінін ерткен ерлі-зайыпты Әбибулла мен Шарипа Қа­лым­бетовтер дауыс беріп жатыр. – Былайғы жұрт Әділ мен Әсемді көріп: “Немерелерің бе”, деп сұрайды. Құдайға шүкір, немерелеріміз бар ғой, мына қос құлынымыз біздің елуге жа­қындағанда көрген қызығымыз, – дейді Әбекең. – Дауыс беруге жиналып жат­сақ Әділ: “Мен де “Алға, Қазақстанға дауыс беремін”, деп тұрып алды. Оған Әсем қосылды. Оңтүстік Қазақстан Медицина ака­демиясының ғимаратындағы сайлау учас­­­кесіне бас сұқтық. Адам қарасы аздау. 827 сайлаушының жартысы дауыс беріп үлгерген. Ордабасы ауданынан сыралғы дос, аудандық емхананың бас дәрігері Болат Сағымбеков, журналист Ғалымжан Зия­бек телефон шалды. Сайлау учаскелерін аралап жүргендерін айтады. “Ха­лықтың көңіл-күйі көтеріңкі.